ШЫМКЕНТТЕ АТА ЗАҢНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА МЕРЕКЕЛІК ЖӘНЕ ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРАЛАР ӨТЕДІ

39

2025 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай Шымкент қаласында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осыған байланысты бүгін Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы Ержан Сейтеновтің төрағалығымен өткен жиында мерекелік іс-шаралар жоспары жан-жақты талқыланды.

«Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» ұлттық жоспары аясында әзірленген өңірлік бағдарлама құқықтық сауаттылықты арттыруға, мәдени іс-шаралар мен жастар бастамаларын қолдауға, сондай-ақ белсенді ақпараттық сүйемелдеуге бағытталған.

Мерекелік бағдарлама 1 тамызда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кеңесінің Ашық есік күнімен басталады. 6–29 тамыз аралығында құқық қорғау органдарының өкілдерімен, жастармен, білім беру ұйымдары және мәдениет мекемелерінің қызметкерлерімен кездесулер, форумдар, дөңгелек үстелдер мен спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Қалалық кітапханаларда танымдық сағаттар мен кітап көрмелері ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, отбасы қолдау және дағдарыс орталықтарында тұрғындарға тегін заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіледі. Қала тұрғындары арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «TazaLike» және «Менің таза аулам» атты акциялар өтеді.

Мерекеге орай зиялы қауым, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің құттықтау челлендждері әлеуметтік желілер мен телеарналар арқылы ұсынылады.

Конституция күніне арналған басты мерекелік іс-шара Шымкенттегі «Қызғалдақ» сарайында өтеді. Сонымен қатар, қаланың бес ауданында мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Бұл бастамалар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және жастар арасында патриоттық рухты дамытуға бағытталған.

Жиын қорытындысында жауапты құрылымдарға жоспарланған іс-шараларды сапалы әрі жоғары деңгейде жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.