БАТЫР АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев аудандағы Алтын және Күміс алқа иегерлерін марапаттап, төсбелгілері мен куәліктерін табыстады.
— «Еліміздегі айтулы Республика күні қарсаңында осынау жарқын мерекеде Алтын және Күміс алқа иегерлері атанып отырсыздар. Сіздерге мықты денсаулық пен отбасының амандығын, толағай табыстар мен жетістіктер, береке-бірлік шаңырақтарыңыздан шаттық, жүздеріңізден күлкі кетпесін», — деп игі тілегін білдірді аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев.
Жиында аудан бойынша 20 батыр ана марапатталса, соның 6-уы Алтын алқа, 14-і Күміс алқамен марапатталды. Сауран ауданында 2023 жылдың 3 тоқсаны бойынша әйел азаматшалардың саны — 50 073 болып, халықтың 50,7 құрап отыр. Ал, 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар отбасы — 5050 болса, Батыр аналарымыз 122, көп балалы аналар саны — 7729 құрайды. І-ІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған аналардың саны – 235 жетіп отыр. Аудан көлемінде Алтын және Күміс алқа атанып жатқан аналарымыз да жылдан жылға еселене түсуде. Қазіргі таңда Алтын алқа алған аналарымыздың саны — 494 болса, Күміс алқа алған аналарымыздың саны – 1828 құрайды.
Осынау мерекеде әр отбасының түтінін түтетіп, шаңырағын шайқалтпай, әрбір жанұяның ырыс — құты мен берекесін кіргізіп отырған асыл жандарымызды қалай қадірлесек те жарасады.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі