ТАҢ ҚАЛДЫРАР ТАБИҒИ ДӘРУМЕНДЕР ЖӘНЕ «МАЯҚҰМ» ШҰБАТЫ  ШАБЫТТАНДЫРАДЫ

177

Сауран ауданының орталығы Шорнақтағы қос мұнара маңында агрофестиваль өткізілді. Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашты.

— Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған агрофорумның мақсаты – бұрынғы «Алтын күз — 2023», «Ақ мақта — 2023» секілді ауыл шаруашылығы үздіктерін марапаттау емес. Биылғы бұл агрофестиваліміз Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған тапсырмаларды нақты жүзеге асыру. Мәселен, Президент Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн», — деген болатын.

Соған орай, саурандық диқандарды жылдан-жылға су тапшылығының орын алуына байланысты барынша суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне көшіру, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, ол үшін ірі кооперативтерге, агрокомпанияларға бірігу мәселесіне үгіттеп жатырмыз. Бүгінгі агрофестивальдің мақсаты — диқандар жәрмеңкеге қатысып, қандай өнімдерге тұрғындардың қызығушылығы бар екенін көздерімен көрсін дедік. Сонымен қатар өзара іс-тәжірибе алмасуына да жақсы жағдай жасаймыз, — дейді Серік Садибаев.

Биыл Сауран ауданында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған агрофорумға ауданның барлық ауылдарынан келген диқандар бау-бақша өнімдерін жәрмеңкеге шығарды. Сонымен қатар Кентау қаласы мен Отырар ауданынан келген  диқандар да бар. Жергілікті тұрғындар Қос мұнара қасында әрбір сенбі, жексенбі күндері жәрмеңке өткізіліп тұрса, диқандар өздерінен артылған ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағаға осында әкеліп өткізер еді деген пікірде.

«МАЯҚҰМ» ШҰБАТЫ  ШАБЫТТАНДЫРАДЫ

Шәуілдірден келген «Үсенов» шаруа қожалығының өкілі Сайлау Берістем фирмалық ыдыстағы «Маяқұм» шұбатын саудалап отыр. Бағасы қолжетімді. Литрі 800 теңге тұрады.  Қымыран даярлайтын цехта он екі адам жұмыс істейді екен. Шаруа қожалығында 700  бас түйе бар. Олардың өнімдерін көбіне Алматы, Астана, Шымкент қалаларының супермаркеттеріне өткізеді екен. Жақын маңдағы ағайындар той томалақтарға жүздеген литрін алдына ала тапсырыспен көтерме саудамен бағасын түсіріп алады. Егер де жақын маңда «Golden Саmеl» зауыты қайта ашылса, Қытайға құрғақ шұбат өткізуге әзір. Айта кетерлігі ауыл шаруашылығы министрлігінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау мәселелері бойынша жасалған келісімдер туралы айтылды. Осы келісім ая-сында зауыт қайта ашылатын бола-ды. Бұл жобаның қайта басталатын-дығын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация да растады. Түркістанда инвестициялық жоба — түйе сүтін өңдейтін зауыттың жобалық қуаттылығы күніне 100 тоннаға дейін жетеді.

Бұл жоба түйе және жылқы шаруашылығын дамыту үшін өте маңызды. Нысандар аясында түйе сүтін қайта өңдеу, құрғату және Қытай нарығына шығару жоспарлануда. Онда сүт кептіру цехын құру жоспарлануда, ол кейіннен зауытқа құрғақ түрде жеткізіліп, буып-түйіліп, базарға жеткізіледі. Өнім ұнтақ түрінде Қытай нарығына шығарылады.

«Іргеміздегі Түркістанда өндірістің барлық технологиялық құрылымы салынған. Жергілікті брендтер жасалды. Саумал брендін Ресей нарығында алға жылжытамыз делік. Қытай нарығында бұл өнімдердің бағасы жоғары. Бұл біздің өңірдегі фермерлер үшін қосымша табыс көзі болады деп ойлаймын», — дейді Сайлау Берістем.

Атап өтілгендей, Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында мал шаруашылығы, сүт өнімдері мен жүн өндірісі туралы хаттамаларға қол қойылды. Қол қойылған хаттамалар қазақстандық өнімді Қытай нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Осы орайда, Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырманы еске түсірелік.

«Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет», — деген болатын.

