СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

161

— Өзіңізге белгілі, солтүстік облыстар тоқтаусыз жауын салдарынан егінін ора алмай жатыр. Оңтүстік облыстар трансшекаралық өзендерден тиісті су ала алмай, құрғақшылыққа тап болып отыр. Осы тығырықтан қалай шығуға болады?

—  Президент Жолдауында «судың да сұрауы бар» деген мәселеге ерекше тоқталды. Біздің елімізде барлық егістік жерлердің жеті пайызы ғана суармалы жерлер. Сол жеті пайыз суармалы жер жалпы егіннен түсетін түсімнің 40 пайызын беріп отыр. Суарылмайтын жерлерден алты есе көп өнім береді. Бұған мемлекет өте қатты көңіл бөлуі керек. Баяғы Кеңес Одағының кезінде осы мәселеге өте үлкен көңіл бөлінген болатын. Сол кезде министрлікте осы суландыру және су жүйелерін техникамен қамтитын гидрогеологиялық басқарма болатын. Біз соны жоғалтып алдық. Мынаған қараңыз. Осы су шаруашылығымен айналысатын мекеме біз егемендік алғалы бері алты ведомствоға қараған екен. Министрліктері алты рет ауысқан.

«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады»,-деді Мемлекет басшысы.

Ал енді Президентіміздің осы олқылықты жою үшін өз алдына Су ресурстары және иригация министрлігін құруы өте үлкен батылдық және шынайы жанашырлық деп есептеуіміз керек. Себебі, біздің еліміздегі су қорларының 45 пайызы трансшекаралық өзендерден келеді екен.