«ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ ЕШБІР АРЫЗ-ШАҒЫМЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛУҒА ТИІСТІ ЕМЕС»

156

Ғалымжан Үсенбаев:

«ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ ЕШБІР АРЫЗ-ШАҒЫМЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛУҒА ТИІСТІ ЕМЕС»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасы бойынша, аудан әкімдері әр тоқсан сайын ауылдық округтерді аралап, өзекті мәселелерді халықпен бірге талдап түсіндіруі жүзеге асырылуда. Осы тапсырмаға байланысты Сауран ауданының әкімі он екі ауылдық округті аралап, ондағы жергілікті тұрғындардың қазіргі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, арыз-шағымдарына жауап берді. Халықтың өтініштері мен арыз шағымдары кезең-кезеңімен шешімін тауып, орындалуда. Барлық ауылдарға ортақ жайлар бойынша баяндап беруін өтініп, Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Қарабайұлы Үсенбаевты әңгімеге тартқан едік.

— Ғалымжан Қарабайұлы, он екі ауылды аралап, тұрмыс тіршілігімен таныстыңыз. Осы ауылдарға ортақ өзекті мәселелер туралы баяндасаңыз.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасы бойынша аудан әкімдері жергілікті тұрғындар алдында тоқсан сайын есеп беріп отыруы тиіс. Соған орай, мен барлық ауылдық округтерді аралап, жаңа жылдан кейінгі кездесуде қойылған сұрақтар мен өтініштер, арыз-шағымдардың орындалу барысымен жергілікті тұрғындарды таныстырдым. Халық бұрынғыдай өкпешіл емес. Атқарылып жатқан шаралардың құқықтық тұрғыда кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанына түсіністікпен қарауда. Негізі аудан халқына ортақ әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді айтар болсам, алдымен осыдан ондаған жыл бұрын жүргізілген «Ақбұлақ» ауыз су бағдарламасы бойынша жасалған су жүйелерінің қазіргі таңда тозығы жетуі. Осы сұрақ барлық жерде алдымнан шығып отырды. Оның ондаған жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпегендігі қынжылтады.

 

— Қазіргі таңда ең өзекті мәселе — ауылдарды сапалы ауыз сумен және ағын сумен қамту жайы болып отыр. Осы мәселені шешудің тың жолы суға қатысты мекемелердің басын біріктіріп, үлкен кәсіпорын құру арқылы олардың инвестициялық мүмкіндіктерін де өсіру туралы айтып едіңіз. Ол кезде судың тарифы өсіп кетпей ме?

— Жасыратыны жоқ, ауданымыздағы «Сауран су» мекемесі халықтың ауыз суға уақытында ақы төлемеуі салдарынан қарызға белшесінен батып, қызметкерлеріне уақытында айлығын төлей алмай отыр. Мен оны амалсыз аудан бюджеті есебінен қаржыландырып отырмын. Бірақ, бұлай жалғастыра беруге болмайды. Сондықтан, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының шешімімен суға қатысты мекемелердің облыс көлемінде басын қосып, біріктіріп, әлеуетін бір жерге жинақтап, соның нәтижесінде инвестиция тартып, тозығы жеткен су жүйелерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік алады. Себебі, кезіндегі (лоток) тасарықтардың тозығы жетіп, шұрық-тесік болуы салдарынан қаншама ағын су далаға кетіп жатыр. Ауыз су желілерінің де тозығы жеткен. Сондықтан, бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын.

 

— Бүгінгі таңда әлеуметтік дүмпудің алдында тұрған мәселенің ең маңыздысы – жеке үй салып алуға жер бөлу мәселесі. Оның инфрақұрылымын даярлау ісі кезек күттірмейді. Қазір аудан бойынша жер алып, үй салып алу кезегінде қанша адам тұр?

— Шамамен әрбір ауылдарда екі мыңға жуық адам осындай жер алып үй салу кезегіне Үкіметтің электрондық желісі арқылы тіркеліп отыр. Ойлап қарасам, 18 жылдан бері «инфрақұрылым салып барып, жергілікті тұрғындарға жер беру керек» деген үкіметтік шешімнің салдарынан бір үйде бірнеше келінімен тұрып жатқан отбасылары арыз-шағымдарын жазбаша да, ауызша да жаудырып жатыр. Бүгінгі таңда, бұл мәселені шешудің бірнеше жолдарын қарастырып жатырмыз. Оның ішінде инфрақұрылымын тезірек өткізуге болатын ауыл ішіндегі бос жерлерге орналастыруды көздеп отырмыз. Жаңадан берілетін жерлерге орналастыруды Бас жоспарын жасауды үлкен бір мекемеге тапсырдық. Ол барлық ауылдық округтер ғана емес, шалғайдағы отыздан астам елді-мекендердің де бас жоспарын жасауда. Содан кейін бұл өзекті мәселені кезең-кезеңімен шешетін боламыз.

 

— Кезінде беріліп кеткен жайылымдық жерлердің пайдаланылмай жатқандарын ортақ жайылымға қайтару мәселесі қалай болып жатыр?

— Кеңес Одағы тараған тұста жекешелендіру желігімен көптеген жайылымдық та, суармалы да жерлердің байлар мен қаржысы барларға арзанға өтіп кеткені жасырын емес. Олардың сол берілген жерді пайдаланып, фермерлік шаруашылықтар құрып, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытып отырғандары да баршылық. Алайда, жерді гектарлап алуын алып, игермей, халыққа пайдалануға бергісі келмей отырғандары да бар. Солармен ауылдардағы Қауымдастықтар арқылы ақылдаса отырып, өз еріктерімен қайтарып жатқандары рас. Біз оларға да түсіністікпен қарауымыз керек. Себебі, олардың дені алыстан келген адамдар емес, осы жердің тумасы. Онымен соттасып жатуға ағайындары да бара бермейді. Бірақ, қазір Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылда бейбіт саясатымыздың арқасында елдің әл-ауқаты өсіп, малдары көбейді. Соған орай, өрістің тарылып бара жатқандығы белгілі. Негізі, көптеген шаруашылықтар мал басын өріске шығармай, тек бір қорада ұстап, семіртіп сатып отырғандары да байлыққа кенелуде. Мәселен, «Қарабұлақ» ауылының малшылары еліміздің оңтүстік өңірін сапалы мал етімен қамтып отырғанын айтсақ та жеткілікті.

