ТҮРКІСТАН: ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
24 қаңтарда Түркістан облысының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының кезекті отырысы өткізілді. Комиссия отырысына терроризмге қарсы облыстық комиссияның мүшелері мен құзырлы органдардың басшылары, тиісті департаменттердің басшылары және аудан, қала әкімдері қатысты. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Комиссияның белгіленген жұмыс жоспарына сәйкес, күн тәртібінде «Дене шынықтыру және спорт саласында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасының орындалу барысы», «Террористік тұрғыдан осал объектілердің жай-күйі және кездесіп жатқан мәселелер, оны жоюға бағытталған ұсыныстар туралы», «Діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрғындардың иммунитетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық-насихаттық жұмыстарына қатысты мәселелер және оларды шешу жолдары» жөнінде баяндамалар жасалып, мәселелер талқыланды. Сонымен бірге 2024 жылдың қорытындысымен ТҚК қызметі саласындағы орындаушылық тәртіп туралы мәселелер қаралып, баяндамалар мен сын-пікірлер тыңдалды. Сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар берілді.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров мәселенің маңыздылығына тоқталып, ұсыныстар мен пікірлер ескерілетінін жеткізді. Жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, бұған дейін биыл облыс әкімінің төрағалығымен Түркістан облысының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының 3 отырысы және облыстық ТҚК аппараты жанындағы жұмыс тобының 22 мәжілісі өткізілген.