ПОЛИЦИЯ БӨТЕННІҢ ҮЙІНЕН АҚША ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ ҚЫЗДЫ АНЫҚТАДЫ

409

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, пәтерінен ақша ұрланғанын жеткізді. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу оның кіреберіс есігін бұзып ашып, қонақ бөлмеде тұрған 1 200 000 теңге ақшасын жымқырып кеткен.

Полиция қылмысты ашу мақсатында оқиға орнына дереу шығып, жақын маңдағы аумақтарды мұқият қарады, сондай-ақ куәлардан жауап алды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қылмысқа қатысты адамды анықтады. Ол Жетісай қаласының тұрғыны, жас қыз болып шықты.

Қазіргі уақытта осы факті ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Күдіктіден заттай дәлел ретінде ұрлаған ақшаның бір бөлігі тәркіленді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және өз мүліктері мен үйлерін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Тұрғындар тарапынан мүмкіндігінше темір есіктер, терезелерге торлар орнатылып, мүлікті сақтау үшін басқа да шаралар қабылдануы керек.