ШЫМКЕНТ: ҰЛЫ АБАЙ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

211

10 тамыз, яғни бүгін Абай Құнанбаевтың туғанына 178 жыл толды. Абай күнінде Шымкентте ұлы ақын, ойшыл, саяси қайраткер және еліміздің тарихында үлкен із қалдырған Абай атамыздың өлеңдерін бүгінгі ұрпақ жарыса айтып, әндерін жырға қосты.

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті. Алдымен қоғам белсенділері, қала тұрғындары алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Жиналған қауым ақынның шығармаларынан үзінділер оқыды, сондай ақ, «Абай – адамзаттың мәңгілік рухы» атты                                          Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен қалың оқырманды таныстырды.

Бұл күні Абай күні мерекесіне орай, жас оқырмандар арасындағы «Абай әлемі» атты байқау қорытындыланды.  Ал, қалалық жасөспірімдер кітапханасы кішкентай оқырмандарға арнайы Абай танымын терең толғау мақсатында сырлы саяхат ұйымдастырды.

Атап өтейік, Ұлы Абай күні мерекесі кешке дейін жалғасады. Бүгін кешкі сағат 19.00 – 19.30  Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-музыкалық толғауын тамашалауға шақырамыз. Келіңіздер, көріңіздер!

Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси, Сәйхали». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің — сезім мен қыйсынның , түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.

Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын- арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан.