САУРАНДА ОРТАҚ ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРДІ ҰЛҒАЙТУ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

114

Мәселе «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған комиссия отырысында талқыланды. Комиссия отырысын «АМАNАТ» партиясының Түркістан облысы филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев ашып, жүргізіп отырды.

Комиссияның отырысында Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев өткен жылы «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында атқарылған жұмыстарына есеп берді. Ол өз баяндамасында:

— Сауран ауданының жалпы аумағы 721,745 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 388843 га. Оның ішінде: суармалы жерлер – 44441 га болса, жайылым жер – 344402 га құрайды. Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан 2022 жылға ортақ пайдалануға Сауран ауданы бойынша берілген жоспар 126,9 га. Оның ішінде 48,5 мың га жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтару арқылы, 78,4 мың га жер учаскесі меморандум арқылы қайтару жоспарланғанын атап өтті.

Сонымен қатар, аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы, 2023 жылға енгізілген жоспарға сәйкес 29,5 мың га жерді халықтың ортақ жайылымына айналдыру тапсырылғанын, алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша 4586 га жер учаскесін мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Түркістан облыстық прокуратурасымен бірлесіп, жұмысшы топ құрылып, әрбір елді мекен бойынша нақты мал басына шаққанда 111 490 га жер учаскесінің қажеттілігі анықталды. Алдағы уақытта мал басына шаққанда қажетті жайылым толығымен орындалатынын баяндады.

Партиялық жоба аясында бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуге ұсыныстар айтылды. Өйткені халық жерді пайдалану барысында кедергілерге тап болады. Оңтайландыру мақсатында біршама өзгерістер енгізілгені дұрыс.

Осылайша жоба аясында өтетін комиссия отырысында алдағы уақытта әр ауданның есебі тыңдалатын болады.

«Сауран-ақпарат».