Бұл жоба тұрақты жүзеге аса бастаған шақта Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы түйе сүтінің барлық өндірушілерін біріктіреді. Сондай-ақ, Маңғыстау облысындағы түйе өсірушілерінің де мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Ендеше, Түркістан өңіріндегі түйе және жылқы шаруашылықтарының айы оңынан туғалы тұр. Бәрінен бұрын, шұбаттың отыздан астам сырқат түрлеріне ем екендігін екінің бірі біле бермейді. Осындайда қазақ «Қолда барда алтынның қадірі жоқ»,- дейді.

 

БАЛДЫ ДА ҚОЛДАН ЖАСАУШЫЛАР БАР

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне келгендерді қызықтырған өнімдер қатарында күзгі ауру сырқаудың қозатын мезгілінде емге жарайтын бал, түйенің шұбаты және тұрып алдымен өтуде.

Кентаулық Жұмағали Тәшкенбаев екі түрлі сапалы бал өнімдерін әкеліпті. Ол жаз бойы Қызылорданың Түгіскен, Өзгент елді мекендерінің маңындағы далалық жерлерге бал араларының ұяшықтарын орнатып, одан екі тоннаға дейін өнім өндіреді екен. Жантақ пен мамыр айындағы гүлдерден алынған балдарының сапалы құрамын жұртшылық жоғары бағалайды екен. Таза бал мен қолдан жасалған балды қалай ажыратуға болатындығын сұрап білдік.

— Көп тұрғындар сапалы бал арасының өнімі мен қолдан жасалған балды ажырата бермейді. Себебі, құмшекердің үстіне алма қышқылын қосып әбден қайнатып, үстіне аздаған таза бал қосып базарға шығаратындар да бар көрінеді. Таза бал қыстың күндері ыдыстың түбіне шөгіп, әбден қатайып, үсті ағарып тұрады екен. Ал, қолдан жасалған бал қатпайды. Оның сыртында сапалы бал ыдысқа құйған кезде созылып, әрі жұпар иісі аңқып тұрады,-дейді Жұмағали Тәшкенбаев.

 

СҰРАП БЕРГЕНШЕ,

ТҰРЫП БЕР

Жәрмеңкеге келушілер өздерінің бау-бақшасында бар күнделікті жеп отырған қарбыз, картоп, сәбіз өнімдерінен басқа тұрып алуға кезекке тұрыпты. Тұрып халық емінде жиі қолданылады. Күзде балаларды суықтап тамағы қарлығып қалғанда, тұмау меңдегенде, жөтелгенде балды тұрып (редька) қосып жеуге әбден болады. Бұл көкөніс қала тұрғындары үшін таңсық болуы мүмкін. Тіпті, бұндай көкөніс барын білмейтіндер де баршылық.

Ауылда мұны күнделікті ас орнына қолдана береді. Ал, мұның пайдасы мен емдік қасиеттеріне келер болсақ, тұрыптың адам ағзасы үшін пайдасы көл-көсір деуге де болады. Дәрігерлердің айтуынша,  тұрыптың құрамында 2% ақуыз, 8,4% көмірсулар және С, В1, В2  дәрумендері болады. Тұрып көбіне асқазан, ішек ауруларына, суық тигенде, ревматизм, радикулит, қан аздықта (анемия), ағзадағы зат алмасу бұзылған кезде қолданылады. Күнделікті ас орнына пайдаланып жүрген адамдарға күні бойына жететін күш-қуат беріп, және асқорыту мүшелерінің жұмысын жақсартып, ағзадағы зат алмасу процесін жақсартады. Тұрыптың шырынын бронхитте, жөтел кезінде және бүйрек ауруларында 1 ас қасықтан күніне 3 рет ішіп тұруы керек. Жөтелден жылдам арылу үшін қара тұрыптың ішін ойып, ойылған жерге бал салып, 1 күн қойып қою керек. 1 күннен соң қара тұрыптан шыққан шырын балмен араласып тұрған болады.

Соны ішсеңіз жөтеліңізден тез арада айығасыз. Сондықтан алушылар «сұрап бергенше, тұрып бер» десіп жәрмеңкеден мәз-мәйрам болып тарқасуда. Сахна төрінде әжелер ансамблі, жергілікті әнші-бишілері көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.

Иә, кезінде әлемнің саяхатшыларын таң қалдырған көне Сауранның қайта бой түзеген тербелмелі қос мұнарасы маңындағы басталған жәрмеңкенің ғұмыры ұзақ болғай.

Ескендір ЕРТАЙ.