ҚЫРЫҚ ШАҢЫРАҚ – ҚЫРЫҚ ТАҒДЫР!

99

Киелі Түркістан қаласының тұрғыны, ұлағатты ұстаз Райымжан Қошқаровты мен білгелі не заман!? Осы өте салмақты, жүзі жылы азаматтың ұстаз екенін, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген ұлағатты жан екенін білуші ем.

Ал, ол кісінің «Үлес» қайырымдылық қоғамдық қорындағы қайырлы істері туралы бүкіл Түркістан жұртшылығы айта бастағанда бір-ақ білдім. Атам қазақ айта беретін «Ұлық болсаң, кішік бол!»- деген осы шығар. «Ақсұңқардың баласы жан-жағына шашып жейді» деген мақал да осы түркістандық жерлесіме арналған сияқты.

Райымжан Қошқаров басқарып отырған «Үлес» қорының қайырымды қадамы, шын мәнінде, айтуға тұрарлық. Аталған қордың мүшелері бірнеше жылдан бері жылда бір үй салып, үй-күйі жоқ отбасыға тегін береді! Мұндай қадамға баруды үлкен ерлікке теңер едім мен. Үй болмай — күй болмайды. Көшіп- қонып, әркімнің босағасын сағалап жүргеннен артық қиындық бар ма? Міне, осындай жағдайы жоқ отбасыға «Үлес» қорының мүшелері жаңа жылда жаңа үйдің кілтін табыс етті. Бұл үлестіктер салған қырқыншы үй Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Мұстафаева, тағы басқа да ресми орын, зиялы қауым өкілдері қатысып, бояуы аңқыған су жаңа үйдің кілтін табыс еткендегі әлгі отбасының қуанышын көрсеңіз. Адамзат баласын бақытты ете білудің өзі үлкен бақыт екен ғой. Бұл игілікті іске көпшілікпен бірге сырттай сүйсініп, жүрегім оларға деген алғыс сезімге толып, қатты тебірендім. Арада біраз уақыт өткенде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Ынтымақ үйінде» жиын өткізіп, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелерін, түрлі этнос орталықтарының өкілдерінің басын қосып, «Ынтымақ, бірлік, келісім — ең асыл байлық ел үшін» деген тақырыпта алқалы жиын өткізді. Осы басқосуға Райымжан Қошқаров та қатысып, күн тәртібіне шығарылған ынтымақ, бірлік мәселесі туралы ойын ортаға салып еді. Сол жолы да аз сөйлеп, көп іс тындыратын, өзі де, сөзі де қарапайым азаматтың алпауыт кәсіпорын шамасы келсе де, атқара қоймайтын салмақты жүкті мойнына артып, жүзеге асырып жатқанына қайран қалып едім. » Осы біз неге жақсыны өзге жақтан іздейміз? Жақсы адамдар жанымызда жүр ғой»- деп ойладым. Жүзіне қарасаң, жылылық төгіліп тұрған азаматпен тілдесіп, қайырымдылық қорының мән- жайын кеңірек білгім келген. Алайда, алды- артымызға қаратпайтын тіршіліктің ағымымен аялдап тұрып сөйлесудің реті келмеген.

Сол мүмкіндіктің сәті жер-әлемге нұр сыйлаған Наурыз мерекесінің қарсаңында түсті. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жылғы ұлыстың ұлы күні «Наурызнама» онкүндігінің аясында кеңінен аталып өткені баршаға аян. Түркістандықтар да осы ұлық мейрам шеңберінде көңілге шуақ төгетін қаншама іс-шараның ұйтқысы болды. Үнемі игілікті істің басы- қасынан табылатын облыстық ақсақалдар алқасы 15-наурыз қайырымдылық күніне орай әлеуметтік жағдайы төмен 42 отбасыға азық-түлік таратты. Бұл жолғы қайырымдылық акциясына демеуші болған іскер басшы Жанар Амангелдіқызы Темірбекова басқаратын Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і екен. Көшбасшылар сөз сөйлеп, жәрдем алуға келген халық абыр- сабыр болып жатқан осы жиыннан Райымжан Қошқаровты көріп, көптен бері көкейімде жүрген сауалды қойдым:

«- Бұл бастаманы біз 2010-шы жылы бастаған болатынбыз, — деді ол әңгімесінде, — Осы халыққа қажет игілікті істі атқарып жатқанымызға он төрт жыл болды. Бастапқыда ең алғашқы үйімізді үш жыл салдық. Ол үйді бітіріп, үлкен баласын үйлендіріп, кілтін тапсырғанбыз. Одан кейін бір жылда бір үйден сала бастадық. Бір жылда бес үй салып тапсырған жағдайға жеттік. Жанымыздағы жігіттер көбейді. Бізге әркім өз еркімен келеді. Бағалай білсек, жанымызда жақсы адамдар көп. Жәйдан-жай, себепсіз ештеңе болмайды. Белгілі бір отбасына үй салып беретін кезде бәрі жан-жақты тексеріледі. Қайта-қайта тексеріледі. Расында да сондай мұқтаж ба? Мемлекеттен де, ешқайдан жәрдем ала- алмайтын жағдайы өте ауыр отбасыларына көмек көрсетіледі. Негізінен, күйеуі қайтыс болып, шиеттей бала- шағамен жесір қалған, ауылда тұратын, ауылдастары жағдайын жақсы білетін отбасыларын баспаналы еттік. Таңдау әртүрлі. Бір- біріне ұқсамайды. Бірінші үйімізді салғанда оқиға былай болды. Бір үйде қонақта отырсақ, әке-шешесі қайтыс болған үш бала туралы сөз болды. Бір бөлмелі үйде тұрады екен. Есігі жоқ үйге одеяло қағып қойған екен. Сол жерде біреу маған: «Әй, сен әжептеуір баласың ғой. Соған есік қойып берсең болмай ма?-» деп айтып қалды. Содан бір күні есік тауып, қойып берейін деп барсам, басқа біреу есік қойып беріпті. Бірақ, бір-ақ бөлме. Үш бала. Жетім балалар. Бұл осы Түркістанда, «Асанбай» базарының артында, темір жолдың бойында. Ең алғашқы үйімізді осы жерден салған едік. Содан достарыма айтып, тас түсірдік. Цемент түсірдік. Сөйтіп жүріп «Асармен» бірінші жылы іргетасын құйдық. Екінші жылы көтердік. Үшінші жылы жауып бердік. Сөйтіп жүргенде үлкен баласы үйленетін жағдайға келді. Ол баланы үйлендіріп, 10 кг палау демдеп, үйдің кілтін тапсырғанбыз. Қазір үш-төрт бала-шағасы бар, өсіп-өніп отыр. Жалпы, біз «Үй саламыз» деп әдейі жоспар құрған емеспіз. Жағдай өзі осылай басталып, жалғасып кетті.

Бүгінгі күнге дейін салған қырық үйдің жиырма шақтысын өздерінің жер теліміне салып бердік. Мысалы, қаладағы «Дәріхана» аялдамасының жанынан салған үйде үш бірдей мүгедек жан тұрады екен. Жаңбырдан кейін үй кейуаналарды басып қалайын деп тұрған жерде үйлерін бұзып, қайта салып бердік. Жәрдем берген отбасыларымыздың жағдайы бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысының өмір тарихы әртүрлі. «Жаңа қала» жақта бір отбасына үй салдық. Олардың көршілері бізге келіп: «Өзіміз де көмектесеміз. Басшы болыңыз», деп өтініш жасады. Бір үйді салмас бұрын осылай біреулер себепші болып келеді. Біздің дақпыртымызды есітіп, осылай көмек сұрап келеді. Қырық үйде қырық тағдыр бар. Мәселен,»Коммунизм» жақта отағасы қайтыс болған, алты баласымен қалған жанұяға үй тұрғыздық.

— Қалай басталғанын өзім де аңғармай қалдым. Сол ата-анасыз қалған үш балаға есік қойып берейік деген ниетіміздің соңы осындай үлкен қайырымдылыққа ұласып кетті. Оған қуаныштан басқа айтарымыз жоқ. Адамның күні адаммен. Біреуге жәрдемің тигеннің өзін сезінудің өзі бір бақыт. Біз шаңырақтың кілтін тапсырғанда, қайсысы болса да көзіне жас алады. «Шынымен үйлі болдық па?»- деп қуанғанынан жылайды. Ол — қуаныштың жасы. Оларды көріп біз де толқимыз, — дейді Райымжан бауырымыз.

