«БӨБЕКТЕРДІҢ ҚҰШТАРЛЫҒЫ МЕН БЕЙІМДІЛІГІН БАЛА ЖАСЫНАН БАЙҚАП, ҚОЛДАУЫМЫЗ КЕРЕК»

178

«ТАЖИНИСА АНА» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ МАГИСТРІ ИРОДА МУХАМЕДЖАНОВА:

«БӨБЕКТЕРДІҢ ҚҰШТАРЛЫҒЫ МЕН БЕЙІМДІЛІГІН БАЛА ЖАСЫНАН БАЙҚАП, ҚОЛДАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Қазіргі таңда Сауран ауданы аумағында мемлекеттік те, жекеменшік те балабақшалар саны артып келеді. Ата-аналар да өз кезегінде бүлдіршіндерді қай балабақшаға беру жайын өздері шешеді. Кейбірі үйге жақындауын көздесе, енді бірі бала жастан алған машығы мен білімі өміріне азық болатындығын түйсінгендіктен алыс та болса, жекеменшік балабақшаға беруге ұмтылады. Бүгінгі күні бәсекелес ортаға берілген бала тәрбиесі туралы Педагогика ғылымдарының магистрі, ҚР өзбектері «Дустлик» қоғамдастығының «Ижодкор» әдеби бірлестігінің мүшесі, хореограф, жазушы, аудармашы, дизайнер, «Тажиниса ана» балабақшасының директоры Ирода Тахирқызы Мухамеджанованы әңгімеге тартып, бәсекелес ортаға бейімделу жайын сұраған едік.

 

— Ирода Тахирқызы, Сіз қандай оқу орнын бітірдіңіз? Осы салаға жүрек қалауыңызбен келдіңіз бе?

-Әрине. «Тажиниса ана» балабақшасы 2014 жылы ашылған. Мен бұл жерге қызметке 2018 жылы келгенмін. Мен Түркістан индустриалды педагогикалық колледжін қызыл дипломмен бітірдім. 2018 жылы Шымкент инженерлік-педагогикалық колледжін музыка бойынша бітірдім. Тәжтажал індеті кезінде Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің музыка факультетіне грантпен магистратураға түсіп, өткен жылы бітірдім. Мен бастапқы білімім бастауыш сынып мұғалімі мамандығынан музыкаға ауысып, соған ден қойдым. Мұндағы жүздеген кубоктар мен жүлделер, алғыс хаттар осы музыка және тәрбиеленуші бүлдіршіндеріміздің үлкенді-кішілі байқауларда жеткен жетістіктерінің нәтижесі деуге болады. Сән үлгі, дизайнерлік табыстарымыз мол. «Атадан мұра» қоғамдық қорының жыл бойы ай сайын өтіп отыратын байқауларына әр айда жиырмадан қырыққа дейін балаларды апарып, бақтарын сынаймыз. Хореография, вокал, сахналық қойылым, сән үлгісі, көркем сөз жанрлары бойынша көбіне бас жүлде алып келіп жүрміз. Бұл жерде өзімнің музыка бойынша қызметімді жалғастырып, өзімді де шыңдап жатырмын.

 

— Бұл балабақшаның аты нелік-тен «Тажиниса ана» аталып отыр?

— Осы балабақшаның құрылтайшысы ретінде барлық жағынан үлкен қолдау білдіріп отырған Рахмоджан Әбдусаттаров ағайымыз. Тажиниса анамыз сол кісінің анасы. Сол кісінің құрметіне берілген.

 

— Қазір осы балабақшада қанша тәрбиеші бар? Олардың бүлдіршіндердің рухани дүниесін байыту жолындағы атқарып жатқан жұмыстарына тоқтала кетсеңіз.

— Балабақшамызда қазір 32 тәрбиешіміз бар. Олардың ішінде 17-сі педагог мамандар, төрт топта сегіз тәрбиеші жұмыс істейді. Төрт топта 100 бүлдіршін тәрбиеленеді. Қазір екі қабатты жаңа балабақша ғимаратының құрылысы аяқталды. Ата-аналардың, жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша тағы 100 бүлдіршінге арналған балабақшаны жақында пайдалануға бермекпіз. Шамасы тамыздың аяғына қыркүйектің басына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде тәрбиешілер де екі есеге дейін көбейеді. Қазіргі кезде педагогтеріміз де, тәрбиешілеріміз де үнемі ізденіп, жаңа жобаларды жұмыстарына енгізіп келеді. Ай сайын өздерінің әдістемелік кеңестерін өткізіп, жобаларын қорғап, мақалаларын газеттерге, республикалық журналдарға да мақалаларын жариялап отырады. Біразы педагог модераторлыққа да өтіп жатыр. Қазіргі таңда үш педагогіміз модераторлыққа өтті. Бір педагог сарапшымыз бар. Сегіз педагогымыз балаларды сала-сала бойынша әзірлеп, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Түркістан, Шымкент, Алматы, Астанаға барып жүрміз. Тәжтажалдың кезінде Орал, Өскемен секілді облыстық байқауларға онлайн қатысып отырдық. Тәрбиешілеріміз де үнемі ізденіп, қолөнер бұйымдарын жасау, аула, топ безендіру, мәнерлеп оқу сайыстарына бүлдіршіндерді қатыстырып отырады.

 

— Бұл жекеменшік балабақша ма? Мемлекеттік балабақшадан қандай айырмасы бар? Жекеменшік балабақшада еркіндік бар секілді.

