ШАБЫТТЫҢ ШЫРҚАУ ШЕГІ – АСҚАРЫ ЕДІ

226

Жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменов 1938 жылы 29 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысындағы Шорнақта дүниеге келген. Енді таланты толысқан тұста 1992 жылы мамырдың 15-інде дүниеден озды. Тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді.

Әкесі соғыстан оралмаған соң, тұрмыс жағдайына байланысты Созақ ауданына қарасты Шолаққорған елді мекенінде өсіп, ержетеді. Қазақша, орысша әдеби кітаптарды көп оқығандықтан, екі тілге бірдей жетік болған. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих-филология факультетін және оның аспирантурасын бітірген.

Жазушы балалық шағында кітап оқуға өте құмар болған. Асқар Сүлейменовтің ауылдастары оның кітапханадағы барлық кітапты оқып бітіргені туралы айтады. Бала кезінен ғылым мен білімнің әр саласындағы кітаптарды оқып, түйсінген жазушының ой-танымы өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған. Ас­қар Сү­лей­ме­нов ба­ла ке­зі­нен кеп­тер мен жыл­қы­ны, сон­дай-ақ кі­тап оқу­ды жақ­сы көр­ген. Кү­ні­не 2–3 кі­тап­ты оқып тас­тай­тын­дық­тан, ау­ыл кі­тап­ха­на­сы қорында­ғы 14 мың кі­тап­тың бар­лы­ғын оқып бітірген. Ас­қар Сү­лей­ме­нов ана­сы Қым­бат­ты «Айто­ты» деп, ал, қы­зы Әс­ма­ны «Ми­ле­ди» деп ата­ған екен.

Асқар Сүлейменов «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Қазақфильм» киностудия-сында, Жазушылар одағында, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрда қызмет еткен. Ол өзі жұмыс істеген орталарына жаңа леп енгізуге тырысқан. Мәселен, «Қыз Жібек» көркем фильмінің редакторы ретінде көптеген шығармашылық жұмыс атқарған. «Құлагер» кинофильміне түсетін жылқыны Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауытынан өзі іздеп, тауып әкелген. Қазақ академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған кезде ұлттық классиканың жаңаша интерпретациялануына үлкен үлес қосқан.

Әріптестері «әлемдік әдебиеттің, соның ішінде модернизм үлгісінің сұлу өрнектерін өз прозасына шебер көшіре білген жазушы» деп баға бере отырып, оның психологиялық қақтығыстар мен философиялық толғауларға толы шығармаларын бірден түсініп оқу оңай емес екенін айтады.

Оның «Бесін», диалог принципімен жазылған «Адасқақ», «Бесатар» атты прозалық шығармалары, «Арғымақ пен шабандоз», «Кек» драмалық жинағы, «Болмыспен бетпе-бет» деп аталатын сыни-эстетикалық еңбектері, «Шашылып түскен тіркестер» атты философиялық ой-толғамдары, әдебиет пен өнер турасында жүзден астам мақалалары жарық көрген.

Асқар Сүлейменовтің «Бесін» кітабы туралы мақаласында Ғабит Мүсірепов: «Жаңаша жазушы, жазуға жаңалық кіргізер жазушы келе жатыр. Тек Асқарды сыдыртып оқымай, ішке түйе оқу керек», – деп жазса, Зейнолла Серікқалиев: «Өнердің шын қадірін білетіндер жүрегінде есімі дәйім сақталар көрнекті қаламгер, толағай сыншы Асқар Сүлейменов – драмалық шығармаларымен ғана емес,«Құлагер»,«Арғымақ пен шабандоз» фильмдерінің сценарийлері, Ғабит Мүсіреповті тебіренткен прозалық туындылары, әдеби ойлы толғаныстары арқылы да талай ұрпақты табындырар өлшеусіз тағылым өнегесі», – деп жазушының талантына тәнті болды.