Сондай-ақ Райымжан Абдусаттарұлы Қошқаров №17 білім ордасындағы тарих пәнінен сабақ беретін ұстаздық қызметіне, «Үлес» қайырымдылық қорындағы жұмысына қосымша Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Түркістан облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы ретінде Түркістан, Кентау, Созақ өңірлері бойынша ел бірлігі мен татулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Осындай еселі еңбектері еленіп, 2022 жылы Астана қаласында ҚР Президенті Қ. Тоқаев тағайындаған «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталса, Алматы қаласында өткен меценаттар форумында» Алтын жүрек» номинациясының жүлдегері атанды. Педагогика саласының үздік қызметкері. Одан басқа да республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі «Алғыс хаттар» мен» Құрмет грамоталардың» иесі. Жан жары Мақсуда Юсубалықызы да қасиетті ұстаздық жолында. Екеуі бес перзенттің ата-анасы, он немеренің ата-әжесі.

«- Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас»- деген халық даналығы. Сауабы мол осы қайырымдылықтың бәрі менің жанымдағы жақсы достарымның, шәкірттерім мен көмекшілерімнің, жалпы атсалысып отырған көпшіліктің арқасы. «Үлес» қайырымдылық қорында жұмыс істеп жатқан көмекшілерімнің бірқатарын атап өтсем, Әуез Мырзаханов, Фархад Рысбеков, Қабыл Ибрагимов,Алымжан Ибрагимов, Сұлтанбай, Сәйітбек, Нұрполат деген жігіттеріміздің жұмысына да, ақ адал иманды жүректеріне де халық дән риза. Ұсталарымыз барлық жұмыстың көзін табатын өз ісінің маманлары. Біз бір ұстамен жұмыс істейміз. Атқарылған жұмысымызды күнбе- күн тобымызға тастап отырамыз. «Бүгін бетон құйдық. Кірпіш қаладық»- деп. Керек-жарағымызды да осында ақылдасамыз.

Мен өзім де олардың күннің ыстығында еріндері кезеріп, жаңбырлы күзде, жауын-шашында атқарып жатқан жұмыстарын көргенде, рухани қаламызда осындай иманды адамдармен тағдырым тоғысқанына қуанамын, — дейді Райымжан Абдусаттарұлы.

«Сонда осындай кез келген адамның қолынан келе бермес, мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс ауқымды жобаны қолында белгілі қаражаты жоқ қоғамдық ұйым қалайша жүзеге асырып отыр?» — деген заңды сұрақ туады. Шынында, қалай? Баспана салуға қажет қаржы қалай жинақталады? Бүгінгі таңда «Үлес» қайырымдылық қорында үш жүзге жуық мүше бар. Олардың басым бөлігі он саусағынан өнер тамған ұсталар мен шеберлер, құрылысшылар, баспана салуға машықтанған мамандар. Яғни, бұл қайырымды азаматтар тікелей жұмысынан тыс уақытта қайырымдылық үшін салынып жатқан құрылысқа келіп қол ұшын береді. Құрылыс материалдары да кейде қордың өзінен, кейде «Жұмадан жұмаға» деген қайырымдылық акцияларының, өздері ниет білдірген демеушілердің есебінен жинақталады. Ынтымақ- бірліктің арқасында имандылық ұйыған Түркістан қаласында көпке үлгі боларлық осындай игі істер атқарылуда. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына»- демекші, қаншама отбасына қуаныш сыйлаған шапағатты істің бастауында тұрған «Үлес» қайырымдылық қорының мүшелеріне, оның төрағасы Райымжан Қошқаровқа біздің де айтар алғысымыз шексіз.

Қырық шаңырақ — қырық тағдыр! Шаттыққа бөленген қырық жанұя! Жерлестеріне жарқын тұрмыс сыйлайтын үлестіктер қайырымдылығы жалғаса бермек! Ендігі кезекте, Ресейде жол апатына ұшыраған, қайтыс болған екі жігіттің көпбалалы отбасылы біреуіне үй салып беру міндеті тұр. Жүректен шығып жүрекке жететін мейірім шексіз! Алла қолдасын!

Роза Нарымбетова,

Түркістан қаласы