ТЕГІН ҮЙІРМЕЛЕР ТАЛАНТТЫ БАЛАЛАРҒА ТАРТУ

502

Елімізде балалардың болашағы үшін барлық жағдай жасалып келеді. Бүгінде қай аймақты алсақ та, түрлі үйірмелер мен оқу орталықтары көбейген. «Ағылшын тілін үйретеміз», «менталды арифметика», «жылдам оқу курстары» деген сияқты жарнамалардан көз сүрінеді. Бірақ ондай үйірмелердің ақысын төлеуге баланың болашағына алаңдаған ата-ананың бірінің жағдайы келсе, бірінің қалтасы көтермейтін еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» деп өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетіне басты назар аударған болатын. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып, Шымкентте ақысыз жұмыс істейтін үйірмелер көбейді. Себебі, жас буынға қосымша білім беру, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, оларға қолдау көрсетіп, қабілетін арттыру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осы мақсатта ашылған жаңа Оқушылар сарайына барып, ондағы үйірме жұмыстарымен таныстық.

«Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» демекші, бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сондықтан орталықтың басты мақсаты – баланың күш-жігері мен мүмкіншіліктерінің ашылуына қолайлы жағдай жасау екен. Жаңа, жарық, заманауи жабдықталған, ерекше дизайндағы ғимаратты сарай атауына лайық десек те болады. Үш қабатты нысанда бала үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда 5 бағытта 53 үйірме жұмысын бастап кетті. Спорт және сауықтыру бағыты бойынша 15 үйірме, таэквондо, шахмат, үстел теннисі, футбол, бассейн, фитнес залы істеп тұр. Көркем және эстетикалық бағытта ағаш өңдеу технологиясы, бейнелеу өнері, қыш өнері, қолөнер үйірмелері, өнер және музыкалық бағыт бойынша домбыра, хореография, фортепиано, жетіген, қылқобыз, вокал, скрипка үйірмелері бар. Гуманитарлық және жастар қозғалысы бағытында журналистика, шешендік өнер, дебат клубы ашылған. Ғылыми техникалық бағыт үйірмелері қаламызда теңдесі жоқ жабдықтармен жабдықталып, баланың ғылым-білімге құштарлығын оятып, бағыттайтын таптырмас орта екен. Ол жерде физика, химия, биотехнология, кипавтоматика, 3Д модельдеу, робототехника, лего құрастыру кабинеттерінің жас ғалымдарға есігі ашық.

Бірінші музыка бөлмесімен таныстық. Орталықта сабақтың басталғанына бір апта да болмапты. Дегенмен әр үйірменің үйретері, балаға берер білімі, тәрбие мен тағылымы бар емес пе, баланың бейіміне қарай бетбұрыс жасағанды жөн көрген тәлімгерлер қателеспепті. Музыкалық аспапты жаңа қолына ұстаған баланың музыканы сезінуі жоғары, талаптары мықты. Сүйсіндік. Осы жерде басшылықтың да маман таңдау ісіне жауапкершілікпен қарағанын байқаймыз. Қыш үйірмесіне де бас сұқтық. Қабырғада орналасқан сөредегі түрлі мүсіндер мен қыш құмыралар көздің жауын алады. Жеңді түріп, саз балшықтан құмыра жасауға кіріскен балалардың арасына кіріп кеткім келді. Бірақ нақышын келтіру оңай емес сияқты. Балалар лай-лай болып, саз балшықтың қызығына кіріп кеткен. Құмыра жасау барысында үйірме жетекшісімен балалардың қызығушылығы, саз балшық терапиясы жайында әңгіме өрбіді.

– Саз балшық терапиясының пайдасы өте зор. Әсіресе, баланың ойлау қабілетін дамытуға әсері мол. Үйірмеге қатысушылар қатары көп, – дейді тәлімгер.

Одан әрі спорт үйірмелері орналасыпты. Теннис, күрес, таэквондо бөлмелері қажеттіліктеріне қарай толық жабдықталған. Футбол алаңы сыртта кең алаңқайда орналасыпты. Бассейнге келушілер қарасы көп екен. Шәкірттерді жаттықтыру үшін спорт шеберлері тартылыпты. «Бассейнге сағатына 25 бала, 2 мезгіл 4 сағаттан түсе алады. Сонда 400 баланы қамтуға мүмкіндігіміз бар. Үлкен бассейннің жанында тағы кішкентайын жасағанбыз, соған ерекше балаларды қабылдасақ деп отырмыз. Паралимпиадамен айналысатын спорт шеберлерін тарттық, болашақта бұл орталықтан чемпиондар шығады деп үміт артып отырмыз» – дейді орталықтың директоры Данияр Егізбаев.

