«КҮТЕМ СЕНІ» — ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ҚОЙЫЛЫМ
Шымкент қалалық опера және балет театрында хор ұжымы «Күтемін сені» атты композициялық драмасының жаңа форматтағы қойылымын көрерменге паш етті. Сюжеттің негізінде екі басты кейіпкер – Баритон мен Колоратурлық Сопрано арасындағы махаббат хикаясы баяндалды. Қойылымды сахналаған актерлер және театрдың хор ұжымы өнер мен шынайы өмір әлеміндегі нағыз оқиғаны театр сүйер қауымға жеткізіп, ерекше атмосфера сыйлады. ⠀
–«Күтем сені» – композициялық драма, классикалық мюзикл. Біз бұл қойылымды жастарға арнап сахыналадық. Әрі осы қойылым арқылы Шымкент қалалық опера және балет театрының 15 жылдық тарихын зерделей отырып, театр өнеріндегі еңбегін көрермен назарына жеткізуге ұмтылдық. Қойылым ерекше жанрда, заманауи стилде сахыналанды және халық әндері мен қазақ композиторларының әндері арқылы көрермендерді керемет әсерге бөлегені сөзсіз, – деді режиссер Шағуан Үмбетқалиев. ⠀
⠀
Көріністің барысы Баритон мен Колоратурлық Сопраноның жастық шағындағы ыстық леп берген махабаттан бастау алды. Екеуі қыз-жігіт болып жүргенде махабаттың буына байланған Баритон үйленуді ұйғарады. Алайда, қалтасында көк тиыны жоқ ол достарынан көмек сұрайды. Қасындағы адал достарының барлығы бірігіп, Баритонның тойын кең жазық далада ұйымдастырып береді. Барлығы мәз-мейрам болып, тойды шат-шадыман болып өткізеді. Қонақтар тарқасып, қос ғашық оңашада қалып, таңды таудың етегінде қарсы алады. Күн ұясынан қызара қос ғашық алдағы өмірін жоспарлап, армандарынан сыр шертеді.
Күндер зулап, сағаттар сырғып өте берді. Әлі нәресте сүйе алмаған оларға туыстары сөйлей бастайды. Келінге ауыр сөздер айтып, көңіліне қаяу түсіреді, бірақ бір-бірін шын сүйген ғашықтарға бұл кедергісін келтірмейді. Араға жылдар салып Баритонның әйелі ұл босанады. Оны жігіттің досы сүйінші сұрап, қуанышпен бөлісті.