ШЫМКЕНТ – БИЗНЕСКЕ ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА
Бүгінде Шымкентте 130 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл 21,05 млрд теңге қаржы қаралған. Оның 18,65 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 2,4 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Одан бөлек қаңтар-наурыз айларында қаладағы бөлшек сауда көлемі 191,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,9 пайызға ұлғайған. Бөлшек сауда көлемінің артуына қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарының құрылысы, жаңа сауда нүктелерінің ашылуы және базарларды модернизациялау ықпал етпек. Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында айтты. Брифингте 2024 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстардың есебі беріліп, 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды.
ӨНДІРІСТІҢ ДАМУЫ – ҚАЛАНЫҢ ӨСУІ
Жалпы өңірлік өнім құрылымында ең жоғары үлес салмағын өңдеу өнеркәсібі – 19,1%, көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдер жөндеу – 18,3%, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 14,3%, өнімге салынатын салықтар – 8,6%, білім – 8,4%-ды құрайды.
Шымкент қаласы өңдеу өнеркәсібінің 18 тауарын өндіруден республикада үздік үштікке енеді. Атап айтқанда, эфир майы, синтетикалық штапель талшықтардан жасалған маталар, түкті сүлгілер мен мақтадан жасалған ұқсас түкті маталар, қоспалы болат және қуыс профильдер, керамикалық тақтайлар және т.б. өндірісі.
Қалада өңдеу өнеркәсібі салаларының (құрылыс материалдары өндірісі – 15, жеңіл өнеркәсіп – 11, азық-түлік – 10, металлургия – 8, машина жасау саласы – 5, фармацевтика – 4) 57 ірі және орта кәсіпорны шоғырланған, олардың 54 өнімді сыртқы нарыққа шығарады.
«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша жаңа өндірістер саны» индикаторы бойынша 2024 жылы 1 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 885 өнеркәсіптік кәсіпорын шоғырланған, оның ішінде 20 – ірі, 49 – орта және 816 – шағын өндірістер. 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіптік кәсіпорындарымен өндірілген өнімнің көлемі 250,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс индексі 4,3 пайызға артты.
Мамандар 2023 жылы қалыптасқан өсу тенденциясын есепке ала отырып, 2024 жылы өнеркәсіпте өндірілетін өнім көлемі 1 107,5 млрд теңгеге жетеді деп болжайды. Осы жылдың 3 айының қорытындысымен Шымкент қаласына 98,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі 13,2 млрд теңге, ал жекеменшік инвестициялар 85,6 млрд теңгені құрады.
2024 жылы жалпы 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға артуы күтілуде. Басқарма мәліметіне сүйенсек, 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн теңгеге 219 инвестициялық жобалардың пулы жасақталды. Бұл жобалардың орындалуы жаңа 32 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.