ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН КӨП ЖЫЛДАН БЕРІ ҒИМАРАТ ҚАЖЕТ БОЛЫП КЕЛГЕН 4 МЕКЕМЕНІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ
Көп жылдан бері ғимарат қажет етіп келген Түлкібас ауданының мүгедек балаларды оңалту орталығының қос мекемесі, апатты деп танылған Өнер мектебі және ғимарат таршылығын сезініп келген аудандық Білім бөлімі, Агробизнес және саяхат колледжінің бос тұрған корпусына орналастырылатын болды.
Бұл жерде 2360 шаршы метр құрайтын колледж ғимараты аудан әкімдігінің теңгеріміне алынып, аталған 4 мекемеге қажеттілігіне қарай бөлініп берілді.
Аудан басшысы Аскар Сұлтанұлы аталған ғимаратқа жауапты орынбасарлары және тиісті мекеме басшыларымен бірге арнайы барып, ғимаратты бөлу және ретке келтіру мәселесін пысықтады.
Жауапты мекеме басшыларына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті сметалық құжаттарды тез арада дайындап, ғимаратқа орналасу мәселесін жылдамдатуды тапсырды. Сонымен қоса, мүгедектігі бар жандарға кіріп-шығуға ыңғайлы жағдай жасау, талапқа сай пандус орнату, газға қосып, жылу жүйесін ретке келтіру, интернет тарту бойынша тиісті шараларды атқаруды жүктеп, мекемелер толық орналасқанша ғимаратты қалпында сақтау мақсатында қарауыл қою керектігін ескертті.