ҚАРҒЫН СУДЫҢ ҚАУПІ СЕЙІЛДІ

127

дегенмен байырғы су арналары немқұрайлылықты көтермейді

Өткен аптаның бейсенбісіне қараған таңда өңіріміздің бірқатар аймақтарында су тасқыны орын алған болатын. Соның ішінде Сауран ауданына қарасты Шаға, Бабайқорған, Майдантал және Ораңғай ауылдық округтерінде қауіпті жағдай орын алды. Тосыннан жауған жауынмен бірге, еріген қардың әсерінен Шаға, Бабайқорған, Майдантал, Оранғай ауылдық округтеріне қарасты елдімекендердің біршама бөліктері су астында қалды.

Сол сәтте газет редакциясының қызметкерлері Бабайқорған ауылдық округіндегі орын алған оқиға орнына барып, мәселенің мән-жайын өз көзімен көріп қайтты. Қарғын су салдарынан жапа шеккен Бабайқорған ауылының тұрғыны Бексұлтан Изатуллаевтың айтуынша араға 7 жыл салып келген бұл дауыл үй-үйді аралап, темір тұлпар былай тұрмақ, адамдардың жүруіне де кедергі келтіруде. Бексұлтанның жол бойында тұрып, 30 қадам жердегі үйіне жете алмай, үйдің ішіндегі жағдайды көше бойында тұрып баяндағанда біздің де денеміз түршіккені рас. Ауыл тұрғындары таяуда ғана өткен аудан әкімінің есеп беру жиынында дәл осы тақырыпта сұрақ қойған екен. Сол кезде шенеуніктер «біз төтенше жағдайға сақадай саймыз»-деп тіл қатқанын жеткізген бабайқорғандықтар ақжағалылар оқыс жағдайға толық дайын болмай шыққанын айтады.

Қыста жауған жауынның әсерінен Қаратау бөктеріндегі ақұлпа еріп, өзен арнасына сыймай, жақын маңдағы елді мекендердің бірнеше ауласы мен үйлеріне қауіп төндіргенін ашына жеткізген көпшіліктің хәлін біз де өз көзімізбен көрдік.

Сонан соң әлгі ауыл азаматтары айтқан есепті жиын барысында айтылған дайындықтың деңгейі осы ма деген сауал төңірегінде әкімдік өкілдерімен жолықтық. Олар да қолдан келген шараның бәрін жасап жатқанын айтып бағуда. Бұл ретте Сауран ауданы әкімдігінің жұмысын жоққа шығара алмаймыз. Тұрғындардың «жауапты салалар кеш қимылдады» дегені болмаса, сол күні түс ауа барғанымызда әкімдік қызметкерлерінен бастап, жауапты сала өкілдерінің тынымсыз тірлік үстінде жүргенін көзіміз көрді. Арнайы штаб құрылып, аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев бастаған топ өздеріне қарасты барлық аймақтарда қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанына куә болдық.

Тарқатып айтсақ, 3 ақпан күні осы аудандағы Бабайқорған, Майдантал және Шаға ауылдық округтері аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялану туралы шешім шыққан болатын. Төтенше жағдай орын алған Шаға, Бабайқорған ауылдық округтерінде жедел әрекет ету штабтары құрылып, құзырлы мекемелердің қызметкерлерінен тұрақты кезекшіліктер ұйымдастырылды. Ауылдық округтерде зардап шеккендерге келтірілген залалды анықтау мақсатында арнайы құрылған комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізіп, (фототүсірілім, мемлкеттік акт т.б.) дәлелді құжаттар жинақтады.

Осындай табиғи апат кезінде 48 техникамен 97 қызметкер жұмылдырылып, елдімекендерді құтқару жұмыстарына атсалысқан. Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан 2-техника, 4-мотопомпа, 39-жеке құрам жұмыс жасады. Оқиға кезінде жұмсалған құм толы қаптар саны – 8100, қосымша 10000-дана қап резервте дайын тұр. Аудан бойынша жалпы 152 үйдің ауласына су кіріп, 71 үй зардап шекті. Қауіпсіз жерге көшірілген адамдардың жалпы саны 177 болатын, олардың 107 і балалар.

Су тасқыны салдарынан Шаға ауылдық округі, Шаға елді мекенінде табиғи газ құбыры мен ауыз су құбыры толығымен істен шықты. 3 ақпан күні аталған елді мекенде табиғи газ жүйесі, ал 5 ақпан күні ауыз су жүйесі іске толығымен қосылды. Сондай-ақ, Шаға елді мекені көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы 3 тонна көлемінде жанармай жұмсалған. Төтенше жағдайға байланысты жергілікті резервтен 37,5 млн теңге қаржы қаралған. Одан бөлек Шаға, Жүйнек, Үшқайық елді мекендеріндегі өзен арналарына механикалық тазалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 25 млн теңге қаралды. Сауран ауданына қарасты басқа да ауылдық округтерде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қауіпті жерлерге қосымша арықтарды механикалық тазалау, бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, Майдантал мен Ораңғай ауылдық округтерінде алдын алу жұмыстары дер кезінде атқарылып, қауіптен сейілді.

Сонымен бірге, қиын кезеңде ауыл тұрғындарына қол ұшын созған азаматтарды да айтпай кетуге болмас. Оқиға орын алған күні қолында бар техникасын алып, туған жеріне құстай ұшқан Сержан Байысбаев мырзамен ауылда жүріп жолықтық. Екінші ақпан күні орын алған төтенше жағдайды ести сала Бабайқорған ауылына келген. «Бабайқорған елді мекенінен бастап қолдан келген көмегімізді беріп жатырмыз. Қазіргі таңда туған жерімізге көмек ретінде жан–жақтағы серіктес, бауырларымыздан көмек сұрап, 30-ға жуық адаммен 7 техника әкелдік. Судың алдын бөгеу мақсатында түрлі жұмыстар атқарылды. Қазір де судың деңгейі біршама төмендеді. Алайда Қанайкеткен өзенінің төбе жағын бекітіп жатырмыз. Алдағы күндері тағы тасқын қаупі болса, оған да дайын болуымыз керек»,- дейді ауыл азаматы.

Қалай болғанда да біз көрген Бабайқорған ауылдық округінде кешке қарай қарғын судың екпіні басылды. Көрген көзде жазық жоқ. Үлгілі ауылында бір үйдің мал қорасының қабырғасы құлаған. Сонымен бірге, бір баспананың шаңырағы ортасына түсіпті.

Осы жағдайға байланысты ауылдағы аға буын өкілдерімен тілдескенімізде тұрғындардың да көнекөз қариялардың сөзіне құлақ аспай, өзімбілермендікке басып құрылыс салуы, су арнасын өзге бағытқа бұру әрекеттері оқыс оқиғаның орын алуына жол ашып отырғанын ашына айтады. Қалай дегенмен де болар іс болды. Табиғаттың тосын мінезіне кез келген уақытта әзір болу үшін сала мамандары мен ауылдағы жөн білетін жандардың ойлары бір арнаға тоғысса су арнасы көпшілікті мұншалықты әбігерге салмас па еді деген ой келеді осындайда. Бастысы ел аман болсын.

Мәлік ДӘУЛЕТОВ.