Ғимараттың екінші қабатын кішігірім медиа орталық десе де болғандай. Дыбыс жазу студиясы, мобилография, SMM үйренуге арналған фото-видео кабинеттері, брифинг пен баспасөз мәслихатын өткізуге қолайлы орын, дебат клубын дамытуға арналған сенсорлы сынып және сыртында «сөйлеу өнері» деп жазылған шешендік өнерге, журналистикаға баулитын кабинеттер соңғы сападағы құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған.

Сарайда қызығушылық тудырған келесі үйірме – кипавтоматика және 3D модельдеу кабинеттері болды. Көптеген сала автоматтанған заманда автоматтандыру жүйесін мектеп жасынан үйрену бала үшін артықтық етпейді. Ал, 3Д модельдеу сабағы тіпті қызық екен. Виртуалды әлемнің қызығына кірген баланың қиялы ұшқыр, ойлауы жылдам болары сөзсіз.

– Қазіргі танымал бағдарламалардың ешқайсысы компьютерлік графикасыз жұмыс істемейді. Үшөлшемді компьютерлік графика – өте кең сала, ол машина жасауда, архитектурада, құрылыста, медицинада, археологияда, тренажерлар құруда, кино мен теледидарда қолданыс тапқан. 3Д анимация және модельдеу соңғы жылдары тез қарқынмен, кең ауқымды қолданысқа түсті. Яғни өнердің жаңа саласы кино, мультипликация, рекламалық роликтер дайындау, ойын және түрлі презентациялар жасаудан бастап, сәулет өнері мен инженерияда және көптеген салалара кеңінен қолданылады. Медицинада да 3Д қолданыста. Баланың қиялын дамыта отырып, ойын дамытамыз. Ойы дамыған шәкірттеріміздің танымдық қызығушылығы арта отырып, шығармашылық әрекеті жоғары деңгейге көтеріледі. Балалардың қызығушылығы өте жоғары,– дейді тәлімгер Бабыр Медет.

Келесі қызықтырған блок биотехнология кабинеттері болды. Бізге бейтаныс түрлі жабдықтар орналасқан бөлме кішігірім зертхана секілді екен. Бірінде тіпті қалдықты қайта өңдейтін құрылғы орналасыпты. Ол жерде пластикті майдалап, қайта шикізат алуды үйренеді.

– Бұл жерде ғылымның дамуына қажетті пәндер бойынша үйірмелер бар. Үйірме болғандықтан баланың қызығушылығына қарай аламыз. Биотехнология бағытында химия, физика пәндеріне тереңдеп еніп, түрлі тәжірибелер жасап көруіне жағдай жасалынған. Зертханада тамақ өнімдерін өңдеу, биологиялық активті қоспалардың, ферменттердің құрамы жайында, топырақтың құнарлы, құнарлы еместігін, ауаның тазалығын, экологиялық тұстарын анықтай алады. Келешекте осы жерден алған білімдерін дамытса, ғылымның бір ұшын ұстары сөзсіз, – дейді ғылыми техникалық бағыт бөлімінің меңгерушісі Таңнұры Маратқызы.

Білім беру мазмұнын жаңарту, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту – бүгінгі күннің талабы. Жаңа технологиялармен оқытуды көздеген Оқушылар сарайына баламды берсем деген халықтың қарасы көп.

– Үйремге жазылу үшін «Mindal» қосымшасы арқылы өтініш қалдыру қажет. Mindal қосымшасы – баланың есебін біліп, үйірмемен балалар қалай қамтылып отырғанын білу үшін қойылған. Artsport-та тіркеліп тұрған балалар бұл жаққа тіркеле алмайды, яғни олар қамтылмайды. Негізгі міндетіміз еш жерде тіркелмеген балаларды арнайы үйірмелермен қамту, ешқандай бала шетте қалып кетпеу керек. Сайтқа күніне 2500-ден аса өтініш түсіп жатыр. Қазірдің өзінде көп үйірмеде орын толып қалды,– дейді директордың оқу тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Алима Барлықбаева.

Қазақтың көрнекті жазушысы Ғ.Мүсірепов «Оқу – білімсіз өнер де жоқ, ақын болу үшін де, ең алдымен білім керек» деген. Оқу үрдісінде әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, оқушылардың қызығушылығын оятып, танымдық қасиетін дамытып, шығармашылық белсенділігін қалыптастырып, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыруды алға қойған Оқушылар сарайының жұмысына сәттілік тілейміз.