ORDABASY: ТӨРЕАРЫҚ АУЫЛЫНА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ
Бүгін Ордабасы ауданы, Қараспан ауыл округіне қарасты Төреарық елді мекеніне газ құбырын жүргізу құрылысы аяқталып, іске қосылды.
Мердігер «Компания ГазСтрой» ЖШС мекемесі 2021 жылы бастаған жоба биыл аяқталып, жалпы ұзындығы 10,059 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 221-ге жуық абонетке газ жеткізілді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков арнайы келіп, газ жүргізу жүйесінің іске қосылғандығымен құттықтады.
– Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауылдарымызда да қаладағыдай жағдай жасалуда. Алда ауылдағы тұрғындар қатты отын тұтынудан арылып, таза, табиғи газ тұтынады. Осы орайда баршаңызды газ құрылысының іске қосылуымен құттықтаймын, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары, халық қалаулылары көгілдір отынның алауын жағып ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісті.
Айта кетейік, аудан бойынша 57 елді мекеннің табиғи газбен қамту деңгейі 61,4 % табиғи газбен қамтылып отыр. (жалпы 35 е.м. қамтылды). Сонымен қатар, Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы 4 кезеңмен іске асырылуда. 4-нысан 2025 жылы аяқталмақ.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі