«ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ» ГРАНТЫ НАСИХАТТАЛДЫ.

212

Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Жібек жолы ауылдық округінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты насихатталды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тағайындалған грант биыл 30 адамға берілетін болады. Әрбір грант үшін 3 млн теңге сомасында қаражат қарастырылған.

Грант берудің мақсаты — белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау.

Конкурсқа конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталған кезде жасы 14-тен кем емес және 29-дан аспайтын Қазақстан азаматы қатыса алады. Гранттар Қазақстан азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде келесі бағыттар бойынша беріледі:

«Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыру үшін;

«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;

«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін;

«Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін;

«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін.