АҚЫН ЕСІМІ ЖҮРЕККЕ ЖАЗЫЛҒАН КҮН

227

Шымкентте Абай күні тойланды. Абайды ұлт болып ұлықтайтын ерекше мереке Абай саябағындағы хакімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл мейрам – ұлы Абайдың есімі жүрекке жазылатын күн. Ақын жырларын тебірене оқып, әндерін әуелете салатын күн. Саябақта «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әуеледі. Махаббат пен тағылымға толы өлеңдер де оқылды. Саябаққа жиналған көпшілік Абай мұражайын аралады.

Айтулы мереке қарсаңында қала көлемінде біршама іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Соның бірі, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі, Опера және балет театры бірлесе, қала тұрғындары арасында «Абай әлемі» байқауын өткізді.

Әлеуметтік желіде жарияланған байқауға 150-ге жуық адам қатысты. Қатысуға ниет еткен қала тұрғындары Абай өлеңін, не қара сөзін жатқа оқып, видео түсіріп, ұйымдастырушылардың парақшасына жіберіп отырған. Байқаудың шарты бойынша көп қаралым жинаған 20 қатысушы екінші кезеңге өтіп, айтулы жиында әділ-қазылар алдында өнерлерін көрсетті. Байқаудың ең кішкентай қатысушысы 6 жаста екен.

Ең көп қаралым 36000 болған. Іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, поэзияны сүйіп оқитын қала тұрғындарын ынталандыру, қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, оқу дағдысын жетілдіре отырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана оқырмандарының санын арттыру болды.

– Халықты білім, еңбек, өнер жолына жетелеген ұлы Абайдың шығармаларын насихаттау бәріміздің парызымыз. Өмірін жарқын, келешегін кемел еткісі келетін кез келген адам Абай өлеңдерінен нәр алады. Абай күні мерекесі халықтың, әсіресе жастардың жыл сайын асыға күтетін мерекесі болсын лайым, – деді өзінің құттықтау сөзінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шакеев.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан өнерпаздарды әділ қазылар бағалап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстады. Бас жүлде Шымкент қаласының тұрғыны, ұстаз Мақсат Айтжанұлына бұйырды. Мақсат «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» деп әділдік іздеп жырлаған ақынның өлеңін оқығанда мына әділдігі аздау бүгінгі күн күңіренгендей болды.

Қазақстанда бір облыс, үш аудан, бір қала, үш аймақ, алты ауылдық округ, 19 ауыл, бір қыстақ ақын, ағартушы есімімен аталады. Сондай-ақ, республикада Абай Құнанбаев атындағы 99 мектеп бар. Олардың ішінде 4 бастауыш және лицей, 10 гимназия, 80-ге жуық орта мектеп бар. Абай атындағы 1441 көше, 12 даңғыл, екі өткел, бір алаң, екі қиылыс және бір квартал бар.