А.Сүлейменов тек дарынды қаламгер ғана емес, қазақ халқының рухани көшбасшыларының бірі болған. Айналасындағы шығармашылық иелерінің барлығының басын қосып, топтастыра білген. Оның әрбір шығармасы бостандыққа ұмтылуға, тарихи тамырларды, ұлтымыздың өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалуға үндеп отырады. Қазақтың күйінен бастап, классикалық музыканы да жанымен жақсы көрген. Оның әдеби мұрасында өз шығармаларынан басқа көптеген көркем аудармалары да бар. Б.Брехттің «Сычуанның мейірі», Ж.Мольердің «Ақымақ болған басым-ай!», Э.Хемингуэйдің «Бесінші колонна», М.Булгаковтың «Жендеттер», Т.Уильямстың «Әйнек хайуанатхана», Е.Шварцтың «Күн қыз – күл қыз», «Қар ханым», С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Н.Мирошниченконың «Айтыс», тағы да басқа көптеген пьесаларды қазақ тіліне тәржімелеген.

1996 жылы «Ситуациялар» триптихі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды.

Созақ ауданының орталығы Шолаққорғандағы өзі оқыған жалпы білім беретін орта мектепке Асқар Сүлейменовтің аты беріліп, ескерткіші орнатылды. Өнер­ді се­рік ет­кен­дер­дің ішін­де­гі өр­кеш­ті­сі сал Бір­жан­ның өмі­рі ар­қы­лы ән мен ән­ші­лік тағ­дыр­дың ғақ­лия­сын шерт­кен жа­зу­шы Ас­қар Сү­лей­ме­нов­тің «Адас­қақ» по­ве­сі отыз жыл­дан кей­ін, 2018 жы­лы дра­ма ті­лі­мен сөй­ле­ді. М.Әуе­зов атын­да­ғы Қа­зақ ака­де­мия­лық дра­ма теат­ры ұсын­ған «Адас­қақ­тың» сах­на­лық нұс­қа­сын жа­сап, ық­шам­да­ған бел­гі­лі әде­би­ет сын­шы­сы, мә­де­ни­ет­та­ну­шы Әлия Бө­пе­жа­но­ва бол­са, қат­па­ры қа­лың, ас­та­ры мол күр­де­лі шы­ғар­ма­ның басая­ғын қам­тып, ре­жис­су­ра ті­лі­мен тәп­сір­ле­ген – Әубә­кір Ра­хи­мов.

Іл­ге­рі­рек­те Ә.Ра­­хи­мов А.Сү­лей­ме­нов­тің «Төрт тақ­та – жай­на­маз», «Қыз­дай же­сір – штат қыс­қар­ту», «Же­тін­ші па­ла­та», «Кек» се­кіл­ді фи­ло­со­фия­лық мә­ні те­рең пьеса­ла­рын сах­на­ла­ған. Ас­қар шы­ғар­ма­шы­лы­ғын­да­ғы еш­кім­ге ұқ­са­май­тын тіл, ой, стиль ерек­ше­лі­гі­мен ер­те­рек та­ныс­қан ше­бер­ге ға­на ба­ғы­на­тын ке­сек­тік бұл. Ә.Бө­пе­жа­но­ва шы­ғар­ма­ның өзе­гін сақ­тай оты­рып, Бір­жан өмір сүр­ген ке­зең­ге тән аху­ал­ды, Ақан – Бір­жан – Абай тіз­бе­гін кө­те­ре­тін ең ма­ңыз­ды диа­лог-дің­гек­ті дұ­рыс ірік­тей ал­ға­ны ту­ын­ды­ның то­лық, бір­тұ­тас сах­на­лық шы­ғар­ма бо­луы­на мүм­кін­дік бер­ген.

А.Сүлейменовтің шығармашылығы жайлы «Парасат падишасы» естеліктер кітабы, Р.Сыздықованың «Асқардың сөз өрімі», Ө.Қырғызбаевтың «Асқар ұшқан ұя» деректі повесі, Д.Тұрантегінің «Асқар әлемі», А.Қалшабектің «А.Сүлейменов шығармашылы-ғындағы рухани-көркемдік ізденістер» зерттеуі, Ә.Рахимовтың «Пьесадан спектакльге дейін», Т.Әсемқұловтың «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» эсселері, сондай-ақ А.Мұсабаеваның «Асқар Сүлейменовтің шығармашылығындағы шыншылдық көріністер», Ж.Нармаханованың «Өзі жасап алған әлемнің иесі», С.Бекмұратұлы-ның «Сөзі салмақты, өзі жан-жақты Асқар еді-ау» атты мақалалары жарық көрді.

Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығында, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлы: «Ғайыптан келген сияқты болатын», — деп жазды.

– Асқар Сүлейменовпен жас кезімізден дос болдық. Сонау алғашқы кездегі достық, аралас-құралас болған сәттер жиі есіме түседі. Өзгеше жан еді ғой. Мына өмірге ғайыптан тайып келген жан сияқты. Асқармен таныстығым 60-жылдардың басында басталды. Керімбек Сыздықов деген досым болды, профессор, үлкен әдебиетші. Керімбек, Сейдахмет Айтжанов, Асқар Сүлейменов үшеуі мектепті Созақ ауданының орталығында бітірген достар еді. Асқармен таныстырған Керімбек еді. Кейін Сейдахмет Айтжанов (мемлекет қайраткері Жанар Айтжанованың әкесі) келді. Осы үшеуімен біте қайнасып кеттік, үшеуі үш саланы игерді. Керімбек жақсы әдебиеттанушы болды. Айтжанов ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарды. Ал, Асқардың жөні бөлек болатын. Жарқ етіп, сыншы болып келді, кейін жазушылыққа ауысты. Ал, менімен аралас-құраластығы қазақтың қара домбырасына байланысты еді. Қазақтың домбырасын мейілінше жақсы көретін. Қазақтың күйлерін терең түсінетін. Әндерін еңіреп отырып тыңдайтын. Біз сол төрт жігіт, кейде Зейнолла Серікқалиев қосылатын, бас қосып қалғанда қазақтың қара домбырасын қолға алып, әңгіме-дүкен құратынбыз, барлығымыз домбыра шертетінбіз. Әсіресе, Асқардың жақсы көретін күйшілері Тәттімбет, Сүгір, Төлеген Момбеков. Солардың шертпе күйлерін жоғары бағалады. Өзі де бір сыдырғы тартатын. Менің күй тартқанымды қалайтын. Кез келген уақытта, күндіз демей, түн демей, түнгі сағат үште де телефон соғып: «Өмке, сағындым, «Қосбасар» мен «Теміртасты» тыңдағым келеді», – дейді. Содан жетіп келеді. Таңертеңге дейін отырып күй тартамыз, әңгіме-дүкен құрамыз. Күйді тебіреніп отырып тыңдайтын, тебіреніп отырып шертетін. Бұл ғажайып сәттер еді. Неге қазақтың әндері мен күйлеріне құмар болды десем, тек қазақтың әндері мен күйлеріне ғана емес, жалпы музыка әлеміне тереңдеп кірген азамат екен. Бүкіл Еуропа музыкасын пластинкаларды қойып тыңдап, барлығын талдап шығатын білімдар адам болып жетілген екен. Кез келген уақытта, кез келген ән, кез келген күйшінің тағдыры жайында, оның болмыс бітімі жайында сөйлеп кеткенде аузымыз аңқиып, көзіміз бақырайып тыңдап отыратынбыз. Мейлінше шешен еді. Тіпті, кейде көсемдік қасиеті де бар еді. Сол күндерді сағынамын. Қазақтың күйіне, қазақтың әніне осыншама ғашық болған, осылайша ынтық болған адамдарды сирек кездестірдім. Сондықтан да қазақтың күйін, әнін тілі жеткенше сайрап айтып өтті дүниеден, бағалап өтті. Сөйтсем, қазақтың бүкіл қасиетін, болмыс бітімін музыкасы арқылы, өнері арқылы тереңдеп зерттеген екен ғой Асқар. Ал енді жазушылық дүниелерін айтпай-ақ қояйын. Оны жазатын адамдар бар ғой…

Марқұмның жатқан жері жарық болсын, тебіреніп еске алып жүремін, ылғи ойымнан кетпейді. Ал енді анасы Айтоты қандай еді?! Шешен, дүлдүл болатын. Жас кезімізде қолынан талай дәм таттық. «Теміртасты» жарыққа шығарған, оны киноға түсіргізіп, екінші өмір сыйлаған Асқар. Шәмшінің (Қалдаяқов) де ел аузына іліккені Асқардың арқасы. Ол бөлек әңгіме.

Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері:

АСЕКЕҢ КЕЛСЕ, ҮЙДЕ ДОМБЫРА ТҰРУЫ ШАРТ ЕДІ

-Кезінде Мәскеуде оқып жүргенде «Жас тұлпар» ұйымын құрдық. Ол осы ұйымның атауына ерекше мән берген еді. Біз жастармыз, өзіміздің ойларымыз бар, ұлтжандылығымыз бар. Бұның барлығына Асекең қызыққан болу керек, айрықша әсер еткен болу керек, әйтеуір соған үлкен мән берді. Бірде «Жас тұлпардың» атын өзгертеміз бе деген де қиын жағдай туды. Сонда ол «А назовите себя чартистами», – деді. Сонда ешкім не екенін түсінбейді, ешкім тиіспейді дегені ғой. Сол Мәскеуде жүргенде азаматтық талпыныс, ізденістерімізге Асекең ерекше көңіл бөлген еді.

Қазақта Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Әбіш Кекілбаев секілді үш мықты сыншы бар дегенді еститін едік. Олардың сыншылығы «Жұлдыз» журналының беделін көтерді. Әдеби процесте ол кезде аздап өзгерістер бола бастаған, бостандық туралы, т.б. нәрселер ептеп айтыла бастаған. Әдебиетте кейде болып жатқан өзгерістерге ол кісілердің әсері үлкен болған. Олардың шығармашылық дарыны, ағартушылық, азаматтық көзқарасы өрелі еді. Асекең менің қазақ қоғамы жайлы жазуыма жол ашқан адам. «Жұлдыз» журналына ұсынған мақалам Асекеңнің аудармасымен шықты. Аға-досым болды.

Мәскеуден «жастұлпарлықтар» біртіндеп елге оралдық. Осы жерде бір-бірімізді тез таптық. Арамызда суретші Салахитдин Айтбаев, археолог Алан Медоев бар, жақсы бір орта қалыптасты. Солардың ортасында жүрген, соның ұйытқысы болып, барлығымызды сыртқа теппей, асфальт балалары, шала қазақтар демей, рухани көсеміміз, ұстазымыз болған – Асекең еді. Қазақшаға шорқақтау, қазақ мәдениетін онша білмейтін азаматтар бір ортаға жиналғанда, Асекеңнің ерекше әсерін сезіндік. Әрқайсымыздың үйімізде домбыра пайда болды. Өйткені Асекең келеді дегенде үйде домбыра тұруы шарт еді. Үйіңе келгенде, қонақжайлығыңа мән беретін. Ал егер үйіңде домбыраң болмаса, онда Асқарша сын айтады. Сондықтан бізді қазақыландыру процесін сол кісі саналы түрде жүргізді дей аламын. Оның артында үлкен азаматтық тұр.

Оның азаматтығын алғаш таныған Ғабең, Ғабит Мүсірепов болды. Ғабең өзі сері ғой, оның әр заты баяғыдағы серілердікіндей, шақшасы, киімі бәрі ерекше. Ғабең балдағы пілдің сүйегінен жасалған қайқы қылышын Асқарға сыйлады. Жасы келген адам жап-жас жігітке соны сыйлады. Ол – рухани биік ортаны сақтап қалатындай тұлғалардың болғанының дәлелі. Ғабең қай жағынан алсаңыз да классик жазушы. Өмірді жақсы білді. Талай қиын кезеңнен өткен Ғабең ештеңеден тайсалмай Асекеңе биік баға берді. Ол кезде шынайы жазушылар арасында қызғаныш деген болған жоқ. Керемет жақсы кезең еді. Мәселен, сол тұста қанша атақты жазушы болса да, бір де біреуі неге қылышты маған бермеді деп күңкілдемеді. Тіпті, сөз қылған жоқ. Өйткені, Асекең ондай құрметке лайық тұлға еді. Ғабеңнің қолына қалай түскені белгісіз сол Асфахани қайқы қылыш тарихи жәдігер еді. Оны Асқарға сыйлағанында да мән бар деп білемін. Болатхан, Мақаш, Болат Қарақұлов секілді білімді азаматтар елге келгесін жиі жүздесіп тұрдық. Кемінде аптасына бір жиналамыз, кімнің үйінде домбыра бар, соған барып әңгімелесеміз. Сол кезде ғажап әңгімелер айтатын Асекеңнің жомарттығы – ол өзіне шәкірт қылған жас достарын өзі жақсы көретін азаматтармен таныстыратын. Асекең арқылы біз Төлеген Тоқбергенов, Керімбекпен таныстық. Керімбек бізді Шымкентке апарып, керемет қонақжайлылық көрсетті.

