ҚАРАСУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ «АУЫЛ — ЕЛ ТІРЕГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ОНКҮНДІК ІС-ШАРА ӨТУДЕ

286

Аудан әкімі Уласбек Садибековтің бастамасымен Қарасу ауылдық округінде «Ауыл – Ел тірегі» жобасы аясында онкүндік іс-шара өтуде.

Барлық жоспарланған іс-шаралар мерзімінде орындалуда. Ауылдың және халықтың игілігі үшін өтіп жатқан іс-шараларға ауылдың төбе билері мен белсенді азаматтары атсалысуда.

Ауылдық округінің әкімі Дамир Сыдыковтың ұйымдастыруымен және жергілікті халықтың қолдауымен бірқатар тындырымды жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда,

елді мекендердің орталық көшелеріне идеологиялық маңызы бар баннерлер ілінді. Тақырыптарына қарай, Ұлттың ұлы ұстаз, қазақ тіл білімінің негізін қалаушысы, ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Қазыбек би бабаның нақыл сөздері, ауыл белсенділері мен мақтаныштары, тазалық сақтау мәселелері және басқалары қамтылған;

Қарасу ауылы А.Жұбанов көшесіне салынып жатқан ұзындығы бір шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңда аяқталу үстінде. Құрылыс сапасында анықталған бірқатар кемшілік мердігер тарапынан реттелуде;

ауыл тұрғындарының асар жолымен Ақбай ауылындағы мазараттың жанынан жаңақұрылыс аумағына өтетін жол ашылып, оған демеушілердің көмегімен тас төселді. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің қамқорлығымен Әйтеке би ауылына қарасты жаңақұрылыс көшелерінің жолына тас төселуде;

Ынтымақ ауылында тозығы жеткен, ескірген бағаналарын ауыстыру туралы тұрғындардың көтерген мәселесі ескеріліп, 68 электр бағанасы және электр желілері жаңартылды;

Шымкент қаласынан Қарасу ауылы арқылы өтетін, облыстық маңызы бар Жібек жолы көшесі бойындағы жарықшам бағаналарына диодтық ою-өрнектер орнатылуда;

Шахтыкүл Бекзатова, Ақылбек Шалқаров бастаған кәсіпкерлер қайырымдылық акциясын өткізді. Аз қамтамасыз етілген, сондай-ақ көп балалы отбасыларға азық-түлік қораптарын табыс етті;

Ұлы Отан соғысының ардагері Джундуров Элемес жақын туыстарының қатысуымен туған жері Бескепе ауылында жерленді. Ауыл округіндегі мейрамханада марқұмға Құран бағышталып, ас берілді;

ауылдық округі әкімшілігінің қызметкерлері мен тұрғындарымен сенбілік күні өтті.

Ауыл тұрғындары үшін ұйымдастырылып отырған іс-шаралар жалғасын табатын болады.