ҰРАНДЫ ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ ҚАЙСАР

181

Биыл Ұлы Жеңіске — 78 жыл. Еліміз үшін айтулы мерекенің бірі. Ерлік ұлықталатын күн. Күн санап бейбіт күнді сыйлаған майдан ардагерлерінің саны азайып барады. Сауран ауданда екі ҰОС қатысушы ардагер бар. Оның біреуі таяу күндері бақилық болды. Үш бірдей Кеңес Одағының батыры шыққан. 247 тыл ардагері бар.

Жыл сайынғы Жеңіс күнінің қарсаңында сұрапыл майданда от кешкен ардагерлердің ерлігіне тағзым етіледі. Биыл Ұлы Жеңіс күні аудан көлемінде кеңінен тойланды. Мерекелік шараға аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Тілес Ақай қатысып, ҰОС-да қаза болған жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

— Ұлы Жеңіс халықтың ерлігі. Биыл жеңістің 78-көктемін тойлап отырмыз. 78 жыл бұрын бейбіт күнге қол жеткіздік. Әрине, батыр ата-апаларымыздың арқасында. Тарих бетінен орын алған осынау күннің ызғарлы лебін көрген тыл ардагерлерінің де еңбектері ерен. Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі мәңгі жадымызда. Бүгін аудан көлемінде қос мерекені тойлап отырмыз. Ол Отан қорғаушылар күні. Кірпік қақпай Отанымызды күзеткен азаматтарымыз жасай берсін. Ел үшін белі бүгілмей еңбек етіп жүрген азаматтар отбасының қорғаны, балаларына асқар тау әке. Бейбіт күннің жарығы сөнбесін. Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын,- деді аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы.

Бүгін қос мереке тойланды. 7-мамыр Отан қорғаушылар күні. Ұранды елдің ұрпағы қайсар. Әр азамат өз Отаны мен отбасының қорғанышы. Олар табандылық пен батылдықтың үлгісі.

Мереке аудандық мәдениет үйінде концерттік бағдарламаға ұласты. Патриоттық әндер шырқалды. Отанға қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. ҰОС-ның жаңғырығы ұмытылмайды. Бүгінгі бейбіт күн Әлия мен Мәншүк, Хиуаздай ержүрек апаларымыздың, Бауыржан мен Рахымжан, Қарсыбай мен Талғаттай батырлардың ерлігінің жемісі. Олардың есімдерін Отанын сүйген жас ұрпақ ұмытпайды. Жеңіс күніне арналған мереке майданда қаза болған жауынгерлердің рухына құран бағыштап, қорытындыланды.

 

«Сауран-ақпарат».