«БАРЛЫҚ САЛА МӘДЕНИЕТТІҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫНА БАЙЛАНҒАН»
Сауран аудандық мәслихатының депутаты, Әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту,
мәдени даму, жастар ісі, спорт, тарихи мұраларды қорғау мәселелері жөніндегі
тұрақты комиссиясының төрағасы Хуршид Шарапов:
«БАРЛЫҚ САЛА МӘДЕНИЕТТІҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫНА БАЙЛАНҒАН»
— Хуршид Бахтиярұлы мәдениет саласында қай жылдан бері қызмет етіп келесіз?
— Мен бұл салада 2012 жылдан бері қызмет етіп келемін. Ескі Иқан Мәдениет үйінде ұйымдастырушы кейін әдіскер, қазіргі таңда сол мекеменің директоры болып қызмет етемін. Мен алдымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қаржы факультетін, Мұхтар Әуезов атындағы университеттің мәдени тынығу жұмысы факультетін бітірдім.
— Осы салада ондаған жылдар бойы қызмет етіпсіз. Мемлекеттік тұрғыда, жергілікті әкімдік тарапынан мәдениетті қолдау өз дәрежесінде деп ойлайсыз ба?
— Қазіргі кезде мәдениет саласында қолдау жақсы деп айта аламын. Кешегі Түркістаннның өзінде болған екінші Құрылтайдың өзінде Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Кемелұлы мәдениетке ерекше назар аударды. Жастарды бүгінгі таңда Интернет саласынан алып шығу, жастарға қажетті білім, ғылым және мәдениет екендігін нақты атап кетті. Сол тұрғыдан қарағанда, Сауран ауданы жаңадан ашылып жатқандықтан арада екі жыл өтіп, үшінші жылға аяқ басып жатырмыз. Содан бері мәдениет саласында жаңаша форматтағы даму, ұзақ мерзімге арналған серпінді стратегиялық бағдарламаларды еңсеру міндеттері қойылып жатыр. Мысалға, Ескі Иқан мәдениет үйі 1976 жылы құрылған орталық болса, арада елу жылға жақындаған кезде, бүгінгі таңда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл Сауранның аудан мәртебесін алуымен тікелей байланысты. Осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмек түгілі, ағымдағы жөндеу де жүргізілмеген екен. Бүгінгі күні Сауран ауданын дамыту жөніндегі «АMANAT» партиясының жол картасына еніп, келесі жылы толық заманауи үлгідегі мәдениет сарайы етіп шығарамыз деп отырмыз.
— Жастарымыздың бойындағы біліміне байланысты мәдениеті қалыптасады. Жас ұрпақ кітап оқудан қалып барады. Балаларымызды Интернет, ұялы телефон тәрбиелеп жатыр. Осы мәселе сізді мазалай ма?
— Мәдениет қоғамның айнасы. Әрбір жердің мәдениеті — мейлі ол аудан, облыс, республика болсын сол елдің тыныс-тіршілігі мен даму деңгейінің, адами қарым-қатынасының, қонақжайлылығының көрінісі болып табылады. Енді бүгінгі таңда заман талабына сай электрондық желіде жылдам ақпарат алмасу,сандық жүйе шарықтап дамығаннан кейін жастарымыз соған тез бейімделіп келеді. Компьютерді де, ұялы телефонды да өзінің керекті шегінде пайдалансаңыз, қолжетімді ақпараттар алмасуда пайдасы өте зор. Ал, енді әр нәрсенің шегі бар. Шектен, шамадан тыс пайдаланып, босқа кеткен уақыт жастарымызға кері әсер беріп жатқанын көріп те, біліп те жүрміз. Ұялы телефонның құлақшасын киіп алып, жата-жастанып айрылмайтын балаларымыз бен жастарымыз тым көбейіп барады. Бұл, әрине ата-аналар, қоғам тарапынан тыйым салмаса болмайтын қауіпті құбылыс. Музыка әуеніне елтіп келе жатқан жастың, артынан келген велосипедті, қарсы алдынан келген көліктің астына түсіп кету оқиғалары сирек болса да кездесіп жатыр.
