ЕСІРТКІГЕ ЕЛІККЕННІҢ ЕРТЕҢІ БҰЛЫҢҒЫР

234

Еліміздің ертеңі, бойында қайраты мен жігері бар жалынды жастардың қолында. Сондықтан, жастар арасында есірткінің алдын алу және нашақорлықпен күресу үшін қоғам болып, жұмыла кірісу қажет.

Осы мақсатта, бүгін жастар ресурстық орталығы мен Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесе отырып, профилактикалық жұмыстар атқарылды.

Яғни, жауаптылар, «Rahima Plaza» сауда орталығында есірткі заттарын насихаттау, жарнамалаудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мұнда, сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген және есірткі заттарына қызығушылығын арттыратын жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынғаны ескертілді.

Сондай-ақ, ол үшін заңға сәйкес жауапкершілік бар екені түсіндірілді. Бұдан бөлек кәсіпкерлерге жадынамалық парақшалар таратылды.

Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткі шекарадан көбіне химиялық қоспа ретінде жеке-жеке өтеді. Өндірісте қолданылатын қоспаны заңсыз жолмен қолына түсірген алаяқтар одан түрлі синтетикалық есірткі жасап шығады екен. Ал, шекарадан дәрілік химияның келуін шектеу дәрі-дәрмек өндірісін тұралатады.
Қалада бұл күрделі мәселемен күресу ешқашан бәсеңдеген емес. Жастар арасында нашақорлықтың, маскүнемдіктің және АИТВ, ЖИТС-тің алдын алу мақсатында бірнеше басқарма бірігіп, іс-шаралар жоспарын түзген. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Шымкент қаласының полиция департаменті арнайы меморандумға сәйкес, шаһардағы орта арнаулы оқу орындары мен ЖОО-лар арасында алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргүізіп келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жастар арасында түрлі деңгейдегі спорттық шаралар ұйымдастырып, оларды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға шақырады.
Психологтар есірткіге тәуелділердің басым бөлігі ата-анасымен байланысы нашар, махаббатта жолы болмаған немесе жалғыздықты ұнататын балалар екенін алға тартып отыр. Яғни, мәселенің түп-төркіні отбасындағы тәрбие мен қарым-қатынасқа келіп тіреледі. Мамандар, әсіресе, жасөспірімдермен өтпелі кезеңде жиі пікір алмасып, оның жан-дүниесіне үңілу керек екенін айтады.
Өкініштісі, біз қоғам болып бұл дерттің тек салдарымен күресіп отырмыз. Синтетикалық есірткінің таралатын ең басты көзі – зертханалар мен оны дайындайтын «химиктердің» құрықталғаны жайлы ақпарат жоқтың-қасы. Яғни, дертті түбірімен жою үшін күресті тамырын шабудан бастау керек сияқты.
Жастары есірткіге еліткен елдің болашағы – бұлыңғыр. Ұрпақ саулығы – ұлт үшін маңызды мәселенің бірі. Сондықтан бұл дертпен күресуде табандылық танытқан абзал. Есірткі оған әуес болғанның ғана мәселесі емес, ерді қауқарсыз етіп, қару ұстауға жарамсыз қылып жатса, ол ұлт үшін ұлы қасірет емес пе?!