ЖАНАРМАЙДЫҢ БАҒАСЫ ҚАЙДА АСПАНДАП БАРАДЫ?

132

Осы сұрақ көзі қарақты, астында көлігі бар әрбір тұрғынды мазалауда. Шаруа қожалықтарының да бас ауруына айналып үлгерді. Қазақстанда жылда көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терін кезінде бензин мен дизель отынының шарықтап кетуі қалыпты құбылысқа айналған еді. Алайда, биылғы күн санап қымбаттауы халықтың қабырғасына қатты батуда. Бұрын Үкімет бұл еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары арасындағы өзара сыбайлас жемқорлыққа әкеліп тірейтін. Биылғы жылы көршілес мемлекеттердегі мұнай бағасының бізден қымбат екендігін алға тартуда.

Қайта тағайындалған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жанармай бағасының көктемде –күзде көтерілуін қалыпты құбылыс деп есептеп, жанармай бағасының инфляцияға әсері болмайды деген пікірде.

«Жанармай қымбаттайды. Тіпті, тапшы болуы мүмкін!» Ел ауызындағы әңгіменің дені – осы. Әдетте белгілі бір мезгілде, атап айтқанда, күзгі егіс науқанына байланысты қымбаттап, артынша қалпына түсетін сұйық отын бағасының бұл жолғы «секірісі» өзге қымбаттаулардан өзгеше екенін біліп те, сезіп те отырмыз. Себебі – жақын арада жанармай тапшылығына тап болуымыз мүмкін. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов дәл осылай деді. Солай екен деп, қол қусырып қарап отырса, соңы бұдан да зор салдарға алып келуі бек мүмкін екенін Үкімет те түсініп, жедел шара қабылдауға әрекет етті.

Нәтижесі бойынша шамамен 12 сәуірден жанармай бағасы қымбаттайды. Бірақ, бұйрық жобасы алдымен «Нормативтік-құқықтық актілер» сайтында әрі қарай келісу үшін жарияланады. Содан кейін ғана күшіне енбек. Бірақ, бұйрыққа қарайтын бензин жоқ. Қазірдің өзінде екі-үш теңгеге көтеріліп үлгерді. Халық дүрбелеңге түсті. Себебі, бензиннің қымбаттауы бәрінің бағасына әсер ететінін білу үшін «суперэкономист» болудың қажеті жоқ. Бірақ, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы инфляцияға қалай әсер етеді деп алаңдаған қазақстандықтардың көңілін Энергетика экс-министрі Болат Ақшолақов басқан болатын. Оның айтуынша, бензин мен дизель отынының қымбаттауы инфляцияға айтарлықтай әсері бола қоймайды.

– Жанармай бағасының инфляцияға қосар үлесі бойынша айтар болсақ, біз бағаны екі есе көтермейміз. Бензин 11%-ға, дизель отыны шамамен 20%-ға көтеріледі. Бірақ жанар-жағармай бағасының өсуі тауар бағасына айтарлықтай әсері болады деу – асыра сілтеушілік. Мәселен, 2021-2022 жылғы статистикаға сүйенер болсақ, осы кезде отын бағасы өзгермегенімен, тауар бағасы оған байланысты өзгерген емес, – деген болатын Болат Ақшолақов.

Алайда, экс-министрдің өзі азық-тү­лік, тауарлар мен қызметтер бағасының өсуін жоққа шығармаған еді. Өзгерсе де шамалы ғана. «Сондықтан, өзге дүниелерге баға айтарлықтай өседі деп ойламаймын. Мәселе – бағаны қадағалап отыруда. Әрине, баға шамалы өседі. Бірақ, мұның бәрі жоспарланған инфляция шегінде болады деген ойдамын. Жалпы инфляцияға қосқан үлесі, үлкен болады деп ойламаймын»,- деп өзінің де пікірін білдірген еді.

Бірақ, көлік тізгіндегендердің көпшілігі «қымбат болса да тапшы болмасын» деген түсінікпен бензиннің 1 литрін 180-220 теңге аралығында алатыны жасырын емес. Түркістан маңындағы май құю бекеттерінде бензин 182-190 теңгеге көтерілсе, дизель отыны 204-205 теңгеден сатылуда. Ал, бензин қымбаттаған соң, жол ақысы да қымбаттайтыны рас. Мәселен, жанармайды ең аз жағатын көлік күніне шамамен «А95» маркалы бензиннің 10 литріне 2200 теңге жұмсайды. Ал, оны бір айға шақсаңыз, 60 мың теңгеге шығындаласыз.

– Көлігімнің қозғалтқыш көлемі жоғары болғандықтан, бензинді де әжептәуір жұмсайды. Мысалы, қала ішінде күніне «А95» маркалы бензиннің 15 литріне дейін тұтынатын кездер болады. Егер бұған дейін қалтамыз көтеріп келсе, ендігі жағдай қалай болатынын білмедім. Күніне 3500-4000 теңгеге дейін тек бензинге ғана жұмсаймын. Көлік болған соң сынбай тұрмайды. Оған да қаржы керек, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Тұрғанбай Әбдраманов.

Бензин бағасының қымбаттауынан көлік иелері одан бас тартып, құны жанармаймен салыстырғанда айтарлықтай арзан, яғни, шамамен 65 теңге тұратын газға ауысуда. Әлбетте, газ бағасының төмендігі оны 30%-ға дейін артық жұмсауы мен жабдықты орнату құнын қосқан күннің өзінде шығын өтелетіні анық. Ал, газбен көлігін жүргізетін түркістандықтар сабылып, еш жерден газ таппай жүр. Мұның екінші жағы бар. Жабдық дұрыс орнатылмай, көліктердің өртеніп, жарылу жағдайы жиілеп кеткенін айтуда түркістандық көлік жүргізушілер. Бұл – бензин бағасының өсуінің бір салдары. Бірақ, Үкімет инфляцияның 9,5% көрсеткішіне қол жеткізу үшін басқа да факторлардың, оның ішінде сыртқы факторлардың бағаға қысымын төмендету бойынша жұмыстарды жалғастыратынын айтуда.

Атап айтқанда, азаматтардың табысын арттыру бағытында жұмыс жалғасады. Бірінші кезекте өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындары құрылады. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл халқының табысы артады. Бұл жоспарлардың ішінде кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіру, халықты әлеуметтік қолдау да бар. Жоспар жаман емес. Бензин қымбаттағанымен, Үкімет уәдесінде тұрып, инфляцияны өздері айтқан межеге төмендетсе, бір ғана жанар-жағармай бағасының өсуі халық үшін айтарлықтай ауыр болмасы анық. Оны уақыт көрсетер.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарына жанар-жағармай мен тыңайтқышты жеткізу жұмыстарын да назарда ұстауды тапсырды.

«Көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі жүйелі атқаруды, шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 6,5 млрд. теңге бөлінген. Сол арқылы 331,3 мың га алқап тыңайтылады. «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум түзіліп, 60 мың тонна аммиак селитрасын босату келісілген. Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету үшін облысқа 48,2 мың теңге қаралған. Тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 600,0 млн. теңге бөлінген. Жаңадан жасақталған Үкімет пен оның басшысының қатаң бақылауында тұрған өзекті мәселенің шешімін табатынына тұрғындар сенімді. Алдыңғы қатарда көктемгі егіске бөлінетін жанармайларды басқа түске бояу жолы ұсынылуда. Алайда, оның нақты далалық жұмыс жасап жатқан диқандарға жетуін қатаң қадағалауда ұстамаса болмайды.

Ескендір ЕРТАЙ.