ТҮРКІСТАНДА ДІНИ КОНФЕССИЯ БАСШЫЛАРЫ КЕЗДЕСТІ

209

Бүгін Түркістанда 18 қазан – Рухани келісім күніне орай, өңірдегі діни конфессия басшыларының қатысуымен арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Жиынды Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы жүргізіп отырды. Кездесуде ел бірлігін күшейту, дінаралық қарым-қатынастарды нығайту және рухани әлемдегі мәселелер талқыланды.
Рухани жүздесуде Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша бас имамы Ержан Төлепов, Шымкент және Түркістан епархиясының «Шіркеу және қоғаммен байланыс» жөніндегі бөлімінің басшысы Александр Могилевский, «Елуліктер толық інжілдік христиан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Павел Семлянских, «Сарыағаш кәріс жергілікті шіркеу (қауымының) евангелие–христиандық уағыздау» жергілікті діни бірлестігінің миссионері Ли Хоан-Тэк, «Жетісай қаласының інжілдік мәсіхші-баптистердің қауымы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Братан Валерий және «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігінің жетекшісі Виталий Смольянов және басқа да дін өкілдері сөз сөйледі. Сонымен бірге облыстық мәслихат депутаттары Елшібай Ғалымжан, Әшірбеков Ханай сөз сөйлеп, пікірін білдірді.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Амантайұлы өңірдегі діни конфессиялардың өзара ынтымақ-бірлігі мен қоғамдағы рөлін сөз етті.
«Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі еліміздің бастамасымен Қазақстанның елордасы Астана қаласында тұрақты өтіп жүр. Дәл қазір еліміздегі дін саласындағы мәселелер дұрыс шешімін тауып қана қоймай, дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп айта аламыз», деді ол.
Жиын соңында діни конфессия жетекшілеріне мерекеге орай алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.
Бүгінде Түркістан облысы аумағында 6 діни конфессияға енетін жалпы 796 діни бірлестік жұмыс атқарып келеді. Олардың қатарында исламдық емес бағыттағы 30 жергілікті діни бірлестік пен оның 2 филиалы бар. Сонымен бірге исламдық бағыттағы, яғни, ҚМДБ-ның филиалдары санатында 764 мешіт елге қызмет етіп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі