ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЦИФРЛЫҚ ЗАҢ ҚЫЗМЕТІ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛА ТҮСТІ

28

Шымкент қаласында заңгерлік қызметтің жаңа дәуірі басталды. Қала тұрғындары бүгінде құқықтық көмекке бұрынғыдан да оңай әрі тиімді жолмен қол жеткізіп отыр. Әділет департаментінің бастамасымен енгізілген бірқатар цифрлық шешімдер азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, заңдық дауларды жылдам шешуге ықпал етуде.

Мәселен, «Е-заң көмегі» мобильді қосымшасы мен чат-боттар арқылы халық тәулігіне 24 сағат бойы кеңес алып жүр. Бұл сервистер «E-gov» платформасында және «adilet.zan.kz» сайтында қолжетімді. Жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерген.

Нотариат саласында да тың серпін байқалады. Шымкенттегі 328 нотариус жарты жылдың ішінде 390 мыңнан астам қызмет көрсетсе, соның 15 мыңнан астамы онлайн форматта жүзеге асырылған. Бұрын жиі сынға ұшыраған атқару жазбалары да қазір автоматты түрде борышкерге SMS арқылы жеткізіліп, азаматтар қарсылығын онлайн түрде жолдай алады. Бұл қағазбастылықты қысқартып, уақытты үнемдейді.

Электронды апостиль жүйесі де кеңінен қолданылуда. АХАТ, нотариус және мемлекеттік органдар құжаттарына апостиль қою енді «Egov» арқылы оңай рәсімделеді. Бұл жаңашылдық, әсіресе, шетелге құжат жіберетіндер үшін маңызды жеңілдік.

Айта кетерлік тағы бір жаңалық – «географиялық нұсқама» ұғымының енгізілуі. Шымкент кәсіпкерлері бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, «Сайрам Нан», «Тассай ет», «Шымкент макарон» сынды брендтерді заңмен қорғауға алды. Бұл олардың өнімін нарықта танымал етіп қана қоймай, мемлекеттік қолдауға жол ашады.

Бұдан бөлек, зияткерлік меншік құқығын қорғау бағытында жүргізілген тексерулер нәтижесінде жалған өнімдерге қатысты 14 іс қозғалып, 1,6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 30 мыңнан аса контрафактілік тауар тәркіленген.

Қорыта айтқанда, Әділет департаментінің бастамалары құқықтық қызметтерді цифрлық кеңістікке көшіру арқылы шымкенттіктердің құқықтық қолжетімділігін арттырып, құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтеріп отыр.