ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ- ВАКЦИНА
Елімізде қызылша ауруы бойынша эпидемиялогиялық жағдай күннен күнге нашарлап барады. Инфекциялық аурудың алдын алудың жалғыз жолы-екпе алу. Бұл туралы мамандар Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасында өткен дөңгелек үстелде талқылады. Жиынға қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Шымкент қаласының санитариялық — эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері, емхана мамандары, мешіт имамы және православ шіркеуінің өкілі қатысты.
2023 жылдың наурыз айынан бастап Шымкент қаласы бойынша қызылшаға күдіктің 2749 жағдайы тіркелді. Науқастардың ішінде балалар 87% құрайды. Оның үстіне, олардың шамамен 60%-ы ата-аналарының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы екпе алмаған.
“Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар өмір бойы қызылшаға өте сезімтал болып қалады және кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін.Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес бірінші егу 12-15 айлық балаларға, екіншісі 6 жастағы балаларға сау фонда жүргізіледі. Қосымша қызылшаға қарсы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша бұрын қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған, вакцинация туралы мәліметтері жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдар аурумен байланыста болған кезде 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне және қалауы бойынша 30 жастан асқан адамдарға егіледі. Бүгінгі таңда қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинация жүргізу үшін қаланың емханаларында балаларды осы ауруларға қарсы жоспарлы тәртіппен және ошақтардан байланысқан адамдарға иммундау жүргізу үшін вакцинаның жеткілікті қоры бар.
Күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты вакцинациялау қажет, осылайша халық арасында аурудың және инфекцияның таралуына жол бермеу керек! Балалардың қызылшамен ауыруын болдырмау үшін вакцинация қажет. Ата-аналардан балаларын вакцинациялауға жәрдем көрсетулерін сұраймыз”-дейді Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау қорғау бөлім басшысы Инна Глазебная.
Сондай-ақ жиынға қатысқан Тұран ауданының бас имамы вакцинаны діни наным-сеніммен шатастыруға болмайтынын айтып, керісінше өзі және жақындары үшін ауруды алдын алуға шақырды.
“Алла тағала әрбір дертті емімен қоса жаратты. Жалғыз дерт бар емі жоқ, ол қартаю. Сондықтан аурудың емі мен алдын алуға мән беру керек. Қазіргі таңда қоғамда вакцинадан бас тарту туралы сөздер жиі айтылуда. Негізінде ислам оған қарсы емес, мұсылманшылық оған қарсы емес. Біздің кез келген дертімізге мамандар ұсынып жатқан емді біз өзіміз, бала шағамыз және жақын жандарымыз үшін қабылдағанымыз абзал”-дейді “Тұран” ауданының бас имамы Ақтөре Тұрапбай.