Бірде Асекең туралы жазғанымда «Пустующее небо духовности Асқар Сүлейменов инкрустируя звездами ярчающего света и чистоты» деген едім. Ол расында сегіз қырлы, бір сырлы болды. Әдебиетші, сыншы, әдебиет философы еді. Драматургия, проза, музыканы теңдей игерген. Күйшілер, әсіресе, дарынды жастар көзге түссе, оларға ерекше көңіл бөліп, шақырып алып, Төлеген Момбековтің күйлерін тарттыратын. Кино саласындағы қабілеті «Қыз Жібек» фильмін түсіргенде көрінді. Жылқыны жақсы көрді. Бірде бәріміз тауға барғанбыз. Онда бір жылқы фермасы бар екен. Қыстың күні, жерде қар бар. Қоршаудың ішінде жылқылар. Алыстан сүйсініп қарап отырмыз. Бір уақытта Асеке жылқыша сөйлей бастады. Сонда жай өзінше тұрған бір жылқы басын бұрды. Асекең монологын жалғастырды. Бір уақытта жылқы бізге қарай жүрді де, Асекеңнің иығына басын қойды. Адам айтса сенгісіз жағдай ғой.

Алматыға Мәскеуден небір ғалымдар, қонақтар келеді. Олар Асекеңмен танысқанда оның эрудициясына таң қалады, мойындайды. Нағыз білімді адамдарда ұсақтық жоқ қой, Асекеңді олардың қалай мойындағанын көзіміз көрді. Біздер үшін ол жадымызда, санамызда Парасат падишасы болып қалды. Дінге философия тұрғысынан қарады. Дінді дәл осы тұрғыдан түсіну бізге өте қажет. Асекеңнің ол туралы әлі біраз дүниелері бар екен. Дін туралы жазғандары, сөйлеген сөздері бізге өте қажет. Дінді құрметтеу, адамның ақылын құрметтеу дегенге Асекең өте мұқият болды.

Суретшілер Салахитдин Айтбаев, Мақым Қисаметдинов Асекең туралы ойларын бас қосқан кезде айтып отыратын. Ол афоризмдердің шебері болды. Қысқа да нұсқа ойлары өте тұжырымды. Ал, киноға тигізген әсері «Құлагерде» көрінді, атты Луговойға барып, өзі тауып әкелді. «Қараш-қараш» фильмінде Болат Шамшиевпен бірге жұмыс істеді. Онда мынандай бір эпизод бар: Жарасбай жер сатады. Сол кезде тауда отырған Бақтығұл оны атсам ба, атпасам ба деп екі ойлы болып отырғанда таудың бас изегендей белгі беретін жері бар. Әуезов те солай сипатталған. Соны Асқар байқап, «Қараш-қараш» көркем фильмінде пайдаланды.

Асекең қай жерде қандай сөз сөйлесе де, қандай әрекет жасаса да, ұлтжанды азамат екенін танытып тұратын. Әділетсіздікке қарсы болды. Бабаларын ұятқа қалдырмай-мын, қазақты биіктетемін деп өтті.

ХIХ ғасырдағы қазақтың мәдениетін терең білді. Осы мәдениетті күйреуден сақтаған санаулы тұлғаның – бірі Асекең. Абайды бізге тағдыр жіберсе, қазақты ХХІ ғасырға дайындау үшін Асекеңді де жіберген деп білемін. Ол – жаратушының үлкен сыйы.

PS: Асқар Сүлейменовтің көзін көрген замандастарынан, қатар жүрген достарынан асырып, ешнәрсе айта алмаспыз. Мемлекет басшысының жарлығымен Сауран ауданының орталығы атанған Шорнақта жазушы, драматург, сыншы Асқар Сүлейменовтің ескерткіші ашылып, оның атына мектеп беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ескендір ЕРТАЙ.