ОТЫРАР АУДАНЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРГЕ 12 БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫН ҚОЮ ЖОСПАРЛАНУДА

222

Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Ермек Усербаевтің ұйымдастыруымен адами әлеуетті дамыту бөлімінде кездесу өтті. Іс-шараға аудан полицейлері мен білім беру саласының басшы құрамы, мәслихат депутаты мен Жастар орталығының өкілі қатысты.

Кездесудің басты мақсаты — мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарының алдын алу, болдырмау шараларын талқылау. Сондай-ақ алдағы жаз айларында жасөспірімдер, оның ішінде аз қамтылған отбасынан шыққан және есепте тұратындармен профилактикалық жұмыстар атқару.

Мәселен алдағы маусым айында 600-ден астам жасөспірімді облыстың таулы аймақтарындағы лагерлерге, спорт клубтарына тарту жоспарлануда. Олардың қауіпсіздігі басты орында! Сонымен қатар ауданның бас полицейі Е.Усербаев, жаңа оқу жылында ауданда орналасқан мектептерге 12 жаңа бейнебақылау қойылып, жедел басқару орталығына қосылатынын жеткізді. Оған қоса жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында, білім ошақтарына жеке күзет қойылатыны айтылды.

Сондықтан Отырар ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі, ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы» мен полиция арасында бірлескен жоспар құрылып, жұмыс одан әрі жандандырылады.