ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯ – КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА ТОСҚАУЫЛ
Елімізде жалпыға бірдей декларациялау жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Биыл мемлекетпен қамтамасыз етілетін мекеме қызметкерлері мен акционерлік қоғам өкілдері де дүние-мүлкін декларациялауда. Жалпыға бірдей декларациялаудың мәнісін Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қадіржан Панбаев түсіндіріп берді.
Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі 2021 жылдың бірінші қаңтарынан басталды. Онда жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары қатысты. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және соларға теңестірілген тұлғалар дүние- мүлкі жайында ақпарат берді.
–Екінші кезең биыл жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайы, квазимемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері мен оның жұбайы декларация тапсыруда. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырғаннан кейін 31-ші желтоқсанда мүлік туралы есептік салық табыс етіледі. Жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңіне кіретін адамдар үшін тұрғылықты жері бойынша декларацияны қағаз нұсқада тапсыру мерзімі 2023 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей немесе электрондық түрде 2023 жылғы 15 қыркүйегінен кешіктірілмеуі тиіс. Ал кешіккен жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 272 бабына сәйкес, белгіленбеген мерзімде декларация тапсырмаған жағдайда әкімшілік шара қолданылады. Алғашында ескерту берілсе, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 15 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады, – дейді Қадіржан Әбдіхалықұлы.
Алдағы жылдары елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші төртінші кезеңі жүзеге асатын болады. Онда заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары кірістер департаментіне мүлкі жайында құжат тапсырады. Дара кәсіпкерлерде үшінші кезеңде декларация тапсырады. Ал төртінші кезеңде қалған санаттағы азаматтар қамтылатын болады. Осылайша елімізде көлеңкелі экономикаға түбегейлі тосқауыл қойылады.
БИБАЙША НҰРЖАНҚЫЗЫ
«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»