Ал, мәдениет саласына келетін болсақ, жасыратыны жоқ, соңғы кезге дейін ауыл мәдениетіне тиісті дәрежеде көңіл аударылмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Президент сайлауынан кейін алғашқы Жарлығын ауылды, елді-мекендерді дамыту туралы мәселеден бастағаны бекерден бекер емес. Мемлекет басшысы «Ауыл — Қазақстанның алтын бесігі» деп айтып қана қоймай, елді мекендерді нақты, кешенді түрде дамытудың жолдарын ұсынып отыр.
Бұл мәселе алдымен мәдениет саласынан басталуы керек. Тәрбиесіз берілген білімнің өзі жаңсақ қадамға бастап, соңы жақсылыққа апармайтындығын Әль-Фарабидің өзі кезінде айтып өткен. Ал, ғылымның соңына түсіп зерделеу үшін әлем халықтарының бұған дейінгі жасаған мәдениет өркениетінің тегін аша білуіміз керек. Оның негізі, әрбір ұлттың және ұлыстың өзінің дәстүр-салты, мәдениеті, ұлттық кодының астарында жатыр. Біздің халқымыздың тұма бастауының бұлағы ауылда қалыптасады. Бай да, бағлан да, ғалым да, ақын да, жазушы да осы ауылдың шаң топырағын жалаңаяқ кешіп жүрген қарадомалақтардан шыққан. Сондықтан, барлық тәрбие бастауын ауылдан көтеруге атсалысуымыз керек.
— Сіз сайлауалды бағдарламаңызда қандай мәселелерді көтердіңіз?
— Мен сайлауалды бағдарламамда өз мамандығым бойынша мәдениет саласын заман талабына сай етіп, дамыту жайын көтердім. Ағын су, ауыз сумен қамту, елді мекендерді абаттандыру мәселелері аудандық әкімдіктің жоспарында да бар.
Қазіргі кезде Ескі Иқан ауылында 420 орындық мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылдың басында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
— Жасыратыны жоқ, Сауран ауданындағы мәдениет үйлерінің дені Кеңес Одағының көзін көргендер. Жаңадан салынып жатқаны некен-саяқ. Соған қарағанда, кең залдары бар, алып ғимараттарға сұраныс төмендеп кеткен сыңайлы.
— Иә, пікіріңізге қосыламын. Мені сол 1970-1980 жылдары салынған мәдениет үйлеріндегі үйлестіру және ұйымдастыру жұмыстары да сол дәуірдегі деңгейде қалып қойғандығы қынжылтады. Бүгінгі таңда көптеген ауылдарда мәдениет үйлері өте ескі. Қазіргі заман талабына сай дәрежеде жабдықталып, күрделі жөндеуден өткізілмеген. Мәдениет үйіне халық келмейді деп өкпелеуге болмайды. Себебі, Мәдениет үйінің іші тар, мұздай болып тұрса, ел оны қайтеді. Қазір дамыған заман. Көптеген жастарымыздың да, жасамыстарымыздың да көзі ашық, көкірегі ояу болғандықтан кәсіби дәрежедегі қойылымдарды, концерттік бағдарламаларды күтеді.
Ол мәдениетке ғана қатысты емес. Қазіргі сұраныс иелері мемлекеттік қызмет, қаржы, әлеуметтік салада, спорт басқа да барлық бағыттарда кәсіби біліктілікті, заманауи қызмет түрлерін талап етеді. Осыған орай, әрбір ауылдың мәдениет үйі, клубы болсын олардың ішіндегі материалдық базасы, ұжымдарының бір мақсатқа біріктірілуі, жабдықталуы уақыт талабына сай болуы тиіс. Олардың ішіндегі актері, актрисасы, сценарисі, режиссерінің білімі мен іс тәжірибесі бүгінгі заман талабына сәйкес келуі тиіс. Жалпы Ұлттық идеологияның өзегі осы мәдениеттің қалыптасуымен өлшенеді.
