РУХ САРДАРЫ

251

Биыл заманның заңғар тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 92 жыл толды. Кешегі кеңестік дәуірде қазақ халқының мәдениетін, ана тілін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ғалымның еңбегі зор. Ол Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайберді есімдерінің қайта оралуына атсалысты. Қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі киелі Тайқазанымызды алып келуге, ұлық мерекеміз әз-Наурыздың тойлануына өлшеусіз үлес қосқан. Ғалымның туған күніне орай Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталмыш жиынға Шалатай Мырзахметов, Орынбай Рахманбердиев, Арысбек Тәжиев, Бекет Тұрғараев, Құлбек Ергөбек сынды қоғам қайраткерлері, оқытушы-профессорлар, ардегер-ұстаздар, сондай-ақ, Ө.Жәнібековтің немере қарындасы Айғаным Аманқызы да қатысты. Жиынға жиналғандар ғалымның естеліктерімен бөлісті. Алғашқы болып сөз алған оқу орнының басшысы Гүлжан Сүгірбаева 85 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне қоғам қайраткерінің есімі берілгенімен барша қауымды құттықтады.

–Биыл комиссия шешімен оқу ордамызға Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілді. Шынында да ол Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов салған сара жолды жалғастырып, ұлтты ояту жолында қалтқысыз қызмет етті. Мемлекеттік деңгейдегі жауапты қызметте жүрген жылдарында қолынан қаламы түспей, ұлт үшін аянбай еңбек етті. Сондықтан да тарихи тұлғаны бүгінгі жастар тануы керек. Ол үшін біздің оқу орны да өз үлесін қосады. Алдағы уақытта үлкен жоспарларымыз бар, – деді Г. Сүгірбаева.

 

Сондай-ақ, келелі жиында Орталық саябақты Ө.Жәнібековтің есімімен атауды ұсынды.

–Кеңес билігінің тоталитарлық жүйе орнатып, ұлтты жойып жіберудің алдында тұрған уақытта батылдықпен, ерлікпен күрескен ғалымға қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Бүгінгі өсіп келе жатқан жас буын мұны білуі тиіс. Сондықтан да тарихи маңызы бар оқу ордасына есімі беріліп отырғандығы бізді қуантады. Әйткенмен де бұл аздық етеді. Өзі салынуына үлесін қосқан Орталық саябаққа Ө.Жәнібековтің есімін беруді сұраймыз. Сондай-ақ аталмыш саябақтағы ғалымның ескерткішін тұғырға орналастыруды ұсынып отырмын, – деді Қазақстанның құрметті судьясы Бекет Тұрғараев.

Орталық саябақта орналасқан Өзбекәлі Жәнібековтің ескерткішін орнатар уақытта ғалымның отбасы: «Әкеміз биіктен қарап тұрмаған, әрқашан халықтың арасында болды, сондықтан халықтан биік көтермеңіздер» — деген пікірін білдірген екен.

Ұлт күрескерінің немере қарындасы Айғаным Аманқызы ғалымның көзі тірісінде тәрбиесіне сусындап, өмірлік азық алғанын айтып есіне алды.

–Менің есімде отбасы, дін, ажырасу тақырыбында айтқан ойлары, әңгімелері сақталып қалған. Бүгінде сол тақырыптар қоғамда өзекті мәселелерге айналды. Елдің, ұлттың тарихын зерттеп қаншама еңбектерін арнады. Бүгінге дейін өзім ұстаздық қызметімде еңбектерін дәріптеп, студенттеріме үйретіп, бойына сіңіріп келемін. Жастар жағы танымайды деген жаңсақ пікірге келісе бермеймін. Көзі ашық, білімді жастардың көпшілігі еңбектерін, кітаптарын біледі. Ұлтымыздың асқақ тұлғасы ешқашан да ұмытылмайды,– деді Айғаным Аманқызы.

Айта кетейік, Өзбекәлі Жәнібековтің «Қазақтың ұлттық қолөнері», «Уақыт керуені», «Жаңғырық», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар» сынды көптеген кітаптары, ғылыми еңбектері бар. Қазақ халқының мәдениетін, ана тілін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын дамытуға үлес қосқан ұлы тұлға. Ширек ғасыр бұрын өмірден озған ғалымның еңбегіне зерттеу жүргізген оқытушы-профессорлар да аз емес. Қайраткер тұлғаның 80 жылдығына орай «Рух сарбазы» атты тарихи мәні зор кітап жарық көрді. Ұзақ жылдар бойы жауапты мемлекеттік қызметтерді атқарған арда азамат «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Ұлтын сүйген жанашыр тұлғаның бейнесі ел жадында мәңгі сақталмақ.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»