СОТ ШЕШІМДЕРІНІҢ ОРЫНДАЛУ САПАСЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

2025 жылдың алғашқы жартысында Шымкент қаласы Әділет департаменті азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда маңызды істерге бастамашы болды. Бұл ретте, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар істерге бақылауды күшейту басты назарда тұр.
Қалада 8 мемлекеттік және 162 жеке сот орындаушы жұмыс істейді. Жарты жыл ішінде 12 800-ден астам іс автоматты түрде орындалып, мемлекет пайдасына 268 миллион теңге өндірілген. Бұл – жеке сот орындаушылар қызметіне төленетін қаражаттың 67 миллион теңгеден астамын үнемдеуге мүмкіндік берген.
Жаңа «Кабинет сторон» сервисі іске қосылып, өндіріп алушы мен борышкерге сот орындаушысымен байланыс орнату жеңілдеді. Енді олар өтінішті онлайн түрде жолдап, істің орындалу барысын жасыл және қызыл түспен белгіленген интерфейсте көре алады. Сот орындаушы 5 күн ішінде жауап бермесе, өтініш өңірлік палатаға автоматты түрде жолданады.
Әсіресе, алиментке қатысты істерге ерекше назар аударылған. Қалада 13 727 алимент өндірісі тіркелсе, биылғы жартыжылдықта 29 азамат алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тағы 121 борышкер әкімшілік жаза ретінде қамаққа алынған.
Атқарушылық құжаттарды уақтылы орындамаған 363 адам да әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл деректер борышкерге қатысты шаралардың қатаңдатылғанын және алимент өндірісі жүйелі бақылауға алынғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Әділет департаменті зияткерлік меншікке қатысты 14 құқық бұзушылықты анықтап, 17 миллион теңгеден астам сомадағы жалған өнімді заңсыз айналымнан шығарды. Бұл өнімдердің қатарында тұрмыстық химия мен тағамдық өнімдер де бар – яғни халық денсаулығына қауіп төндіретін тауарлар.
Мұндай құқықтық шаралар әділет жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталған. Әділет департаменті сот шешімдерінің уақытында орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа технологияларды енгізу арқылы халыққа ашық әрі тиімді қызмет көрсетуді жалғастырады.