ШЫМКЕНТТЕ 4 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТАРТУДА ЖОБАЛАУ-СМЕТАЛЫҚ ҚҰЖАТТАМА ДАЙЫНДАЛДЫ ЖӘНЕ ЖАҢА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДАҒЫ 53 ҮЙІРМЕГЕ 2400 ОҚУШЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

736

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің халықпен кездесуінде тұрғындар елді мекендерді газ, су, жарық және кәріз жүйелерімен қамту бойынша өтініштерін жеткізген болатын. Қала әкімі талап-тілектерді ескере келе, тиісті басқармаға инженерлік жүйелермен қамтылмаған шағынаудандардағы өзекті мәселелерді шешуде нақты тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде жеке инвестиция есебінен 6 нысанға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді.

Соның ішінде,  4 нысанның, атап айтқанда, Айқап, Ынтымақ-2, Асар-2, Бозарық шағынаудандарындағы Жаңақұрылыста жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталып, сараптама қорытындылары алынды. Қалған 2 нысанның яғни, Ақжайық, Таскен шағынауданындағы Жаңақұрылыста  жобалау-сметалық құжаттамасы осы жылы аяқтау жоспарланған.

Құрылыс жұмыстары қолға  алынса, Айқап және Ақжайық шағынаудандарына кәріз жүйесі тартылады. Ынтымақ-2, Асар-2. Бозарық (жаңақұрылыс), Таскен (жаңақұрылыс) шағынаудандарында ауыз су, газ, жарық, кәріз жүйесінің мәселесі шешімін табады.

ЖАҢА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДАҒЫ 53 ҮЙІРМЕГЕ 2400 ОҚУШЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Шымкент қаласының Арғынбеков-Шаяхметов көшелерінің қиылысында орналасқан №2 оқушылар сарайында  бүгін ашық есік күні өтті. Жаңадан ашылған оқушылар сарайы жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді.

Мұнда «Mindal.kz» порталына тіркелу әлі де жүріп жатыр және белгілі мерзімде тіркелу уақыты бітіп қалмайды, яғни жыл бойына өзіңіз таңдаған үйірмелерде бос орын шықса, кез келген сәтте тіркеліп, өтініш қалдыра аласыз. Осы кезге дейін №2 оқушылар сарайына Mindal.kz бірегей платформасы арқылы өтінім білдіргендердің саны 4 мыңнан асты. Бұл — күн сайын мыңнан астам өтініш келіп түсіп жатыр деген сөз.

Оқушылар спорт және сауықтыру бағытында 15 үйірме, гуманитарлық және жастар қозғалысы бағытында 5, өнер және музыкалық  бағытта 14, психологиялық дайындық  бағытында  3, көркем  эстетикалық  бағытта 5 үйірме бар. Үйірменің жалпы саны – 53.

Ал ғылыми-техникалық бағыт бойынша 11 үйірме бар. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 6. Физика, биотехнология, кипавтоматика, дизайн және 3Д модельдеу, робототехника. lego құрылысы, химия үйірмелері жұмыс істеп тұр.

Гуманитарлық және жастар қозғалысы бағыты бойынша 5 үйірме, журналистика, шешендік өнер, (ораторлық өнер – қазақ және орыс тілдерінде), журналистика қазақ және орыс тілдерінде, ағылшын тілі (лингвистика), дебат клубы оқушылармен жұмысты бастап кетті.

Өнер және музыкалық бағыт бойынша домбыра, хореография, фортепиано, жетіген, қылқобыз, вокал, драма театр режиссері, скрипка, ал көркем-эстетикалық бағыт бойынша ағаш өңдеу технологиясы, бейнелеу, қыш өнері, қолөнер үйірмелері жұмыс істеп тұр.

Қабілетін арттырғысы келетін әрбір оқушыға есік ашық!