САУД АРАБИЯ: «RIYADH TRAVEL FAIR 2023» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНДЕ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

201

Бүгін Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан халықаралық туризм көрмесіне шымкенттік туристік компаниялар қатысуда. 22 мамырдан бастау алған үш күндік «Riyadh Travel Fair 2023» атты туристік жәрмеңкеге әлемнің кез-келген нүктесінен саяхатшылар жиналды.

Мұндағы алып алаңда Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы мен отандық туроператорлар Шымқаланың жаңа келбетін таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі, Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы және тағы басқа да қазақстандық делегация Эр-Риядтағы өзге елден келген негізгі турагенттер және туроператорларымен b2b кездесулер өткізіп жатыр.

Көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен туризм және авиация саласындағы түрлі ірі компаниялардың өкілдерімен бірге 24 мыңнан астам адам қатысты деп хабарлануда.
Айта кету керек, Сауд Арабиясынан Қазақстанға келушілер саны 2022 жылы күрт өсті. Егер бұрын Қазақстанға 900-дан астам саяхатшы келсе, өткен жылы олардың саны 6 мың адамға дейін жетті.

Бұл тікелей рейстердің, визасыз режимнің, сондай-ақ бұрын өткізілген b2b кездесулердің арқасында Сауд Арабиясы азаматтарының Қазақстанға сапарлауға қызығушылықтың артуы болып саналады. Сонымен қатар Қазақстан мен Сауд Арабиясы қаржы және инвестиция саласындағы екі жақты байланыстың ауқымы жыл сайын артып келеді.