АУДАН ӘКІМІ ЖИҺАЗ КӘСІПОРНЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев аудан орталығы Шорнақ ауылында орналасқан «Хабибулла ата» жиһаз кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Икбол Абишев аудан әкіміне кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Бүгінде аталмыш кәсіпорын 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Маусымында 100-жуық адамды қамтуға мүмкіндігі бар. Басты айта кетер жәйт, аталмыш кәсіпорын өткен жылы Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығында үздік деп танылды. Байқау жыл сайын «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар, халыққа арналған үздік тауарлар, үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша өтеді. Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталады.
Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен сапа саласында жетістіктерге жеткен кәсіпкерлер қатысты. Үздіктерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттады. Солардың ішінде жерлесіміз, Саурандық «Қазақстанның үздік тауарлары» аталымы бойынша дара кәсіпкер «Хабибулла ата» жеке кәсіпкерлігінің жиһаздары халыққа арналған ең үздік тауарлар болып танылды.
Аталмыш кәсіпорынның жиһаз өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, сұранысқа ие екенін айтуымыз қажет. Жаңадан құрылған Сауран ауданының дамуына сүбелі үлес қосып отырған жеке кәсіпкер Икбол Хабибуллаұлының ел игілігі жолындағы еңбегі жана берсін демекпіз.