ПОЛИЦЕЙЛЕР ТҰРҒЫННАН 70-ТЕН АСТАМ ТҮП ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕДІ

234

Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, Сауран ауданының аумағында құрамында есірткі заты бар өсімдік егудің кезекті дерегін анықтады.

Нақтырақ айтсақ, Сауран ауданының тұрғыны тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірді деген күдікпен анықталды.

Тәртіп сақшылары ауыл тұрғынын тінту кезінде ауласынан қарасораға ұқсас 70-тен астам есірткі түптерін тапты. Сондай-ақ күдіктінің сарайынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар қағаз орама тәркіленді. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес есірткі заттары «марихуана» болып шықты.

Бұл факт ҚР ҚК 296-бабы «Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу» және ҚР ҚК 300-бабы «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.