— Иә, жекеменшік балабақша. Құрылтайшысы Рахмоджан Әбдусаттаров ағай ашқан. Қай балабақша болса да, мәселе меңгерушіге және оның тәрбиешілер тобынан тұратын командасының мықтылығына байланысты ісі де оңға басады. Мен алғашқыда Астанада мемлекеттік балабақшада қызмет еттім. Ол жерде де өзімнің тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерімнің таланттарын барынша ашып көрсетуге тырыстым. Мектепке оқуға дайын, жан-жақты әзірлігі бар белсенді, талантты баланы жеткізуіміз керек. Мемлекетті те де, жекеменшікте де мен өзімді көрсетуім керек. Жемісті жұмыс жасауға тиістімін деген меңгеруші де, тәрбиеші де үнемі өзін-өзі жетілдіріп, тоқтамай ізденіп отыруы тиіс. Ал, жай уақыт өткізу үшін жүретіндер екеуінен де табылады. Олардың өздері екінші қатарда қалып қойғанын сезбейді. Қазіргідей күн сайын жаңалық ашылып жатқан заманда, бір жерде тоқталып қалу өліммен тең. Педагог өзінің алдына биік мақсат қойып соған жетуге талпынуына көп нәрсе байланысты.

 

— Сіздер Түркістандағы Оқушылар сарайымен тығыз қарым-қатынас жасап отырасыздар ма?

— Әрине, біз Түркістандағы Оқушылар сарайындағы түрлі сайыстар мен байқауларға жиі қатысамыз. Жоғарғы сыныптағы оқушылар арасындағы сайысы болса да, үйірмелерін де қызықтауға барамыз. Себебі, бүлдіршіндеріміздің өздерінен үлкендерге еліктеуі де өнерге деген балалық қызығушылығын туғызады. Бізде «Тәтті тілдер» деген логопед үйірмесі бар. Хореография, гимнастика, шахмат үйірмелері бар. Жас шығармашылық тобымыз бар. Солардың бәріне қызметін жандандыру мақсатында Түркістандағы Оқушылар сарайына барып, тәжірибе алмасып отырамыз. Қазір біз «құм терапиясы» деген дәріс түрін іске асырудамыз. Бүлдіршіндеріміз саз балшықтан кішкене құмыра жасауды меңгеруде.

 

— Бұрындары мектептерде пластилиннен түрлі ойыншықтар жасағанымен балалардың тырнақ арасында улы заттың қалып қоюы денсаулығына көп зиян келтіретін. Сондықтан, «құм терапиясын» таңдадыңыздар ма?

— Құмыра жасау арқылы бүлдіршін ұлттық құндылығымызды қайта қалпына келтіріп, көне дәстүрімізді қайта жаңғыртуға да үлес қоса алады. Бала негізі пластилинмен емес, табиғи өнім саз балшықпен, құммен ойнауы керек. Әйнектің үсіндегі құмға суреттер салып жаза білсе, жазуы да көркем болып шығады. Біз балаларды балабақша кезінен оны мәжбүрлеп жазуға үйретуіміз қажет емес. Олар балабақшада жазуға ойын арқылы дайындалады. Ойын, би, гимнастика арқылы аяқ-қолдары мен денелерінде иілгіштігі қалыптасып, көркем жазуға бейімделеді. Біз қазір бөлменің ішіндегі құмның орнына құрғақ жарма ботқасын береміз, себебі оны аузына салып ойнаса да болады. Құм секілді қышырлап тұрмайды. Бала денсаулығына еш зияны жоқ.

 

— Болашаққа арналған үлкен жобаларыңыз, арман-мақсаттарыңыз туралы айтсаңыз?

— Мүмкіндігіміз болса, биыл осы балабақшада халықаралық деңгейдегі семинар кеңес өткізсек деп жоспарлап отырмыз. Мәдениет үйімен байланысымызды нығайта отырып, атқарылған қызметтеріміз жөнінде есеп бермекпіз. Басқа да оқу ұйымдарымен тәжтажал індеті кезінде жалғаспай қалған қарым-қатынасымызды жолға қойып жатырмыз. Мектептермен тұрақты байланыстамыз. Өздерінің баратын мектептеріне көздерін үйретіп жатырмыз.

 

-Бала тәрбиесінде ата-аналарымен байланыстарыңыз қалай?

— Бізде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің ата-аналарымен тұрақты байланыс жасап отырамыз. Мәселен, бүлдіршіндерді облыстық, республикалық байқауларға апаратын болсақ, балабақша бүлдіршіннің ұлттық киімдерімен қамтамасыз етіп, аман-есен апарып, алып келу қауіпсіздігіне жауап береді. Ата-анасы барып келуін қаржыландырады. Осы ата-аналардың белсенділігінің, тұрақты демеушілігінің арқасында бүлдіршіндеріміз барлық байқау, сайыстардан құр қалған емес. Қазір балабақшамызға Вальдорф әдістемесін өндіріске енгізіп жатырмыз. Ол ата-аналар клубы деп аталады. Яғни ата-аналары баласымен бірге қуыршақ ойнап, саз балшықпен құмыра жасауға қатыса алады. Әжелері келіп, киізге, алашаға, сырмаққа ою-өрнек салудың жөн-жобасын үйретеді. Бүлдіршіндерді тәрбиелеп жатқан тәрбиешілерге ақ батасын беріп жатады. Бұл балаға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Біздің басты міндетіміз барша қоғам болып, бүлдіршіндеріміздің таланты мен дарыны ашылуына, белгілі бір өнер түріне бейімділігін ерте анықтауға қызмет етіп, соған күш салудамыз. Бөбектердің құштарлығы мен бейімділігін бала жасынан байқап, қолдау білдірсек, ертең өмірлік азық етер кәсібін таңдауына да ықпал еткеніміз болады.

 

— Сұхбатыңызға рахмет. Халықтық қызметтеріңіз берекелі болсын!

 

Ескендір ЕРТАЙ.