АУДАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға ауданның дербес бөлім басшылары да қатысып, әртүрлі мәселелер бойынша тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Қабылдауға келген 6 азаматтың өтініштері әр түрлі салаға қатысты болды.
Алғашқы мәселе тұрғын үй жөндеу бойынша көмек сұраған азаматтан келді. Ол өзінің үйін жөндеуге қаржылай көмек алу үшін әкімдікке өтініш білдірді. Аудан әкімі бұл мәселені қарастырып, қажетті шаралар қабылданатынын айтты. Екінші өтініш 2.5% несиені алу мәселесіне қатысты болды. Тұрғын өз кәсібін дамыту үшін жеңілдетілген несие алуға көмек сұрады. Бұл мәселеге де тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Тұрғын үйге арналған жер дауын шешу туралы өтініште назарға алынды. Қабылдау кезінде осы мәселелер бойынша шешімдер ізделіп, заң аясында тұрғындардың құқықтарын қорғау жолдары қарастырылатыны айтылды. Ауыл ішіндегі көпір мәселесі де көтерілді. Бұл сұраққа қатысты аудан әкімі жол құрылысын және көлік қатынасын жақсарту үшін тиісті бөлімдермен жұмыс істейтінін мәлімдеді. Зейнеткерлердің белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу туралы ұсынысы да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, суармалы жер телімі және шаруашылыққа жарық тарту мәселелері де көтерілді. Бұл сұрақтар бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров барлық тұрғындардың өтініштеріне тыңғылықты қарап, шешім қабылдау үшін тиісті бөлімдермен бірге жұмыс істейтінін және әрбір мәселенің бақылауда болатынын атап өтті. Тұрғындар мен әкімдік арасындағы байланыс пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бұл қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұрады.