ТҮРКІСТАНДА «ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАШЫҒЫ» ТУРИСТІК КЕШЕНІ САЛЫНУДА

27

Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жаңа туристік нысан – «Қолөнершілер қалашығы» бой көтеруде.

Бұл жоба 2023 жылы «Sun Holiday» ЖШС бастамасымен қолға алынып, құрылыс жұмыстарын «Pana Qurylys Group» ЖШС жүзеге асыруда. Жалпы аумағы 2,3 гектарды, ал нысан құрылысы 1,5 гектар аумақты қамтиды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында толық аяқталып, кешен пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны 5,52 млрд теңгені құрайды.

«Қолөнершілер қалашығы» – дәстүр мен туризм тоғысқан бірегей жоба

Туристік кешен 8 негізгі бөліктен тұрады:

  • 20 шеберхана – қолөнершілер өз бұйымдарын жасап, келушілерге шеберлік сабақтарын өткізетін орын (ауданы 4838 м²);
  • 2 шоурум – шеберлер туындыларын таныстыратын арнайы алаң;
  • Көрме залы – дәстүрлі қолөнер үлгілері мен тарихи жәдігерлер қойылатын кеңістік (ауданы 498 м²);
  • 3 мейрамхана – ұлттық тағамдар ұсынылатын орындар (ауданы 4650 м²);
  • Жоғары санатты қонақ үй – үш қабатты заманауи кешен (ауданы 9860 м²);
  • Шығыс базары – ұлттық нақыштағы сауда алаңы (ауданы 1440 м²);
  • Орталық алаң – субұрқақтары бар, түрлі мәдени іс-шаралар өтетін орын (ауданы 900 м²);
  • Шатырлы террассалар – демалыс аймағы болады. (ауданы 1197 м²).

Айта кетейік, Түркістан қаласында 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан Балалар қолөнер мектебі де өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға өз үлесін қосуда. Мектеп ағашты көркемдеп өңдеу, зергерлік, керамика және мүсін, тоқыма және гобелен, тігін және дизайн, тері және былғары, сурет және кескіндеме бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Бұл мектеп көптеген дарынды жастарды тәрбиелеп, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беруде.

«Қолөнершілер қалашығы» тек жергілікті қолөнер шеберлері үшін ғана емес, сондай-ақ туристер үшін де тартымды орынға айналады. Мұнда ұлттық мәдениетті дәріптеу, дәстүрлі қолөнерді жандандыру және аймақтың туристік әлеуетін арттыру басты мақсат етілген.

Жаңа туристік кешен Түркістанның мәдени келбетін байытып, өңірге келушілер санының артуына ықпал етпек.