ӘКІМДЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУМЕН БАҒАЛАНАДЫ

165

Оранғай ауылдық округінің әкімі Сыздық Пирметовтің баяндауынша, үш жақты келісімдегі тапсырмалардың нәтижесі бойынша биылғы бес айда қыруар істер атқарылды. Негізгі капиталға салынған жеке инвестиция көлемі 2 495,4 млрд теңге болып отыр. Биылғы бес айда БНК Агро Құрама жем өндіру кәсіпорны 137 миллион теңге инвестиция салды. Оған алты жаңа техника сатып алды. Сегіз миллион теңгеге жылыжай салды. Қарқынды бау шаруашылығына 10 миллион теңге жұмсады. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялар 60 млн теңгені құрады. Егістік жердің игерілуі 2670 гектарға жоспарланып, 2680 гектарға жеткізілді. Жері құнарлы өңірде қазіргі таңда екі-үш рет өнім алу жобалары жүзеге асырылуда. Оған бөлінген жер көлемі 101 гектарға барды. Жылыжай шаруашылықтарын дамыту мақсатында бес гектар жерді әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Тамшылатып суғару әдісін енгізу бойынша 20 гектар жер бөлінбек болса, әзірге орындалғаны 3,82 гектар болып отыр. Мұнда таяу болашақта қарқынды бау шаруашылығын дамытуға барынша ден қойылуда. Оны 120 гектарға дейін жеткізу көзделіп, жүзеге асыру мақсаты қолға алынуда. Әзірге кәсіпкер Сұлтанбай Нарметов 3,7 гектар жерді игеруде.

Өткен жылы Қосқорған ауылында жеке кә-сіпкердің бастамасымен 75 орындық бала бақша ашылды. Оранғай ауылынан 150 орын-дық жаңа мектептің құрылысы басталды. Қосқорған ауылына табиғи газ жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленуде.

Сөз арасында ауыл әкімі Сыздық Хамзаұлын сөзге тартып «шілдедегі ауыл әкімінің сайлауына түсесіз бе?» дегенімізде: «Жоқ сегіз жыл әкім болдым. Сайлауға түспеймін. Оның сыртында халықты бұрынғыдай басқару мүмкін болмай қалды. Бәріне әкімді кінәлап шыға келеді. Елмен жұмыс істеу оңай болмай қалды. Шаршадым. Демаламын. Сосын бір жобам бар соған кірісетін шығармын. Болмаса тыныштау жұмыс қарастырармын», — дейді.

Шындығында аса сабырлы, ешкіммен жүз шайыспайтын, елге сыйлы, қарапайым да қажырлы Сыздық Хамзаұлының елге жасаған жақсылығы көп. Әкімнің орынбасары Фархад Байметов болса, «ауыл ақсақалдары Сыздықты орнында қалдыруға үгіттеп жүр. Мүмкін Ердоған секілді үшінші мерзімге тәуекел етер деген ойдамыз. Өйткені, қанша жылдан бері бірге қызметтес болып келе жатырмыз. Қандай дау-дамай болса да, қабағын шытқанын көрген емеспін», — дейді.

Шындығында, Махамбетше айтқанда: «Қабырғасын қақыратып, Біртіндеп тұрып сөксе де, Қабағын шытпас ер керек, Біздің бүйткен бұл іске!» дегендей шілдеде өтетін Оранғайдағы әкім сайлауында кімнің маңдайы жарқырап шығар екен?!

Ескендір ЕРТАЙ.