ДӘРЕЖЕСІ ДӘЙЕКТЕЛГЕН ДОСТЫҚ АКАДЕМИККЕ АЛЫП ЕСКЕРТКІШ АШЫЛАДЫ ЖӘНЕ ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ЖЕТІСПЕЙДІ

140

Сауран ауданындағы Ескі Иқан ауылдық округіне қарасты Достық ауылы күні кешеге дейін болашағы жоқ елді мекендер қатарында саналды. Сауран ауданы құрылған кезден бастап, шағын ауылға ат басын бұрушы билік өкілдері мен көшіп келіп қоныстанушылар қатары көбейе түсті.

«Елге ел қосылса –құт» дегендей, бұрын тек 1993 жылы көшіп келген ирандықтар ғана болса, қазір мұнда кісі қарасы молая түсті. 154 отбасында 1260 адам тұрып жатыр. Өткен жылы ғана Достық ауылына көреген Мәшһүр Жүсіп аты берілсе, мектепке ұлтжанды академик Рахманқұл Бердібаевтың есімі берілді. Жақында ғана тағайындалған Есенәлі Жетебаев мектептің алдына академик Рахманқұл Бердібаевтың еңселі ескерткішін қоюды ұйымдастырып жатыр екен. Ескерткіш маңына арнайы композициялық орын әзірленіп, киіз үй секілді сахнада балалардың жыр мүшәйраларын, ақындар айтысын өткізбек көрінеді. Академик Рахманқұл Бердібаевтың ескерткішін оранғайлық мүсінші Гүлам Сүлайманов жасап қойыпты. Гүламның қолынан бұған дейін Мұхтар Әуезовтің, Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіштері шыққан болатын. Оны зиялы қауым өкілдері жоғары бағалап отыр. Ендігі жерде, ауылға кіре беріске Мәшһүр Жүсіп атамыздың алып баннері жасалып, арка орнатылса нұр үстіне нұр болар еді.

 

КӨК КҮМБЕЗДІ КӨРНЕКТІ МЕШІТ КӨПКЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

Жақында ауылдың демеушілерінің көмегімен көк мұнаралы мешіт бой көтерді. Бұрын әркім өз үйінде намаз оқыса, ендігі жерде, көк мешіттің ішінде алқа қотан отырып, ақсақалдар ақылдасады. Жастарды намазға ұйытады. Кезінде бала оқытуды бастамас бұрын Ыбырай Алтынсарин: «Бір Аллаға сыйынып, кел балалар, оқылық», — деп айтады екен. Атейстік Кеңес кезінде бірінші жолын алып тастады. Міне, қазір енді қалпына келді. Кешегі отыз күн ораза кезінде тұрғындар осында тарауық намазын бірге оқып, демеушілер ораза тұтушыларға кешкісін ауызашарға арнап, ас беріп отырды. Мұндай қадамдар бір жағынан ағайындардың ауызбіршілігін бекемдей түссе, екіншіден демеушінің де ырысы молаяды. Жастардың құлшылығы жараса түседі.

 

БАТЫР ДА БАТЫЛ ЖҮРЕКТІ БЕРДІБАЕВТЫҢ БІЛІМ ОРДАСЫ

Мектепке академик Рахманқұл Бердібаевтың есімінің берілуі елді елең еткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кеңес одағының қылышынан қаны тамып тұрған кезде, академик Рахманқұл Бердібаев Мұхтар Әуезовтің музей үйінде ұлт жанашырлары мен зиялы қауымға Алаштың арыстарының қилы тағдырлы өмірбаяны және шығармалары туралы бұрын еш жерде айтылмаған, жазылмаған жайларды баяндап отыратын. Осы мұражайда 500 рет дәріс оқыған екен. Сонда көмекші шәкірті «Реке, мұнда салпаңқұлақтар отыр. Қорықпайсыз ба?», — десе «Тыңдай берсін. Ертең біздің қатарымызға қалай өтіп кеткенін өздері де білмей қалады», — деп күлетін. Шындығында, сол жігіттердің соңынан Рахманқұл Бердібаевтың қолынан Мұхтар Әуезов музей үйінің тыңдаушысы болды деген сертификат алып жатқанына куә болдым.

Ол кісінің әсем Алматыны тастап Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне келіп, дәріс беруі де үлкен ерлік. Академиктің бір қыры–ол кез-келген ортада шындықты жасырмай, еркін айта білетін. Көрегендігі де бар. Киелі Түркістанның таңғажайып болашағы бар екендігін ерте білді.

Мәшһүр Жүсіп елді мекеніндегі қазіргі Рахманқұл Бердібаев атындағы жалпы орта мектебі 1995 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда мектепте 217 оқушы білім нәрімен сусындауда. 11-сыныпты мектеп жанындағы мектеп алды шағын орталығында екі топта 37 бала қолына қалам алады. Жалпы мектепте елуге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың отызға жуығы мұғалім, екеуі шағын орталықтың тәрбиешілері. Қалғандары жұмысшылар. Мектептегі компьютер сыныбы толықтай жарақтандырылған. Балалар Интернетке шығып, өздеріне қажетті ақпараттарды еркін ала алады. Ауылға Интернет желісі тартылған. Балаларға сыныптан тыс уақытта Мәшһүр Жүсіп аталары мен Рахманқұл Бердібаев туралы жиі айтылады. Ағылшын және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Ахметова 2016 жылы Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетті бітірген бойда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Достыққа келіпті.

-Үй де алдым. Жағдайымды да дұрыстадым. Оқушы балаларым да бірінен-бірі асады. Өте зерек, талантты. Құдай бұйыртса, Мәшһүр Жүсіп пен Рахманқұл Бердібаев аталарының жолын берсін деп сол кісілердің атынан интеллектуалдық байқаулар өткізуді қолға алмақпыз»,-дейді Гүлмира Ахметова.

«Шындығында, басқа жастарға үлгі тұтарлық жақсы қадам екен» деп ризашылығымызды білдірдік.

 

КОМПЬЮТЕРДІҢ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАҒАН ОҚУШЫЛАР

Компьютер сыныбының жетекшісі Бегайдар Жүнісов балалардың компьютерді тез үйреніп алатынына қызыға қарайды екен. «Кей балаларымыз үлкендердің де ойына келмейтін күрделі үдерістерді тез меңгеріп алған» деп қайран қалады. «Екі-үш жастағы немерелеріміз қолындағы ұялы телефонды тартып алсаңыз, шалқасынан түседі» деп мәз болады. «Бұл күлетін нәрсе емес. Жылайтын нәрсе. Өйткені, бүлдіршіннің ағзасы әлі жетілмеген. Ұялы телефонды бала көп пайдаланса, біріншіден көзінің көру қабілеті нашарлайды. Екіншіден ұялы телефонды радиобайланыс толқындарының магниттік өрісі миын кептіріп жібереді. Мұны швед ғалымдары айтып отыр»,- деп жаңадан келген мектеп директоры Есенәлі Жетебаевқа балалардың компьютер сыныбында көп отырмауы тиістігі туралы айттым.

ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ЖЕТІСПЕЙДІ

Қазақстан әлемдегі алып кеңістікті жері бар мемлекет болып саналғанымен жайыл-ымдық жер жетіспеушілігі барлық ауылдар мен елді мекендерде кездесіп отыр. Мәшһүр Жүсіп елді мекенінде жалпы көлемі 1020 гектар жер бар. Оның ішінде суар-малысы 240 гектар, жайылым-дық жер көлемі 660 гектар. Осы суармалы жерді 64 шаруа қожалығы пайдаланып отыр.

1993 жылы Ираннан көшіп келген қандастарымыздың әр от-басында кемі 200-300 ден малда-ры бар екен. Кезінде «ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кеткен» жер телімдерін қайтарып алу қиындыққа түсуде. Жергілікті тұрғын Ораз Махмудұлының айтуынша, жайылымдық жерді иемденгендер ауылдың іргесіне дейін келсе, суармалы жерлерде сырттан келгендер мақта, қауын, жоңышқа егеді.

-Қазір 71-де болсам да, он шақты азамат бірігіп, егіс егеміз, мал бағамыз. Қазір де қауын-қарбыз егіп отырмыз. Темір-терсек жинаймын. Үлкен егіске су жоқ. 11 метрден «Агидель» моторымен су шығарып, 50 соттық жерді суарамыз. Ең қиыны ауылда әлі табиғи газ жоқ. Малдың қиын, тал-дарақтарды жағып отырмыз. Көмір отынының бағасы жылдан-жылға шарықтап барады»,-дейді Ораз Махмудұлы.

 

АУЫЛ ІШІ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Сайдовтың айтуынша, Мәшһүр Жүсіп елді мекенін абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2018 жылы Достық, Әйтеке би көшелеріне тас төселіп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бес жыл бұрын Әйтеке би көшесі жарықтандырылды. Су айдындары тазартылды. Достық-1, Достық-3, Достық-5 көшелеріне электр қуатына арналған әуе желілері жаңғыртылды. Достық елді мекеніндегі мектепке қарай баратын көше мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық магистралының өткеліне қарай барған жолдарға тас төселді. Оны демеушілер атқарды. 2020 жылы Үкімет тарапынан қаржы бөлініп, елді мекенді ауыз сумен қамтама-сыз ету мақсатында 705 метр тереңдіктегі құдық қазылды. Су мұнарасы құрылысы жұмыстары жүргізілді. Осы су мұнарасы арқылы ауылға ауыз су жеткізіліп тұр. Қазіргі таңда Мәшһүр Жүсіп елді мекенінде балалар алаңдары, воркаут, спорт алаңдарын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Еліміздің екі алып тұлғасының атын иемденген ауыл мен мектептің жылма-жыл жаңғырып, бұдан да керегесін кеңге жаятынына сенімдіміз.

Ескендір ЕРТАЙ.