Қазір әлемдегі ең озық мемлекет жапондарға қараңыз, әлі күнге дейін ұлттық тағамдарын алдыңызға тартады. Ұлттық киімін біз секілді Наурызда ғана киіп, қалған уақытта сандыққа лақтырып тастамайды. Сондықтан, бүгінгі таңда өркениет көшінен кейін қалып, бармағымызды тістеп қалмауымыз үшін, ұйқыны азайтуымыз керек. Жастарымыз бірте-бірте ұялы телефонның қызығы басылған соң, классикалық кітаптарға көңіл бөліп, сахналық қойылымдарға назар аудара бастайтындығына сенемін. Мысалға алып қарайтын болсақ, қазір көптеген мектептерде акт залы жоқ. Акт залы міндетті түрде болуы керек. Ол арқылы оқушы актер, актриса болмай-ақ қойсын, ол мемлекеттік қызметкер болса да, елдің алдына шығып есеп бере алатын жағдайда болуы керек. Сондықтан сахнаға үйренгені жөн. Өйткені, сахнаның киесі бар. Сахнада болған адам елдің алдындағы жауапкершілігін сезіне алады. Мен алдыңғы сессиядағы депутаттарға да, мектептерде кездесулерде де оқу орындарында акт залы болуы керектігін айтқанмын. Себебі, ол жастарымыздың елдің алдына шығып, шешендік өнерге бейімделуінің алғы шарты. Бұдан әрбір бала өз алдына тұлға болып қалыптасады.
— 2007 жылдан бері ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымы жасалмауы салдарынан жеке үй салушыларға жер бөлінбей жатыр. Көптеген отбасылар бірнеше келінімен бірге бір шаңырақ астында тұруға мәжбүр. Оған келіспеген жас отбасылары еншісін алып, үлкен қалаларды паналауда. Алайда, онда да жағдайы мәз емес. Осы мәселені қалай шешуге болады?
— Біз екінші сессияда ауылдардың, елді мекендердің шекараларын белгіледік. Соны бекіттік. Қазір үй салып алуға жер бөлу өте күрделі мәселе. Жаңылыспасам, екі жүз гектардай жерді елді мекен шекарасына енгіздік. Ол мемлекеттік мұқтаждыққа алынды. Оның ішінде ортақ жайылымдар, суармалы жерлер бар. Ендігі кезекте, осы жерлер мемлекеттік мұқтаждыққа алынып, одан кейін елге беріледі. Міне, осы мәселелерді бақылауда ұстап отырмыз.Бір күнде барлық нәрсе орындала қоймайды ғой. Инфрақұрылым мәселесінде барлық шаруа қаржыға келіп тіреледі. Ауыл әкімшілігінде қауымдастық, басқа да қоғамдық ұйымдардың қолдауымен болатын іс. Бізде Диқанабад деген жерге елді мекен дәрежесін беретін болсақ, халыққа барынша тиімді болады. Бұған бірқатар демеушілік жасайтын жергілікті кәсіпкер меценаттар бар болса, инфрақұрылымын салу жұмыстары әлдеқайда арзанға түсер еді. Ең маңызды сол елді мекендердің шекаралары бекітілді. Ескі Иқан ауылының бас жоспары 2013 жылы жасалған. Қазіргі кезде сол 2013 жылы Бас жоспарды жасаған адамдардың өзінің көңілінен шықпай отырғаны түсінікті жағдай. Ол кезде бұған суармалы жерлерді көп енгізіп жіберген. Мәселен, Ескі Иқандағы 12-13 мың гектар суармалы жер болса, 300-400 гектары бас жоспарға еніп кеткен. Енді ол жерлерде отырған суармалы шаруашылығы бар адам босатпайды. Ауыл сыртынан 3-4 шақырым жерлерді белгілеп, үй салуға үгіттесек, онда ешкім бармайды. Балабақша, мектеп салмайды. Біз бір берген кезде 300-400 жер телімін беруіміз керек. Кемінде жүз гектар жер. Халық бір жерге шоғырланса, балаларды тасымалдау да оңайға түседі. Сонымен қатар онда сауда үйлері, балабақша, шағын мектеп воркауттар салуға мүмкіндік ашылады.
— Сіз сайлауалды бағдарламаңызда ауылдық жерлерде спорттық ғимараттарды салу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спорт түрлерін дамыту туралы айтыпсыз. Қысқы, жазғы спорт залдарын салуды қозғапсыз. Соған тоқталсаңыз.