 

— Қазір аудандағы ауылдардың қалаға қатынайтын қоғамдық көлігін ұйымдастыру жайы қалай шешілуде?

— Бұл мәселе ауылдық округтердің орталығынан гөрі шалғайдағы шағын елді-мекендерге қиындық келтіріп отыр. Соған орай, қазір аудан бойынша алты бағдарға қоғамдық көлік шығарудың жайы шешілетін түрі бар. Олардың негізін Майдантал –Жібек жолы –Бабайқорған –Шорнақ –Түркістан, Жалаңтөс- Қожанов- Үшқайық –Түркістан секілді бағдарларға күнделікті шығатын болады.

 

— Шалғайдағы елді мекендерді Интернет, су, жолмен қамтамасыз ету ең болмағанда қиыршық тас төселген қатынаспен қамтуға болмас па еді?

— Ауылдық округтердегі кездесулерімнің көбінде жергілікті тұрғындар Интернет, су, жолмен қамтамасыз ету жайларына жиі шағымданады. Қазір ауданға қатынайтын Батыс Қытай — Батыс Еуропа халықаралық магистралының бойында да Интернет қатынасы жоғалып кетеді. Бүгінгі таңда барлық ауылдық округтерде Интернет жүйесі бар. Бірақ, желді күндері жоғалып кетеді. Осы мәселені қалпына келтіру үшін тиісті мекеме басшыларымен келісімдер жасаудамыз. Ауданда отыздан астам карьер қазып, қиыршық тас өндіріп жатқан кәсіпорындар бар. Оларға шалғай ауылдарды қиыршық тас төселген жолмен қамту туралы айтып жатырмыз. Бірқатары бұған түсіністікпен қарап, ауылдастарына көмек қолдарын созуда.

 

— Кезінде ауылдың бөлімшесі болып келген елді-мекендерге ауыл дәрежесін бекітіп, өз алдына заңды тұлға ретінде қаржылық, инвестициялық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік әперуге бола ма?

— Бұл мәселені сала мамандарымен және жергілікті тұрғындармен жан-жақты сараптап, ақылдасудамыз. Мәселен, 1993 жылы қандастарымыз көшіп келген «Достық» ауылының дәрежесі күні кешеге дейін шешілмей келген еді. Қазіргі таңда ол елді мекеннің дәрежесі дәйектеліп, ауылға халқымыздың бетке ұстар даналары Мәшһүр –Жүсіп Көпеевтің аты берілсе, мектепке түркі халықтарына танымал ғалым Рахманқұл Бердібайдың есімі берілді. Қазір халқы кәдімгідей оянып, жігерленіп, үлкен істерге ден қоюда. Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық магистралының бойында орналасқан ауылдың тез дамып кете алатындығына сенімім мол.

 

— Ғалымжан Қарабайұлы осы елді мекендерді аралау барысында өзіңізді толғандырған басқа да өзекті жайлар туралы баяндасаңыз.

— Мені бір қынжылтқан нәрсе – ауылдардың барлық өзекті жайлары бойынша бұған дейін маған жазбаша, ауызша берілген арыз-шағымдар, өтініштердің, ауылдарды дамыту жөніндегі өзіміздің жоспарымыз бойынша, терлеп-тепшіп толыққанды баяндап болғанымнан кейін сол сұрақты қайта қоятын адамдарға таң қалдым. Олар өздерін ел алдында белсенді етіп көрсеткісі келе ме, әлде баяндаманы тыңдамай ма, сол жағы маған түсініксіз болып қалды.

Қазір аудан бойынша ауылдарды кешенді дамытудың жүздеген бағыттары жүзеге асырылуда. Бұған бөлім басшылары да, қоғамдық ұйымдар да, жалпы жергілікті халық та асқан белсенділікпен кірісуде. Бәрінен бұрын, Сауран ауданының өз алдына отау құрып, бөлек шығуы жергілікті тұрғындардың жігерін жаныды. Үш ақ жылда атқарылған жұмыстар елдің көз алдында жүзеге асырылуда. Қаншама адам жұмыспен қамтылды. Аудан бойынша мемлекет пен жеке кәсіпкерлік арасындағы әріптестік бойынша бұрын балабақшалар салынып келсе, қазір енді заманауи үлгідегі мектептер салып жатқандары да бар. Кешегі Референдум, Мәжіліс және аудандық мәслихат депутаттарын сайлау кезінде де аудан халқы зор ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетті. Менің бір аңғарғаным, аудан халқы өте бейнетқор. Біз енді оларға қай салаға (субсидия) қайтарымсыз қаржы бөлінетіндігін, қай саланы ең төменгі несиемен қамтуға болатындығын жете түсіндіруіміз керек. Қазіргі таңда ауылдар мен елді-мекендердің бұрынғы Кеңес кезіндегідей колхоз секілді ірі копперацияға біріксе, үлкен инвестицияға, жаңа техноло-гияларға қол жеткізуге болатын-дығын айтып түсіндіруіміз өз дәрежесінде емес ау деп ойлаймын.

— Ғалымжан Қарабайұлы, салиқалы сұқбатыңызға үлкен рахмет!

Ескендір ЕРТАЙ.