ЕЛІМІЗГЕ ЖИЫРМА БӨГЕН САЛУ ӨТЕ АЗ

170

Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі болған Ақылбек Күрішбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде су шаруашылығындағы дағдарыс туралы, Су комитетінің төрағасы болған Ислам Әбішевтің «Жас Алаш» газетіндегі су шаруашылығын дамыту тұрғысындағы мақалалары өте өзекті. Аса маңызды әрі өте өзекті жайларды жасырмай жазып жатыр. Президенттің өзі де:

«Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені, оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу,-дейді.

Менің ойымша, елімізге жиырма бөген салу өте аз. Оның ішінде біздің оңтүстік өңірді алайық. Бізде екі ақ су қоймасын салмақшы. Бізде су қоймасын салуға сұранып тұрған жерлер өте көп. Өзіміздің Түркістан облысын айтайық. Арыстың, Бөгеннің суы қыс бойы дарияға құйылып жатыр. Саурандағы Қарашық өзені қыс бойы дарияға кетіп жатыр. Қысқы жауын, қар суларын көктемде жинауымыз керек. Су жинайтын тоғандарды көбейту керек. Қазір міне қала іргесінде 8 млн текше метрден астам су жиналатын Қосқорған-Көлсай қоймасы бір жылдың ішінде салынды. Ол Түркістан қаласын суландыру үшін ғана салынды. Қазір ауылдарды суландыруға болатын су қоймаларын салуға сұранып тұрған үш төрт жер бар. Мәселен, Сауран ауданындағы Иқан су. Оның жобасы дайын. Шағада да су қоймасының жобасы бар. Оны да бастауға болады. Қосқорған және Майдантал су қоймаларын үлкейтуге, аумағын кеңейтуге толық мүмкіндік бар. Соны жүзеге асырсақ, едәуір еңсеміз көтеріліп қалады.