-Бүгінгі таңда біздің Сауран ауданында спорт ғимараттары көптеп салынуда. Мықты спорт шеберлері шығып жатыр. Мысалға, оранғайлық азамат Азия чемпионатынан жүлдемен оралды. Өткен жылы Ескі Иқан ауылынан Мәтхия Құсманова деген қызымыз Азиялық ойындардан қола жүлдегер атанды. Әлем чемпионатына қатысатын Жасмина деген қызымыз бар. Бұл біздің ауылдағы жағдай ғана. Жалпы Сауран ауданында спортшы жасөспірімдеріміз көп. Бізде Мүтәліб Юлдашев атындағы спорт мектебі ашылды. Оның ішінде 300-дей оқушылар шахмат, қазақша күрес, дзюдо, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ секілді ондаған спорт түрлерінен шыңдалуда. Оранғайда «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен тұрғызылған спорт клубы бар. Осыдан екі апта бұрын Сауран ауданынан екі спорт мектебі ашылды. Алдағы уақытта Шорнақта және Шағада спорт ғимараттарын салу жоспарланып отыр. Қазір солардың штаттық құрамдарын бекітіп жатыр. Жақында біз мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімімен сөйлескенімізде кадр жасақтап жатқандығын жеткізді.
Өткен сессияда жазғы спорт алаңын салуға 35 миллион теңге бөлуге шешім шығардық. Ауыл үлкен болғаннан кейін үш-төрт жерде ашық алаңдардың болуы керек деп ойлаймыз. Оған да қажетті депутаттық сауалдарды дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен осы спорттық ғимараттарды салатын болсақ, жастарымыздың бос уақытын спортпен айналысуға жұмсауына мүмкіндік ашылатын болады. Оның сыртында бір спорт алаңында жаттыққаннан кейін, жарыстарға бірге барып, елдің намысы қорғап жүргеннен кейін жастар бір-бірін танып, туыстардай араласып кететін болады.
— Қазір Сауран ауданы аумағында кәсіпкерлер балабақша, мектеп кейбір спорт ғимараттарын салуды қолға алуда. Оны мемлекеттің қолдауымен заманауи қазіргі барлық талаптарға сай етіп жасауды қолға алу керек шығар.
— Бұл жерде құрылыс және сәулет басқармасының рұқсатымен салынады. Олардың қойып отырған талаптарынан шыққандары ғана спорттық ғимарат салуға жіберіледі. Менің жаңадан балабақша салып жатқан кәсіпкермен сөйлесіп қалған жағдайым болды. «Құрылыс және сәулет бөлімінің рұқсатымен белгіленген заман талабына сай ғимараттар ғана сала аламыз» дейді. Себебі, баяғыдай бір үйдің ішінен бабалақша аша салу деген мәселе қазір қалып барады. Ата-аналардың қоятын талабы да жоғары. Мемлекеттің бақылауы да күшейген. Бұрынғы салынғандары қазіргі заман талабына сәйкестендіріліп, қайта күрделі жөндеулерден өткізіліп жатқандары бар.
— Аудандағы қай сессияда өзіңіз депутаттық сауал жолдадыңыз? Оның оңтайлы шешілгені бар ма?
— Екі депутаттық сауал жолдадым. Бірі Сенатқа жолдап, Ескі Иқан ауылдық округін ағын сумен қамтамасыз ету туралы мәселе көтердім. Оның ішінде тариф мәселесі айтылды. Ол сауалнама бойынша әзірге құрылыс жұмыстары жүргізілуіне байланысты тарифті осы күйде қалатындығы, нысан пайдалануға берілгеннен кейін тарифтің ағын суға төмендейтіндігі белгілі болды. Бұл туралы «Казводхоз» кәсіпорны хабарлап отыр. Бұл мәселені Сенатта Түркістан облысының депутаттары Әлішер Сатыбалдиев пен Әли Бектаев қадағалап отыр. Енді өзіміздің ауылда бас жоспарға енгізілген балабақша мен балалардың жазғы спорттық ойын алаңы. Бұл депутаттық сауалды ауыл әкіміне жолдадық. Енді осы мәселені қадағалап, жобасын 2024-2025 жылдарға ұсынсаңыз деп отырмыз. Қазір де олар мемлекеттік актінің әзір екендігін бюджетке енгізуіміз керек екендігін жеткізді.
Біздің тағы бір көтерген мәселеміз Жүйнек ауылындағы Мәдениет үйі әкімшіліктің іргесінде, соның балансында. Соған күрделі жөндеу жұмыстарын жасау кезінде тағы да бірнеше бөлмелерді қосу жөнінде мәселе көтеріп отырмыз. Бүгінгі таңда Үшқайық ауылында Теке елді мекенінде кітапхана, мәдениет үйі, клуб, спорт алаңшасын бір ғимаратқа орналастырып салу мәселесі көтерілген. Осындай ғимаратты Оранғай ауылдық округіне қарасты елді мекеннің бірінен де бастамақпыз.
— Қазіргі таңда Сіз басқаратын комиссия қандай іс тындырды?
— Біздің комиссияда жұмыспен қамту, жастар ісі, ішкі саясат бөлімі, мәдениет, спорт бөлімдерімен тығыз жұмыс жасаймыз. Спорт пен мәдениетке жақсы тоқталып өттік. Оның сыртында тарихи мұраларды қорғау да мәдениеттің ішіне жатады. Бұл бағыттардың барлығы бойынша жоспарлап отырған жұмыстарымыз бар. Соның бәрін ретке келтіргеннен кейін келесі жылдары біз оның атқарылуын ашық айтып отырамыз. Өткен жолы Ішкі саясат бөлімінің есебін тыңдадық. Олардың есебі бойынша ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде тұрақты түрде бейнероликтер жасау мәселесі бар екен.
Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығының атқарып жатқан және алдағы уақытта атқарылмақшы мәдени іс-шараларына қолдау көрсетіп, бірге тығыз жұмыс жасауға уағдаластық. Оларға өз ұсыныстарымызды жеткіздік. Біз де әлеуметтік желі арқылы ауданда атқарылып жатқан барлық іс-шараларды ой елегінен өткізіп отырмыз. Ал, Жұмыспен қамту орталығындағы атқарылып жатқан жұмыстарды әлі зерттеп келе жатырмын. Ол өте бір ауқымды бөлім.
— Түркістан түркі дүниесінің орталығы болып жатқандықтан бұрынғыдай емес, саяхатшыларды магнитше тартатын креативті жаңа жобаларды жүзеге асыру жолдарын жасау керек шығар. Мәселен, Ескі Иқандағы Жүсіп ата сапар орталығының ғажайып сәулеті де музейі де, зиярат ету мазары да көз тартады. Осындай жобаларды жасауға болмай ма?
— Иә, дұрыс айтасыз. Жақында облыс мәслихатындағы сессиясында депутат Бекарыс Шойбеков Арыстанбапқа баратын жолдардың жайсыздығы туралы мәселені көтерді. Дәл осындай мәселе — біздің Сауран ауданындағы мәслихаттың сессиясында көтеріліп Үкаша ата бағдары бойынша жұмыстарды саяхатшыларға, зиярат етушілерге барынша қолайлы етіп жасаудың жолдары қарастырылуда.
Осыдан екі жыл бұрын Ескі Иқандағы кәсіпкерлердің қолдауымен Жүсіп ата сапар орталығы ашылды. Бүгінгі таңда оның ішіне кірсеңіз мыңдаған жылдардағы тұнған тарихтан сыр шертетін құнды құжаттар, құран кітаптар, тарихи тұлғалар, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын қолданбалы өнер туындылары қойылған. Түркістан төңірегінен шыққан ғалымдардың жұмыстарына жастар қызығушылық танытып отыр. Сондықтан ақпаратты QR-код арқылы алу жүйесін де енгізуге болады. Енді алдағы жылдары қонақтарды күтіп алатын орындар мен асханасы, қонақүйі, сыйлықтар мен зергерлік бұйымдар дүкендері бой көтеретін болады. Алдағы уақытта Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге бірнеше бағдарларды бекітіп, соның ішінде жеті ғасырлық тарихы бар (1286-1357) Қауам ад-дин Әмір Катиб әл-Итқани (Иқани), әл-Түркістани Әль-Фараби бастаған даналарымыздың еңбектері енді ашыла бастады. Бай тарихы бар халқымыздың төл мәдениетіне түзу көзқарас енді орнығып келеді. Ендеше, барлық сала мәдениеттің түп қазығына байланғандығы туралы үлкен сахналарда емін- еркін айта аламыз.
-Әңгімеңізге үлкен рахмет.
Сұхбаттасқан:
Ләззат САРЫБАЕВА.