АЛТЫ АУЫЛДЫҢ БАҒЫТ-БАҒДАРЫ БЕЛГІЛЕНДІ

138

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.

Осыған байланысты Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жылы атқарған жұмыстары жөнінде және биылғы 2023 жылы атқаратын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімінің 2023 жылдың бірінші тоқсаны бойынша өткен кездесуде алдымен Жаңа Иқан ауылдық округінің әкімі Тахир Абдаевтың 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Бұдан соң аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың 2022 жылы атқарған жұмыстарының есебі туралы бейнефильм ауыл тұрғындарының назарына ұсынылды.

Жаңа Иқан ауылдық округі тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы 2023 жылы аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарды баяндап өтті. Коммуналдық салаға кеңінен тоқталған аудан әкімі сондай-ақ ауыз су, табиғи газ, электр қуатымен қамтамасыз ету, жол, көгалдандыру, кәсіпкерлік және туризм, әлеуметтік, білім, денсаулық салалары бойынша биылғы жылы жүзеге асырылатын жұмыстарға да тоқталды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан ауыз су, ағын су, электр жарығы, жол мәселесі, интернеттің нашарлығы, электр бағаналарының тозығы жеткендігі туралы мәселелер көтеріліп, ол бойынша барлық сұрақтарға аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев толыққанды жауап берді.

Кездесу соңында аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындары Б.Якубов су, мақта, егістік мәселелерін алға тартса, Қ.Бейсенбаев ауыз су, интернет байланысының жоқ екенін айтты. Жеке қабылдауға жазылған азаматтардың мәселелерін тыңдаған аудан әкімі оны шешу жолдары бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді.