ЖАҢАЛЫҚҚА ТОЛЫ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МАУСЫМ

229

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры мерейтойлық маусымын Қ.Исаевтың «Саяхатшы тасбақа» қойылымымен қорытындылады. Өскелең ұрпаққа мейірімділік, бауырмалдық, жанашырлық, қайсарлық пен табандылық сынды қасиеттердің маңызын дәріптейтін, тәрбиелік мәні зор қойылым Алматы қаласында өткен «Ортеке» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде көрермен көзайымына айналып, жоғары бағасын алған.

Қырық жылдық тарихы бар, тамыры терең, тағылымы ұштасқан театр ұжымы қуыршақтар әлемі тек балдырғандарға ғана емес, жасөспірімдер мен жастарға да берері мол мәдени ошақ екенін дәлелдеп келеді. Мәселен, биыл 17 мыңнан астам көрерменге 200-ден аса спектакль сахналаныпты. Ал, оның алтауы —театр қоржынына қосылған жаңа қойылым.
– Биыл тұсаукесері өткен 6 қойылымның үшеуі қуыршақ бағытында болса, үшеуі — жасөспірімдерге арналған туынды. Театрдың бар мүмкіндігін пайдаланып, сахнаға жаңа леп әкелу үшін 4 қойылымға өзге өңірден режиссер шақырдық. Кәсіби қуыршақ өнерін дамыту, дарынды әртістер мен режиссерлерді даярлау, қуыршақ өнері актерлерінің кәсіби және орындаушылық шеберлік деңгейін арттыру, сондай-ақ, отандық қуыршақ өнерінің әлемдік аренаға шығуына жағдай жасау – басты мақсатымыз. Осы ниетіміз орындалып, халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестиваліне қатысып қайттық. Екі аталым бойынша үздік деп танылдық: бірі— «Балаларға арналған үздік қойылым», екіншісі — «Үздік драматургия» номинациясы, – дейді театр директоры Самат Алтай.
Әлем елдері арасында қуыршақ өнерін насихаттап, тәжірибе алмасудың алтын көпіріне айналған биылғы фестивальде Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Түркия, Тәжікстан, Италия, Тунис, Бельгия, Босния және Герцеговина сынды елдермен қатар еліміздің қуыршақ театрлары да үздік туындыларын ұсынған.
– Бұл фестивальдің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда арнайы номинация жеңімпаздарын Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» жанынан құрылған театр студиясының алғашқы түлектері, яғни балалар анықтады. Олар – 7-14 жас аралығындағы өнерпаздар. Нәтижесінде Қазақстанның қуыршақ театры әлемдік ұжымдармен достық қарым-қатынас орнатып, өнер кеңістігінде тәжірибе алмасты. Жалпы қуыршақ театрының басты көрермені – балалар. Театрға келген баланың болашағы баянды, келешегі кемел болады. Өйткені қойылымдар оларды отансүйгіштікке, бір-бірін құрметтеуге, адамдарды жақсы көруге, табиғатты аялауға үйретеді, – дейді театр басшысы.
Театрдың келесі маусымға да жоспары түзілген, мақсаты — айқын. Түрлі фестивалдерден шабыт пен серпіліс алған театр ұжымы алдағы маусымда классикалық шығармаларды сахналамақ. Бүгінде ұжым Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек», Гауфтың «Карлик Нос» қойылымдарына қызу дайындық үстінде.