ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

132

Қазақстандатұрғындар енді сенімхаттарды «eGov Mobile» арқылы онлайн форматта рәсімдей алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Шымкент қаласына келген жұмыс сапары кезінде жергілікті тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.

Әділет министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, азаматтарға нотариаттық қызметтер алуды айтарлықтай жеңілдететін «Цифрлық нотариат» жобасын таныстырды. Осылайша, Қазақстан нотариаттық іс-қимылдың осы түрін цифрлық форматқа көшірген әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бүгінгі таңда сенімхаттың нотариалды куәландыруы тек Франция мен Литвада онлайн режимде қолжетімді екен.

– Егер бұрын сенімхатты ресімдеуде құжатқа қол қою және нотариус куәландыру үшін клиенттің жеке қатысуы талап етілсе, енді нотариаттық сенімхат азаматтарға «eGov Mobile» арқылы қолжетімді. Ал болашақта ол бірқатар банктік қосымшада да пайда болады. «Цифрлық сенімхат» онлайн режимде клиенттің нотариуспен бейнебайланысы арқылы рәсімделеді, – деп нақтылады Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының мыңнан астам тұрғыны мобильді қосымша арқылы некелерін рәсімдеген. Нақтысын айтсақ, бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы бойынша мобильді қосымша арқылы 1434 неке тіркелген. 60 мыңнан астам бала туу туралы куәлік, ЖШС-ні тіркеуге 160-қа жуық өтінім берілген. Сондай-ақ заңды тұлғалар туралы 3 мыңға жуық және жылжымайтын мүлік бойынша 200 мыңға жуық мәліметтер берілгені белгілі болды.

Осындай жаңашыл істерге тоқталған Әділет вице-министрі Әділет органдары қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, қолданыстағы заңнама аясындағы өзгерістерді атап өтті. «2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елде Конституциялық сот жұмыс істейді. Енді Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің барлық азаматтары аталған сотқа жүгіне алады», – деді Бекболат Серікұлы.

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік «Digital Justice» жобаларының портфелін – «Цифрлық нотариат», «Е-заң көмек», «Аттестаттау реинжинирингі», «Е-атқарушылық іс жүргізу», «Онлайн дауыс беру және осьті тіркеу» бастамаларын қамтитын «Цифрлық Әділет» жобасын іске асыруда. Сондай-ақ смартфондардан мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі артқан. Қазір мобильді қосымшаларда 32 қызмет бар, оның 28-і «eGov Mobile» арқылы іске асырылады және 4 қызмет екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді.

Іс-шара барысында вице-министр қала тұрғындарының сот актілерінің орындалуына, алимент өндіру, жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша, мұрагерлік істі жүргізу тәртібі туралы сұрақтарына жауап беріп, адвокаттық және нотариаттық қызметке қатысты мәселелерді талқыланды. Сондай-ақ вице-министр БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.