ЖАҚСЫЛАРДЫҢ КЕУДЕСІ АЛТЫН САНДЫҚ

227

Шымкент қаласында тұратын Өркен Әбдіреев ақсақалды танымайтын адам кемде-кем шығар. Бүгінде тоқсанды алқымдағанына қарамай, қаланың дамуы мен көріктенуіне белсенді үлес қосып жүрген ардагердің тынығып отырғанын көрмейсіз. Тұрғындардың әкімдікке деген ұсынысын, аулада атқарылуы тиіс жұмыстың барлығына Өркен атаның өзі білек сыбана кірісіп жүреді. Ғұмыры ғасырға жуықтаған ардагердің көкірегі асыл қазынаға толы. Тыл және еңбек ардагерімен арнайы сұқбаттасып қайтық.

Өркен Әбдірейімұлы – қаладағы Жібек жолы көшесіндегі 125 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің үй басқарушысы. Жастайынан тылда еңбек еткен кейіпкеріміз бейбіт заманда да бір сәт бос отырғанды құп көрмейді. Көппәтерлі үй тұрғындарының талап-тілегін аудан әкімдігі, одан қалса қала әкіміне жеткізіп, аулаларды абаттандыру, қолайлы орта жасауда күш-жігерін аянбай жұмсап жүрген арда азамат. Қарияның еңбекпен өрілген өмір жолы көпке үлгі, жастарға өнеге деуге болады.

–1935 жылдың 12 маусымында дүниеге келіппін, — деп ардагер әңгімесін бастады. – Әкем соғысқа аттанған соң анам екеуіміз нағашы атамның үйіне көшіп келдік. Сұрапыл соғыс талайдың өмірін қиғаны секілді бізді балалығымыздан айырды. Асыр салып ойнау жоқ, 1943-1945 жылдары үлкендермен бірдей колхоздың астығын өгіз арбамен станцияға тасыдық. Алайда, білімге деген құштарлығымнан кез келген қиындыққа қарамай, мектепте үздік оқыппын. Ол кезде қазіргідей әр ауылда бір мектеп салынбаған. Район орталығында жалғыз интернат болатын. Кім жылы сөйлеп үйіне шақырса, сол жерді паналап оқыдым. Қанша рет мектеп ауыстырғаным есімде жоқ, 1953 жылы мектепті Шымкент қаласында бітірдім,– деп өткенін еске алды.

Мектепті бітірген жылы Ө.Әбдіреев Ташкент қаласындағы тоқыма институтына түсіп, 1958 жылы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтапты. Жас маманды Арал ауданындағы мақта зауытқа өндіріс меңгерушісі қызметіне жолдайды. Екі жыл өтіп зауыттағы табысты еңбегінің арқасында 1961 жылы Жетісай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған.

–Жетісайдағы үш жылдық қызметтен кейін 1964 жалдан бастап Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы былғары кендір комбинатында 12 жыл директор қызметінде болдым. Мені сонда жіберген кезде алғашында қорқыныш болды. Зауыттың жұмысымен таныса келе, ондағы техникалардың тозғаны, тері илегенде одан шығатын иіске төзіп болмасына көзім жетіп, ең алдымен жабдықтарды жаңалауға кірістім. Жоғары жаққа жиі хат жазып, бізге жаңа қондырғы қажет екенін түсіндіріп, нәтижесінде комбинаттың құрылғылары жаңарып, өнімділік екі есеге артты. Ал, 1976 жылы Шымкент қаласындағы мақта зауытында мақтаны дүниежүзіне тарату бөлімінің басшысы қызметін атқардым. Қызмет барысымен Кеңес одағының 10-ға жуық қаласында және шет елдегі Франция, Португалия және Қытайда болдым. Ол кезде біздің өнімдеріміз, яғни Шымкенттен шығатын тауарлар әлемге әйгілі еді, – дейді кейіпкеріміз.

Уақыт өте білікті маманның еңбегі еленіп, «Қызыл ту» ордені және 12 медальмен марапатталған. Еңбекті ту еткен ардагерден 4 ұл мен 3 қыз өрбіп отыр. Зейнетке шыққаннан бері Жібек жолындағы №43 үйдің төрағасы міндетін атқарып келеді. Осы уақыт аралығында ауланы асфальттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру, тазалықты сақтау, әсіресі 125 пәтердің жылу құбырын жаңасына түгелдей ауыстыруға атсалысқан.

–Зейнетке шыққан соң қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Саттар Ерубаев атындағы №24 мектептің жиналыстарына қатысып, тәрбие ісіне көмектесіп келемін. Оқушыларды «Жас ұлан» қатарына қабылдаймыз. Мектеп басшылығымен бірлесе оқушылармен жиі кездесіп, еңбек жолымды айтып беремін. Жас күнімде еңбек, жұмыс десе барымды салушы едім. Мақсатым – қазіргі жас буын егемен елімізді дамыту жолында аянбай еңбек етсе екен деймін, -деді Ө.Әбдіреев.

Бар ғұмыры адал еңбекпен өткен кейіпкеріміз Шымкенттің бүгінгі тіршілігі мен дамуы жолында да белсенділік танытып келеді. Қала шаруашылығына қатысты ұсынысын аудан әкімдігіне жеткізіп, бүгінде өзі төрағалық ететін көпқабатты үйлердің ауласы мұнтаздай, ағаштары жайқалып өсуіне, гүлдермен көмкеруге, балалардың аулада алаңсыз ойнауы үшін спорт пен ойын алаңшасын орнатуда да Өркен атаның еңбегі жатыр.

–Шымкент – еліміздегі қалалардың ішіндегі ең көрікті шаһара атануы үшін бар жігерімді салуға дайынмын. Президент Қ.Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдаймын. «Жаңа Қазақстанның» құрылуына күмәнсіз сенемін. Еліміз бай-қуатты болып, әлеуметтік мәселелердің оң шешімі табылып, халқымыз гүлденген Қазақстанда табыстан табысқа жетеді деген сенімім мол. Өйткені, біз ынтымақты елдің мұсылман азаматтарымыз. Қазақ елі ең күшті, мәдениетті, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекет болсын, — деп Өркен Әбдідейімұлы сөз соңында қолын жайып, батасын берді.

Дана халқымыз «жақсы адам қартайса, жанып тұрған шоқтай» деген сөзді қартайғанда айналасына шуақ шашатын Өркен ақсақалға қарата айтқандай.

«Еңбегің адал болса, еңбекқор адамды қоғам өсіреді, көпке танытады, беделін арттырады» дейді. Еңбегімен елге танылған, тәрбиесінде тағылым, ақылында даналық жатқан көпті көрген, асыл ардагеріміз бақытты күн кешіп, қай кезде де халқына сүйеу, жұртына қамқор боп, жүзінен қуаныш пен күлкі кетпей, аман-сау күн кешкей.