ЖАСТАРҒА БЕРІЛЕТІН 2,5 ПАЙЫЗ НЕСИЕНІҢ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

182

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 бұйрығына сәйкес, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастарға берілетін жеңілдетілген 2,5 пайыздық шағын несие беру бекітілген. Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.

Несиелеу шарттарына қысқаша тоқталатын болсам, несие сомасы 5 млн теңгеге дейін барады. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5% беріледі. Несие мерзіміне тоқталсақ, мал шаруашылығын дамытуға жеті жылға дейін беріледі. Бизнестің басқа бағыттары бойынша бес жылға дейін беріледі. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған. Несиеге кепілге қойылған мүлікпен қамтылуы міндетті және үміткердің несие тарихы қаралады. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Мүлкіңіз болмаған жағдайда, кепіл беруші ата-аналарын, туыстарын тартуға болады.

Жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және тіркелген мерзімі бес жылдан аспауы тиіс. Сонымен қатар, микрокредит алуға үміткер Аграрлық несие корпорациясына ұсынған құжаттар тізбесіне сәйкес, құжаттарды жинақтап, Түркістан облысы әкімімен құрылған конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобаларына микрокредит беріледі.

Сауран ауданы бойынша Жастарға арналған шағын несиені ұйымдастыру және түсіндіру бойынша арнайы қала әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылған. Жұмысшы топ құрамы тиісті сала мамандарымен қамтылған.

Бүгінгі таңда жұмысшы топ жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, қала және қалаға қарасты екі ауылдық округтер мен әрбір елді мекен жастарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әрбір кездесу барысында арнайы дайындалған үнпарақтары таратылуда. Бұдан бөлек, несие алу шарттары көрсетілген арнайы бейнеролик дайындалып, аудан әкімдігінің ресми сайты мен фейзбук, инстаграм әлеуметтік желілеріне орналастырылып, ватсап желісіндегі әлеуметтік топтарға таратылды.

Қазіргі таңда жеңілдетілген несиені алуға ниетті 70 жас анықталып, құжаттарын дайындауда.

Өтінім беру үшін құжаттарды Түркістан облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыруға немесе онлайн түрде жіберу қарастырылған.

Азамат МҰСЫРМАНҚҰЛОВ,

Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары.