ЖАҢА СЕРУЕН АЙМАҒЫ САЛЫНАДЫ

50

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Спорт шағынауданынан дендросаябаққа дейінгі аралықтағы балалар теміржолының қазіргі жағдайымен танысты. Бұған дейін жергілікті халық бұл нысанның жылдар бойы тоқтап қалу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Ескере кететіні, бүгінде тар табанды темір жол желісін қайта құру қыруар қаражатты қажет етеді.Себебі, қазір нарықта тар жолдарға арналған локомотивтер мен вагондар шығарылмайды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай композицияның тапсырысы көп уақытты алады, ал құны тым қымбатқа түседі. Сонымен қатар, теміржолдың біраз бөлігі тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Жолдың екі жағынан тиісті қауіпсіздік арақашықтық сақталмағандықтан, бұл аумақ адам өміріне қауіп төндіреді. Жағдайды жан-жақты зерделеп, Арғынбеков – Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаңа жаяу жүргіншілер жолын салудың тұжырымдамасын дайындауды тапсырды.
Жоба аясында жүгіру және велосипед жолдарының ұзындығы ұлғайып, ағаштар отырғызылады, көгалдар төселеді, бірнеше воркаут алаңдары салынады. Азаматтардың белсенді демалуына бағытталған бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, қаладағы үш субұрқақ қайта жаңғыртылады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ордабасы алаңында және Түркістан, Тәшенов көшелерінің қиылысындағы «Көл» деп аталып кеткен субұрқақтарды жаңарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Жаңғырту аясында Әл-Фараби ауданында орналасқан жасанды су айдынын қалпына келтіру жоспарлануда. Қазір оның айналасын абаттандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, су қоймасының аумағында субұрқақ іске қосылады. Жобада орындықтар, заманауи жарықтандыру шамдары мен көгалдандыру қарастырылған.
Ал, Ордабасы алаңында жаңартылған субұрқақтар іске қосылады. Қайта құру барысында жақын маңдағы аумақты жабдықтау жоспарлануда. Бұл шаралар өз кезегінде мәдени нысандарға халықтың көптеп келуіне мүмкіндік береді.
Заман талабына сай жаңартылған демалыс орындары қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды әрі бос уақытты тиімді өткізуге арналған жайлы орын болады.
Жобалар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылатын болады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі