ДІЛМҰРАТ ДИҚАН

124

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты.

«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында:

«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағ-дайы немесе ауа райы емес, иннова-циялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.

Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн»,-деп нақты тапсырма берді.

Міне, бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Ділмұрат Мәмбетов Мемлекет басшысы қозғап отырған мәселені нақты іске асырып отырған жоғары технологиялы диқан. Шорнақтықтар Ділмұратты диқандығынан гөрі темірден түйін түйген ұста, техниканың құлағында ойнайтын өнертапқыш ретінде жақсы біледі. Ол сонау тоқсаныншы жылдары диқаншылықты кәсіп етіп, 222 гектар жайылымдық жерді, 75 гектар суармалы жерді меншігіне алған. Бастапқыда жерді бұрын тәжірибеден өткен қарапайым тәсілмен өңдеп, жылдар өте құнарының төмендеп, минералды тыңайтқыштардың қымбаттаған шағында қатты ойға қалды. Көп ізденді. Соңғы жылдары судың тапшылығына орай, ылғалды аз қажет ететін дақыл түрлерін де өсіріп көрді. Қазіргі кезде 25 гектар жерге «Деколп» тұқымды жүгері екті. Тамаша өңделген аумағында әр гектардан 450-500 тонна өнім күтіп отыр. Биіктігі екі жарым метрге дейін баратын шашақты жүгері алқабы алыстан көз тартады. Оруы басталған алқаптары ойдағыдай, шығымы жақсы. Бұйыртса 20 тонна жүгері қоймаға түспек. 7 гектар мақталық алқабынан 30-35 тонна түсетін түрі бар. Шамамен әр гектардан 5 тоннаға дейін ақ мақта жиналмақ. Биыл қауын-қарбызы да мол өнім берді. 25х100 метр су бассейнін қазып, артезианнан су тартып, жыланбалық, карась, сазан балықтарын өсіруде. Оны жергілікті дәмханалар мен той өткізушілер келіп, тоғанның басынан алып кетуде.

Ділмұраттың басқа диқандардан айырмашылығы әлеуметтік желінің тұрақты пайдаланушысы ретінде егістен мол өнім өндірудің жолдарын зерделеп қана қоймай, іс-тәжірибе жүзінде жүзеге асырып та жүр. Калифорниялық шылаушынды өсіруді меңгерді. Оған қажетті азықтарын өзі даярлайды. «М.Бактерия» дәрумені мен кампосты қосып, турап, ұнтақтайтын техниканы қолдан құрастырды. Іс жүзінде қолданыста болған кезде кейбір тұстарын жаңа жабдықтармен түгендеді. Қазіргі кезде Ділмұраттың калифорниялық шылаушындары мен биогомусына алыс-жақын маңнан сұраныс жоғары. Осыған орай, Ділмұрат Мәмбетовпен жаңа технологиялы диқаншылықты қалай меңгергенін және қалай табысқа жетудің қыр-сырын сұрап білген едік.

Ділмұрат ағамыз 1972 жылы қазіргі Сауран ауданында дүниеге келген. Егін мен бақша шаруашылығын дамытып, соны өндіретін техникаларды да өзі ойлап тапты. Өнімді көп алу себебі осы калифорниялық шылаушынның пайдасы. Шылаушын үй жағдайында емес, егістік алқабында кампос беріп, бактерия жіберіп, шылаушын жерді табиғи жолмен тыңайтады. Әрі тыңайтып қоймай, өсіп тұрған өсімдікке күш қуат береді. Кампосты кейбір диханшылар біле бермейді. Кампос дегеніміз қи мен сабан арластырылған шөптер қосып 70 градус ыстыққа жеткізіп араластырғандағы шылаушынның тағамы. Алқаптағы арықтарға шашып бактерия, қосып табиғи жолмен қоректендіреді. Кампос техникасын істеу үшін баяғы ресейлік темірлерді және ең керекті екі редуктор керек. Бұл техниканы жасау үшін бір жыл уақытын арнаған. Жетілген шылаушындарды алу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен ерте көктемде қарбыз егетін, қызанақ егетін егіншілер, диханшылар, гүл өсіретін адамдар көптеп алады екен.