ЖИЫН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА АРНАЛДЫ

353

Түркістан қаласының прокуратурасы мен Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және оларға мемлекеттік қолдау көрсетудің өзекті мәселелері» тақырыбында бірлескен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге қала прокуратурасы, қала әкімдігі мен дербес бөлімдері, департаменттер және басқармалармен қатар қаланың бизнес өкілдері шақырылып, 30-ға  жуық кәсіпкерлер қатысты.

Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғалы прокуратура 4 жылда 6 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаған. Олардың арасында өрескел заң бұзушылықтар жасағандары да жасырын емес. Дәлірек айтсақ, өңірде 11 кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тартылса, 8 кәсіпкерге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беруден негізсіз бас тартылған, ал 6 кәсіпкердің өтінішін қарау созбалаңға салынған. Кездесу барысында осы және өзге де мәселеге қатысты түрлі уәкілетті мемлекеттік орган өкілдері сөз сөйлеп, кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын қорғау бағытында атқарған жұмыстары, бизнеске қолдау көрсетудегі өзекті мәселелер талқыланды.

«Біз ел Президенті Қ.Тоқаевтың бизнесті қолдау саясатын тікелей Түркістан қаласы аймағында жүргіземіз. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектесеміз. Салықтарға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Әсем қаламыздың туризм саласын дамытуға бірге атсалысамыз. Қаржылай көмек ретінде мемлекеттің арнайы бағдарламалары және қайтарымсыз несие бар. «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант 1 миллион 200 теңгеден 273 кәсіпкерге несие беріледі. Одан бөлек, «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы және  бизнес жол картасы аясында, сонымен қатар Керуен Сарай және экобазар кешендерінде сауда жасайтын кәсіпкерлерге 4 пайызбен несие беріледі», — дейді Түркістан қаласы әкімдігінің бизнесті және туризімді қолдау бөлімінің басшысы Талғат Алпысбайұлы.

Жиын соңында бизнес өкілдерінің нақты мәселелері тыңдалып, олардың уәждері бойынша заңнама талаптары түсіндіріліп, жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырмалар берілді.