МИРАС, ШАПАҒАТ-2 ШАҒЫНАУДАНДАРЫНА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ТАРТЫЛУДА ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛСАЙ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА ТЕМІРЖОЛ АСТЫ ӨТКЕЛІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

200

Шымкентте елдімекендерге канализациялық   желілерді тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазір Мирас, Шапағат-2 шағынаудандарында кәріз жүйелерінің құрылысы жалғасуда. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге елдімекендерге барып, осы бағыттағы құрылыс қарқынын қадағалады. Аталған елдімекендерге канализациялық желілерді жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2020 жылы сараптамалық қорытынды алынған болатын.

Құрылысқа 30 адам, 7 арнайы техника жұмылдырылуда. Өндірістік кестеге сай  құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Мирас-Шапағат-2 нысанында  жоспар бойынша жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізіледі. Осыған дейін жұмыстардың 85% аяқталған.

М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс сапасын назарға алып,  абоненттерді орталықтандырылған желіге қосуды жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.

Биыл Тассай, Тұран, Қайтпас-2, 112- орам, Бозарық шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60 % — дан 65  % — ға артатын болады.

ҚЫЗЫЛСАЙ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА ТЕМІРЖОЛ АСТЫ ӨТКЕЛІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Қызылсай тұрғын алабының тұрғындары қала басшысымен кездесулерде көптен бері жол мәселесін көтеріп келген. Нәтижесінде қала әкімінің бекіткен іс-шаралар жоспарына еніп, маусым айының басынан бері аталған тұрғын алапта қала орталығына қатынайтын тура жолдың құрылысы жүргізілуде.

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Қызылсай тұрғын алабындағы жол құрылысына барып, мұндағы жұмыстың жай-күйімен танысты.

Бүгінде салынып жатқан теміржол асты өткелінің құрылысына жалпы 10 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, жер жұмыстары және инженерлік желілерді қайта орнату іске асырылуда.

“Қала орталығына бару үшін бұрын айналып өтетін жолмен жүретінбіз. Ауа-райы қолайсыз мезгілдерде жедел жәрдемнің қатынауы өте қиын. Тұрғын алабымыздың осы жол мәселесі енді қолға алынды. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолды жөндеу жұмыстарына кірісті. Міне, шаруа қарқынды жүріп жатыр.

Біз үшін бұл өте қуанышты жаңалық,”– дейді тұрғындар.

Теміржол асты өткелінің құрылысы аяқталған соң, тұрғындар сапалы жолмен толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қалаға тиімді қатынауына және қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік алады.